Қазақстан • 24 Шілде, 2017

Сот жүйесі келелі міндеттер межеледі

230 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен республика судьяларының кеңейтілген отырысы өтті. Онда сот жүйесінің биылғы жылдың жартыжылдығындағы сот төрелігін атқару нәтижесі айтылып және алда тұрған басты міндеттер мен басым бағыттар белгіленді.

Сот жүйесі келелі міндеттер межеледі

Негізгі мәселе ретінде Елбасының халыққа арнаған Жолдауы мен Ұлт жоспарын жүзеге асыру ісіндегі сот органдарының қызметіне айрықша назар аударылды. Осыған орай аталған алқа отырысына Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Әлия Рақышева, Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қатысты. 

Елбасы Қазақстан судья­лары­ның VII съезінде сот жүйе­сін жетілдіру ісі бойынша алда ауқымды жұмыс күтіп тұр­ғанын айтып, сот төрелігін да­мы­тудың негізгі бағыттарын бел­гілеген болатын. Онда Пре­зидент соттарға заң үстем­дігін қамтамасыз ету, судья­лардың жауаптылығын күшей­ту, лайықты судьялар корпусын қалыптастыру, сот істерін қарау тәжірибесінің бірізділігін қалыптастыру және құқықтық ағартушылық міндеттерін жүктеді. Өйткені, қашанда заң үстемдігін қамтамасыз етуде соттар басты рөл атқаратыны белгілі. Судьялардың жауап­тылығы артқан сайын олардың тәуелсіздігі де күшейе түседі. Сол сияқты, азаматтардың құ­қықтық сауаттылығының ар­қасында сот дауларының санын айтарлықтай азайтуға болады. Міне, бұл бағытта бүгінгі күнде көптеген жұмыстар атқарылды. «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын жүзеге асыру аясында сот жүйесін жаңғырту ісі қарқынды жүргізіліп келеді. 

Осы жайлар қамтылған аталған отырысты ашқан Жо­ғар­ғы Сот Төрағасы Қ.Мәми заң үс­тем­дігін қамтамасыз ету жұмы­сының негізгі қорытын­дыларын мәлімдеді. Атап айт­қанда, ол Ұлт жоспары шең­берінде жүргізілген рефор­малардың сот төрелігін жүзеге асы­рудың тиімділігіне оң ықпал еткенін атап өтті. Есепті кезеңде соттарда азаматтық істерді қарау мерзімі екі есеге қысқарған. Істердің 62,5 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралуда екен. Сот бұйрығы, дауларды шешудің баламалы тәсілдері және медиация тәртібінде қаралған істер саны едәуір артқан. Келісімдік тәртіптегі қылмыстық істер саны 43 пайызға, қысқартылған негіздегі істер саны 3,5 есеге артыпты. Сондай-ақ, жаңа ереже бойынша 191 судья іріктеліп, 140 судьяның кәсіби қызметі бағаланған. Жалпы алғанда, судьялар корпусы өздерінің кәсіби біліктіліктерін көрсеткен. 

Бұдан кейін сөз алған Жо­ғар­ғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров меншік құқығын қорғау, соның ішінде, мыңдаған азаматтың мүддесін қозғайтын банк және тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу бағытындағы сот­тардың жұмысы туралы айтты. Ал Қылмыстық істер жөнін­дегі сот алқасының төр­ағасы Абай Рахметулин өз баян­дамасында бүгінде сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту бойынша қылмыстық-процестік заң талаптарының бұзылуына байланысты соттар­дың ақтау практикасын күшейту қажеттігін атап өтті. Жоғарғы Соттың Мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева Жоғарғы Сотқа тараптардың бірі шетелдік инвестор болып табылатын 30 іс апелляция тәртібінде түс­кендігін мәлімдеді. Бұл өті­ніштердің басым бөлігі құ­зыр­лы мемлекеттік органдардың салық, экология, энергетика жә­не т.б. салалар бойынша ше­шімдері мен әрекеттерін даулау­мен байланысты. 

