Үкімет • 24 Шілде, 2017

Технологиялық жаңғыртудың соны үдерістері

304 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды

Технологиялық жаңғыртудың соны үдерістері

Үкімет басшысы өнеркәсіпті өңірде Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысты. Ірі кәсіпорындарды аралап, жаңғырту үдерістерінің жай-жапсарын білді.

Үкімет басшысы осы сапарда ин­дус­триялық-инновациялық да­мы­ту­дың 2015-2019 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын ара­лап, кәсіпорынды жобалық қуатты­лы­ғына шығару бойынша жұмыс кестесімен танысты. «Kaz Minerals PLC» басқарма төрағасы Олег Нова­чуктің айтуынша,  2017 жылы жоба­лық қуаттылығына шыққаннан кейін Бозшакөл тау-кен байыту ком­бинаты жыл сайын катодты экви­валентте 100 мың тонна мыс өндіре бастамақ.

– Осы жобаны іске асыру ая­сында 1500 жұмыс орны құрыл­ды. Жоспарланған жұмыс орын­дары­ның көлемі болған жағдайда өнім­ділік Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған мыс өндіретін кәсіпорын­дар­ға қарағанда 15 есе жоғары,– дейді Олег Новачук. 

Төртқұдық ауылының іргесінде орналасқан Бозшакөл мыс кен орны – әлемдегі игерілмеген ірі кен орындарының бірі. Бозшакөлдегі  бағалы ілеспе өнім – 5,26 млн унция алтын (өндіріс көлемі – жылына 120 мың унция) және 57 мың тонна молибденді құрайды. Республикалық ауқымда маңызы бар жобаны кеңейту Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» Жолдауында ай­тыл­ған технологиялық жаңғырту, жаңа технологиялар трансфері жә­не бәсекеге ­ өсуі арқы­лы еңбек өнімділігін арттыру мін­дет­теріне сай келеді. 
Премьер-Министр машина жа­сау зауыттарын технологиялық жаңғырту барысымен танысу үшін темір жол білігі мен дөңгелек шы­ға­ратын «R.W.S. Wheelset» ЖШС мен темір жол дөңге­лек­терін шығарумен айналысатын «Проммаш­ком­плект» ЖШС-на барды. 

Жұмыс сапары аясында Пре­мьер-Министр еліміздегі мұнай өнім­дерін өнді­ретін ірі кәсіпорын­дардың бірі «Пав­лодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-да болды. Қазір бұл зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Павлодар мұ­най-химия зауыты» ЖШС бас ди­рек­­торы Шухрат Данбай жаңғыр­туды аяқтағаннан кейін жоғары ок­танды бензин өн­ді­рісі 297 мың тоннаға ұлғаятынын, сон­дай-ақ халық­аралық Jet A1 стандартты авиа­о­­тын өндірісі қамтамасыз еті­летінін айтты. 

Сапар барысында Бақытжан Сағын­таев Павлодарда өңірдің бизнес қауым­дас­тығын толғандырған өзекті мәселе­лерді талқылады. «Атамекен» ҰКП Пав­ло­дардағы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесуде әңгіме тексерістер мен талаптардың санын азайту және рұқсат пен анықтамалар беру үдерістерін оңтайландыру жөнінде өрбіді.

Осы жиында айтылғандай, өнеркәсіптік өңір үшін өзекті мәсе­лелердің бірі – кәсіп­орындардың технологиялық жаңғыруы болып табылады. Жаңғырту 3.0 аясында өндіріс үдерістерін цифрландыру мен ав­томаттандыру еңбек ресурстарын өнеркә­сіптік сектордан босатуға әкеледі.

Осыған орай, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында бизнес қауымдастық пен жергілікті атқарушы ор­гандар жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыстан босатылған мамандарды қайта оқы­ту әрі қайта даярлау шараларын қолға алуы керек. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бұл бағытта атқарылып жат­қан жұмыстардың барысын сөз етті. 

Облыс кәсіпкерлерінің ұсы­ныс­тары мен сұрақтарына Ұлт­тық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қа­сымбек, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова түсініктеме беріп өтті.

Кездесуде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, кәсіпкерлер палатасының өңір­дегі өкілдері «БОНА» ЖШС директоры Нұрлан Ережепов, Павлодар инно­ва­ция­лық университетінің қаржы және даму жөніндегі вице-президенті Лариса Фре­зоргер, «Победа» ЖШС директоры Алек­сандр Поляков, «ТПБ Агромир» ЖШС директоры Наталья Поплавец, «Қазэнер­гокабель» АҚ бас директоры Олег Крук, «Талапкер» ШҚ басшысы Аман­гелді Бей­сембинов және басқалары өз пікірлерін ортаға салды.

