Бизнес • 24 Шілде, 2017

Қант қызылшасы. Дәнектен қантқа дейін

903 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласы бойынша басымдық беріп отырған бағытының бірі – қант қызылшасын өсіру һәм қант өндіру. Өнімді өсіру бар да, игеру бар. Жылдан-жылға егістік көлемі ұлғайып келе жатқан шаруашылықтың шикізатын өңдеу де оңайға түспейді. Соңғы жылдары облыстың қызылшасын жалғыз өңдеп келген «Көксу» қант зауытының ендігі жерде үлгермейтіні белгілі болған. Осы себепті, облыс басшылығы осыдан біраз жыл бұрын жабылып қалған әйгілі «Ақсу» қант зауытын қайта іске қосуды қолға алған.

Қант қызылшасы. Дәнектен қантқа дейін

Он жылдық үзілістен соң

Әдетте, әлдебір өндіріс орны жабылса, бар мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, талан-таражға түсіп жататын. Оның жарқын үлгісін әлгі бір өтпелі кезеңде көрсеткен шығармыз. Біреулер жүген ұстап қалды, енді біреулер... Түсінікті жағдай. Ал біз бас сұққан бір кездері республика бойынша аты шыққан «Ақсу» қант зауыты он жылдан аса уақыт бар ісі тоқталса да, қойны-қонышын суық қол аралай қоймапты. Елбасының Алматы облысына сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, қайтадан қалпына келтіру жұмысы қолға алынғанда, көз жеткізген бір қуанышты жағдай осы болғаны анық. Қанша уақыт өтсе де құнын жоймаған өндірістік орталықта бүгіндері күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

Жоспар бойынша қыркүйек айында баяғы бір берекелі шағымен қайта табысуға тиіс зауытты монтаждау жұмысы бекітілген кесте бойынша жүріп келеді. Мұндай­да аздаған кедергінің, сәл ғана бөге­л­істің өзі жұмыс қарқынын бәсең­­сітіп, ырғақты бұзатыны бола­­ды. Жаңаруға бағыт алған ны­сан­­да жүргізіліп жатқан істің әр ауысымы өзіне тиісті міндетті ат­қар­май, қайтпайды. Әзірге, бұл тара­пта ешқандай тоқталу бола қоймаған сыңайлы. Бұл алдымен, жоғарыда айтылған бүтін сақталудың нәтижесі. Әу баста, зауыт жұмысының тоқтауымен – өңірдің негізгі күнкөрісіне айналып үлгерген қант қызылшасы шаруашылығының күні батқандай, егістік алқап пен зауыт арасында қайнап жататын тіршілік келмес­ке кеткендей көрінген. Ал бүгінгі қарқынын бақсаңыз, арада өткен он жылдық «тыныштықты» құрдымға кету емес, аз уақыттық үзіліс деп қана қабылдау керек сияқты. 

Мұның сырын алдымен жер еміп жүріп жетілген ағайынның қызылшадан қол үзбеуімен байланыстыру керек шығар. Тесік моншақтың жерде қалмайтыны секілді, табан ақы, маңдай теріңмен өсірген қызылшаң далада қала қоймасы анық. «Ақсу» жабылса, «Көксу» бар дегендей... Рас, оңай болмаған. Жер шалғай, жол алыс. Егіншілік те – өндірістің бір түрі. Ал өндірістің басты талабы – барынша мол пайда табу. Аз жерден көп өнім алмақ – өзіңнің бағбандық білігің мен еңбегіңе байланысты болса, оны пұлға айналдыру, қалай айтсаңыз да, сыртқы күштердің, тұтынушылардың талабына байланысты. Әрине, нарық бекіткен баға бар, соған орай табар пайдаң анықталады. Десе де, сол пайдаға жеткенге дейінгі шығынның өлшемі де үлкен рөл атқарады. Мәселен, Сарқан ауданынан Көксу қант зауыты орналасқан Балпық би кентіне дейінгі қашықтық – 270 шақырым. Бір барып келе қоярдай емес, өнімнің өлшеміне орай осы аралықты бірнеше рет жүріп өтуге тура келеді. Әр жолғы қатынасқа кететін тасымалдау шығынынан бөлек, осынша жер жүргенде қызылша бұзылмаса да, нәрі азайып, салмағы кемитіні түсінікті. Ал, шаруа қожалықтары үшін – қызылшаның әр килосы – ақша. Соншама жерді жүріп жеткенде, зауыт алдындағы қаптаған кезекті тағы есептеңіз. Ең жақын деген аймақтағы жалғыз өндіріс орны, елдің бәрі сонда ағылады, кезек көбеймей қайтеді. Ұзақ жол бір кептірген өнімін, кезек күтіп жатып екі кептіріп, көңілі ортайыңқырап қайтатын диқандар үшін «Ақсудың» ашылуы – барлық жағынан пайдалы. Әдеттегідей екі ай емес, өнімнің көптігінен төрт ай бойы тынымсыз жұмыс істеген «Көксу» зауытының рекордтық көрсеткіштегі қант өндіргені былтыр ғана. Десе де, бұл рекордтың оңай күшке түспегенін де айтпауға болмайды. Қазір «Ақсуға» бара қалсаңыз, «Көксудан» қалай да озамыз дегенге ұқсас бір мақтаныштың лебі еседі. Бас инженердің сөзінен аңдағанымыз, «Ақсудың» әлеуеті «Көксудан» артықтау. Бұл екі өндірістік орталықтың арасына ши жүгірткеніміз емес, осындай екі алпауыт өндірістің арасындағы өзара бәсекелестік – өнімнің сапасын арттырады. 

Тырнақ ұшындай ғана дәнек қантқа айналғанша біраз сатыдан өтіп, біраз жолды артқа тастайды. Сол жолда кездесер кедергі неғұрлым аз болса, соғұрлым пайда да мол. Ал пайданы молынан түсірген өнімнен аяулы не бар. Қос зауыт жарыса іске кіріссе, қант қызылшасының бағасы аса түсері анық.  

Жұмыс орны жабылып қалған зауыт жұмысшылары осы бір уақыт аралығында қол қусырып қарап отырмағаны анық. Дені сау, есі түзік кісінің екі қолына бір күрек қайдан да болса табылады. Бірі – Алматы асып, өзге бір салалардан нәпақа ажыратуға ауысса, бірі жақын маңнан ыңғайлы тіршілік көздерін қарастыруға мәжбүр болған. Солардың көбі-ақ зауытпен өткен берекелі күндерін сағынып, ескі жолдасымен кездесе қалған жерде жиі сөз қылып жүріпті. Бұл – ділмарсып тапқан құрғақ болжамымыз емес, қарапайым жұмысшылармен азды-кем сұхбат құрғанда аңдағанымыз. Зауыт жұмысы тиімді болмаса, байырғы жұмысшылар алғашқы шақыртумен-ақ дүрк көтеріліп көшіп келмес еді ғой...

Қайта оралу...

 Облыстық әкімдік пен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жан-жақты қолдауымен әзелгі қалпын тауып жатқан «Ақсуда» бүгінгі күні 100-ден астам адам жүр. Әркімнің өз міндеті бар. Алғашқы міндет, әрине, қалыпқа келтіру, жөндеу, өңдеу жұмыстары. Ескіріп, іске жарамсыз болып қалған бөлшектер болса ауыстырылады, оның сыртында қаншама құрылғы заманауи техникамен алмастырылады. 82 гектар жерді алып жатқан «Ақсу» алдағы уақытта тек техникалық жағынан ғана емес, сыртқы көрінісімен де адам танымастай өзгереді дейді мамандар. Бұл жерде негізгі жұмысты атқарып жатқан «Энергомост» консорциумы. Биылғы жылдың наурыз айында облыс әкімдігімен арада қол қойылған меморандумға сәйкес, 8 млрд теңге бөлінген «Ақсу» қант зау­ытын қайта іске қосу жобасының басты артықшылығы көптеген мамандардың жергілікті тұрғындар арасынан табылуы. «Ақсу» – жансүгіровтіктер үшін жай ғана жұмыс орны деген ұғымнан жоғары тұратыны байқалады. Тіпті, бүкіл өмірін осы өндіріске арнаған, бар ғұмыры осы орталықпен байланыста өткен мамандарды көптеп кездестіруге болады. Соның бәрі айтар бір ортақ сөз бар: «Біз бұл сәтті он жыл бойы күттік!». Зауыт талайлар үшін туған үй ұғымымен астасып кеткендей. Себебі, бір кездері егіс алқабы 25 мың гектарға (облыс бойынша) дейін жеткен қант қызылшасы шаруашылығы тұрғындардың туғаннан көзі көрген тіршілігі. Сол үшін ыстық, сол үшін етене. «Оқушы кезімізде қызылша себілген алқапқа барып, жұмыс істейтінбіз» деген сөзді осы аймақта туған кім-кімнің де аузынан естуге болады. Жұмыс басынан осыған дейін жол құрылысында істеп келген бірнеше азаматты жолықтырдық. Жол құрылысы – көшпелі типтегі жұмыс, отбасы ауылда, өзі сыртта, табысы болғанмен, міндетті жұмыстан өзге де машақаты аз емес. Зауыт ашылмақ болып, қайта қалыпқа келтіру жұмысына шақырғанда бір сәт те ойланып тұрмай, тартып отырыпты. Отбасы – ошақ қасы, ойланып жатудың реті жоқ. Оның үстіне, жергілікті халық қант қызылшасын – Жетісудың төл дақылы деп бағалайды. Егіншілікті кенжелеп игерсе де, КСРО кезінен бастау алған қызылша шаруашылығы бұл жақтың қазақтары үшін ата кәсіп деңгейінде әспеттеледі. 

Қант зауытына қайта оралу – ата кәсіпті жаңғырту ғана емес, өткен мен бүгіннің арасын жақындату. Сұхбат құруға шақырсаң қашқалақтап, қарадай қысылып тұрғандай көрінетін, көп сөзге жоқ жұмысшыларды сөйлету де оңай емес. Асса, екі-үш ауыз сөзбен қуанышты екенін айтады. Бар ғұмыры осы зауытта өткен бас инженер Владимир Юшковтың «Жастық шағымыз осында өтті, осы жерде көгеріп, көктедік. Әрі-бері өткен сайын, жабық тұрған зауытқа қарайсың. Көкірегіңде талай қызықтар, есте­ліктер оянатын. Ішің аши­тын. Бүгін, міне, сол естеліктермен қауыш­қандай, жастық шағың қайта орал­ғандай күй кешесің. «Ақсу» – бір кездегі біздің өміріміз ғой», деп толқи тұрып айтқан сөзін зауыт қызметкерлерінің қай-қайсысына телісең де жараса кетердей. 

Әйтсе де, ескіні жөндеп, көнекөздерді шақыртумен бар керегің түгенделе кетпейді, ол анық. Зауыт жұмысы ойдағыдай жүру үшін қазіргіден бөлек, жүздеген арнайы маман қажет. Бұл да өз орайымен шешіліп жатқан шаруа. Жергілікті колледж студенттері мен түлектерін жұмысқа тарту ісі қолға алынған. Қаншама жасқа жұмыс табылатыны өз алдына, іске қосылмақ зауыт алдағы уақытта колледж студенттерінің тәжірибе алаңына айналады. Бұл өз кезегінде, білікті маман даярлауға атсалысып қана қоймай, өндіріс орталығының көкжиегін кеңітетіні сөзсіз. 

«АқсуҚант» ЖШС-нің атқарушы директоры Нұрлан Иманғазиевтің айтуынша, күрделі жөндеуден өткен ғимаратты жаңа, заманауи техникамен қамтамасыз ету де жоспарға сәйкес орындалады. Бірінші қыркүйектен бас­тап өнім қабылдауды жоспарлап отырған зауыт техникалық жағынан толықтай жаңарады. Негізінен мәскеулік «Интерпром» фирмасы жасап шығарған заманауи техникалар орнатылмақ екен. Бір кездері бүкіл Одақты техникамен қамтамасыз еткен, бүгінгі әлеуеті де аса жоғары компания зауытты тек техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, көп ретте кеңес беріп, әріптестік деңгейде жұмыс істейтін болады. 

Биылғы жылы сыртқы қап­тама­сында «Ақсу қант зауытында жа­салған» деген жазуымен алғаш­қы өнімін шығаруды көздеп отыр­ған өндірістік орталық өкілдері күніне 3 мың тоннаға дейін шикізат өндіруге қауқарымыз жетеді дейді. Әуп деп іске кіріскен биылғы жылдың жос­парында 80-100 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеу межесі тұр.

...Құстың саңғырығынан тазартудан басталған жұмыс қазір өз ырғағын тапқан. Астық сақтауға арналған қамба да, өңдейтін өзге құрылғылар да рет-ретімен жөн­деліп келеді. Соңғы жылдары (біз көргенде де ұшып-қонып жүр­ген) қарғаның мекеніне айналған ғимаратта ендігіде басқа тіршілік қайнайды...  

Егіс басында

Жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан қызылша алқабы – облыс әкімі Амандық Баталовтың уақыт құрғатпай жиі келіп, аралап, қадағалап тұратын шаруашылық алаңы. Әр кездесуінде «қандай қиындық болса да айтыңыздар, көмектесеміз», деп жиі айтатын әкім 2021 жылға дейін қант өндірісін 30-35 мың тоннаға жеткізіп, 2 миллионнан асатын тұрғыны бар облыс жұртшылығын қантпен толықтай қамтамасыз етеміз дейді. Бұдан арғы меже – республиканы қамту. Осы қарқын кемімесе 2026-2027 жылға қарай бұл жоспар да іске асады дейді мамандар. Қарқын демекші, 2015 жылы 4 мың гектарға қант қызылшасы себілсе, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 6,2-ге өскен. Ал биыл 9 мың гектар жер қант қызылшасы алқабына айналған.
Субсидия бөлуде де бұрынғыдан өзгешелік бар. Бұрын әр гектарға бөлінсе, ендігіде әр тоннаға беріледі. Себебі, жердің көлемі мен өнімнің салмағы сәйкес келмей қалып жататын жайттар жиі ұшыраса­ды. Енгізілген өзгеріске сәйкес көктемде емес, күзде, жұмысыңның нәтижесіне қарай ақша аласың. Нағыз «балапанды күзде санайды» қағидасы. Шаруаларға қант қызылшасының әр тоннасы үшін 17 мың теңгеден төленбек. Оның 8 мың теңгесін зауыт төлесе, 9 мың теңгесін субсидия түрінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өтейді. Сонымен қатар, минералды тыңайтқышқа кеткен шығынның 50 пайызы, гербицидке жұмсалған ақшаның 40 па­йызы, тұқым сатып алуға кеткен қаржының 70 пайызы, су жеткізуге байланысты шығынның 50 пайызы субсидияланады. 

Біз егіс басындағы жағдаймен танысу үшін «Квитко» шаруа қожалығына тоқтадық. Қожайын Александр Квитко биыл 65 гек­тарға тұқым сепкен. Әзірге бәрі ойдағыдай. Қызылшаның бойы талапқа сай жетіліп келеді. Субсидия тарапынан уайымы жоқ, себебі, былтырғы жылы әкімдік өз сөзінде тұрған, яғни уәде етілген сома бөлінген. Биылғы жылдың ерекшелігі – екі түрлі тұқым сеуіпті. Былтыр француз тұқымы ғана себілсе, биыл неміс қызылшасын қоса еккен. Аталған екі тұқым да бүгінгі таңдағы ең мол өнім беретін әлемдік сұрып. Шаруаның айтуынша, қазір баяғыдай қолмен істейтін жұмыс азайған. Бәрін техника атқарады. Оның сыртында арамшөптермен күресетін арнайы гербицидтер бар. Күнінің көп бөлігі егіс алқабында өтетін қара­пайым шаруалар үшін ғылым­дағы жаңалықты дер кезінде біліп тұру да маңызды. Бұл тарапта жергілікті әкімдік ұйымдастыратын ғылыми конференциялар мен семинарлардың орны ерекше дейді шаруашылық басшысы. Жаңа, пайдалы сұрыпты егу, күтіп-баптаудың, арамшөптермен күресудің заманауи тактикаларынан сондай жиындар арқылы хабардар болуға болады.

Келесі ат басын тіреген «Дәулет-Б» шаруа қожалығының бас­шысы Дәулет Баяділовте техника жеткілікті. Бірақ, жерінің көлемі аз. 12 гектарға қызылша егіпті. «Былтырғы өнім өте жақсы болды», дейді. Әр гектардан 600-650 центнерден өнім алған. Ендігі мақсаты – жер көлемін ұлғайту. Бірақ, бос жатқан жер жоқ, бәрі арендаға беріліп қойған. Соның бір шешімі табылса дейді. «Қанша гектар болса да игеруге шамам жетеді, 17 тракторым бар. Тек егістік жер аз», деп қалды сөз арасында.

...Әр гектардан орта есеппен 650-700 центнер өнім алу үлкен жетістік дейді мамандар. Мәлі­меттерге сүйенсек, Ресейде бұл көрсеткіш – 250-300, Украинада 400-450 центнерді төңіректеп жүр. Демек, қайта жандана бастағанына үш-ақ жыл болғанына қарамастан, жеткен жетістікті салмақтасақ, «қант қызылшасының отаны боламыз» деген мақсат та қыр астында ғана тұрғандай.

Алмас Нүсіп,

"Егемен Қазақстан"

Алматы облысы