Өз кезегінде мінберге көте­ріл­ген Жоғарғы Сот Департа­ментінің басшысы Н.Шәріпов соттардың материалдық-тех­никалық жарақтандырылуы мен электронды сот төрелігі туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылы Қара­ғанды облыстық соты мен үш аудандық сот ғимаратының құрылысы басталған. Жаңа технологияларды қолданудың үлесі айтарлықтай артуда. Мәселен, барлық түскен өтініштер қатарындағы электронды түрде берілгендерінің үлес салмағы 89,8 пайызды құрайды. Бұған қоса, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы А.Смолин, Сот жюриінің төрағасы М.Шегенов, Сот төрелігі академиясының ректоры Т.Қаудыров және бірқатар облыстық соттардың төрағалары сөз сөйледі. 

Кеңес жұмысын қоры­тын­дылай келе, Жоғарғы Сот Төр­ағасы Қайрат Мәми жаңар­тылған заңнама жағдайын­дағы сот жүйесі қызметінің кей­бір мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, ол судья­лыққа кандидаттардың жас шек­телімінің 30 жасқа дейін арт­қаны, судьялық лауазымдарға жария­ланған конкурсқа қатысу­шылардың жалпы отырыс қо­рытындысын алуы мен Сот жюриі шешімінің өзгеру тәртібін еске салды. Жоғарғы Сот Төр­ағасы қылмыстық процесті кезең-кезеңімен жаңғырту мен сотта өкілдік ету институтын кешенді жетілдірудің келелі бағыттарын айқындап берді.

ұрғындардың соттарға сенім деңгейінің артқаны атап өтілді. Мәселен, Демократия институтының деректеріне сәйкес, соңғы 6 жылда Жоғарғы Сотқа деген сенім деңгейі 67,6 пайыздан (2010 жыл) 75,4 пайызға дейін (2016 жыл) өскен.

Осыған орай Қайрат Мә­ми алдағы бірқатар басым міндеттерді атап өтті. Со­лар­дың қатарында, мәселен, сот әкімшілігін реформалау, судья­лық кадрларды дұрыс іріктеу және біліктілігін арттыру, судьялардың жүктемесін азайту, сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу, сондай-ақ, тұрғындардың соттарға деген сенімін арттыру бойынша жүйелі жұмысты айтуға болады. Жоғарғы Сот Төрағасы бірыңғай сот практикасын қалыптастырудың маңыздылығын айта келе, алғашқы жартыжылдықта Жо­ғар­ғы Соттың 6 нормативтік қаулысы қабылданғанын және бұл бағыттың одан әрі күшейе түсе­тіндігін жеткізді. Жекелей алған­да, ол соттардың ғана емес, өзге де мемлекеттік орган­дар­дың бірқатар негізгі мәселелерін шешуді көздейтін «Болашақтың соты» атты жаңа жобаны іске асы­ру қажеттігін сөз етті. Қ.Мә­ми банктік несие, қарыз беру, кеңсежайды жалға алу, ком­му­­налдық қызметтер­мен байла­ныс­ты істер бойынша бұй­рық­тық іс жүргізу институтын кеңінен қолдануды тапсырды. 

Еліміздегі Жоғары Сот Ке­ңе­сі төрағасының өкіміне сәй­кес Алматы мен Астана сот­тарында нотариалдық жазба инс­титутын қолдану аясын кеңей­­тудің қанатқақты жобасы іске асырылатын болады. Ахуал­­дық орталықты құру жұмы­­сы да аяқталуға жақын. Ол сот­тар жұмысына мониторинг жүр­гі­зудің талдамалық мүмкін­дік­терін неғұрлым арттырады деп күтілуде. 

Кеңес жұмысының соңында «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы» конкурсының жеңім­паздарын марапаттау рәсімі өтті. Жамбыл облысы Тараз қа­ласы №2 аудандық соты 1-орынды, Астана қаласы­ның мамандандырылған аудан­аралық әкімшілік соты 2-орынды, Солтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ау­данаралық экономикалық соты мен Қарағанды облысы Жаңаарқа аудандық соты үші­нші орынды иеленді. Ал судьялардың осы жолғы жиынының ең басты ерекшелігі – кеңес жұмысының интернетте онлайн режімде көрсетілуі болды. 

Александр Тасболат,
«Егемен Қазақстан»