Үкімет басшысы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын аралады және іске асырылып жатқан жобалармен танысты. Арнайы экономикалық ай­мақ­та химия және мұнай-химия салалар­ындағы өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріл­ген. Осындағы «УПНК-ПВ» ЖШС «Қазақ­стан электролиз зауыты» АҚ үшін мұ­най коксын қыздырумен айналысады. Заманауи инновациялық техноло­гия­лармен жаб­дық­талған кәсіпорынның өнімдерін отан­дық нарықпен қатар өнімді Ресей Феде­рациясына және Қытайға экспортқа шы­ғару пысықталуда.

Бақытжан Сағынтаев Пав­ло­дар қаласында облыстың өнер­кәсіптік және энергетикалық кәсіп­орындарының басшыларымен кеңес өткізді. Кеңес барысында Ел­басының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясындағы технологиялық жаңғырту мәселелері ортаға салынды. Өңір басшысы Болат Бақауов Жолдаудың іске асырылуы туралы, өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, сервистік экономиканы дамыту шаралары туралы баяндады. Кеңесте кәсіпорындарды жаңғырту жоспарлары туралы «Еуразия тобы» ЖШС басқарма төрағасы Алдияр Қазтаевтың, «Kaz Minerals PLC»  басқарма төрағасы Олег Новачуктің, «KSP Steel» ЖШС бас директоры Эдуард Креймердің, «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Серік Раиповтың баяндамалары тыңдалды. 

Үкімет басшысы өңірдің өнер­кә­сіптік кәсіпорындары басшы­ларының назарын әлемдік нарық­тарда өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен өнеркәсіптік үдерістерді цифрландыру мен роботтандыру міндеттерін шешу мәселесіне аударды. Аталған мәселелер Қарағанды облысындағы көшпелі кеңес кезінде толығырақ талқыланатын болады. 

Бұдан өзге, Үкімет басшысы 2 жарым мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Қа­зақ­стан электролиз зауыты» АҚ-на да ат басын тіреді. Зауыт ди­рек­торы Роман Романов кәсіпорын­ның толық жобалық қуатты­лыққа өткенін мәлімдеді. 2,5 мың­нан астам адам жұмыс істейтін электролиз зауытында жыл сайын 250 мың тоннаға дейін алю­миний өндіріледі, өнім Бе­ларусь, Украина, Өзбекстан, Түр­кия, Әзер­байжан, Нидерланд, Бол­гария, Черногория, Польша және Нор­вегия елдеріне экспортталады.  

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Павлодар облысында 2020 жылға дейін 1 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді, оның ішінде 4 909 несиелік тұрғын үй пәтері және 868 арендалық тұрғын үй пәтерін пайдалануға беру жоспарланған. 

Үкімет басшысы «Сарыарқа», «Дос­тық» шағын аудандары құрылысының бас жоспарымен танысты. 100 га-дан ас­там аумаққа созылып жатқан ауданда 400 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй, 4 бала­бақша, мектеп, емхана, әлеуметтік және мә­дени-спорттық мақсаттағы басқа да нысандар пайдалануға беріл­мек. Облыс орталығында және өңір­дің ірі өнеркәсіп орта­лықтары – Екібастұз және Ақсу қала­ларында жеке тұрғын үй құрылысын дамыту шаралары қолданылуда. Облыста 2020 жылға дейін барлығы шамамен 437 мың шаршы метр жеке тұрғын үй салу жоспарланған.

Премьер-Министр Бақыт­жан Сағын­таев облыс орталығының инфра­құ­ры­лым ны­сандарын дамытумен таныс­ты және Ертіс өзенінің үстімен өтетін көпірге барды. Орталық Азиядағы ең ірі көпір құры­лысы Елбасының тапсырма­сымен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясын­да салынғанын атап өткен жөн. Кө­пір «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің ма­ңызды бөлігі болып табылады. Жалпы ұзындығы 12,3 шақырымға тең көпірден тәулігіне 10 мың автомобильге дейін өте алады. Өткел транзиттік автомобильдер үшін шамамен 40 шақырым қашықтықты қысқартуға мүмкіндік береді.

Арнұр Асқар,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы