Қазақстан • 24 Шілде, 2017

Аграрлық сектордың әлеуеті артып келеді

269 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда сауда орындарынан Майлыкенттің сүт өнімдерін, консервіленген көкөністерін көптеп кездестіресіз. Таулы ауданның өніміне сұраныс та көп. Облыс орталығының тұрғындары да ауылдың өнімін тұтынады.

Аграрлық сектордың әлеуеті артып келеді

Өз кезегінде өңдеуші кәсіпорындар сұранысқа сай сапалы өнім шығаруға мүдделі. Осы уақытқа дейін аймақ тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып келе жатқан «Бәйтерек-4» серіктестігінің концервіленген көкөніс өндіру цехы биыл жаңғыртылып, өнімдерін бүкіл Қазақстан аумағына жөнелте бастады. Тіпті, алыс-жақын шетелдерге экспорттауды жоспарлауда. Әзірге кәсіпорын жылына 1 млн банкі көкөніс жабады.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының шаруалары экологиялық таза өнімдердің үлесін көбейте түскен. Бұл орайда, аудан диқандары Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруды басты мақсат етіп отыр. Көптеген позициялар бойынша әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алатынымызды айтқан Елбасы Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар берген болатын. Еске сала кетсек, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау, өнімді өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу жүктелді. Сондай-ақ,  ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейту міндеттелді. Осы орайда, облыста, оның ішінде Түлкібас ауданында ауқымды істер атқарылуда. Мысалы, аудан көлеміндегі жұмыстар арқылы келтірер болсақ, 30 гектар аумақта индустриялық аймақ құрылған. Жалпы  құны  9 млрд 39 млн теңгелік 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ең ірі жобалардың бірі – жалпы құны 2 664 млн теңге бидай өңдейтін «Еңбекші-2016» серіктестігіне 8 гектар жер бөлінген. Мұнда жаңадан 200 адамға жұмыс орны ашылады. Тағы осыншама адам сүт өнімдерін қайта өңдейтін «Әмір Мансұр» кәсіпорны жобасы жүзеге асқанда жұмыспен қамтылмақ. Газдалған, газдалмаған су өндіретін «NutriCorn» серіктестігі 150 адамды жұмыспен қамтып,  бүкіл елді сапалы сумен қамтамасыз етуге қауқарлы екендіктерін мәлімдеп отыр. Ал концентрат және табиғи сусын шығаратын «Арсен ас» серіктестігі бір жылда 2 мың тонна сусын өндіреді. 

Аудан көлемінде жұмыс істеп жатқан 1 ірі, 7 орта, 23 кіші және 8 қосалқы кәсіпорын жыл басынан бері 8 629,5 млн теңгенің  өнімін өндірді. Кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны 17 344 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 106 адамға өскен. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мәлімдеуінше, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 7 мыңнан асады. Елбасы Жолдауында айтылғандай жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту маңызды. Осы мақсатта Түлкібас ауданында өткен жылы 6, биыл 18 кооператив  құрылған. Еңбек өнімділігін арттыру бағытында автоматтандыру, жаңа инновациялық әдістерді ендіру арқылы мол өнімге қол жеткізіп отырған шаруашылықтар бар. Атап айтсақ, «Кентау», «Мөлдір», «Көктал» шаруа қожалығы соңғы технологиялық әдістерді пайдалана отырып, Түркия және Польша мамандарымен бірге   алма бағынан мол өнім алуда. Аудан диқандары алма бағын жыл сайын ұлғайта түсіп, 3077 гектарға жеткізді. Оның 230 гектары қарқынды бақ. Сондай-ақ, ауданда  250-ден аса шағын мал бордақылау алаңы, 80-дей отбасылық сүт фермасы, шағын құс фермасы  ашылды. Мал шаруашылығы шеңберінде жыл басынан бері  7,7 мың тонна ет,  22,5 тонна сүт өнімдері өндірілген.

Табиғаты ауыл шаруашылығына да, туризмге де қолайлы ауданда өмір сүріп, тіршілігін жақсарта түскісі келетіндер де аз емес. Бұл орайда, баспанаға мұқтаждар Елбасы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының игілігін көруде. Жолдауда алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету қажеттігі айтылған болатын. Бұл орайда Мемлекет басшысы «әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретінін, жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс» екенін нақтылаған-ды. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде жыл басында ауданда 64 және 32 пәтерлі 2 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, бүгінде 4245 тұрғын жер кезегінде тұр. Ауылдық округ, кенттерде  тұрғын үйге қажетті жер көлемін ұлғайту үшін 2600 гектар жер бөлініпті. Енді кезекте тұрған азаматтарды жер телімдерімен қамтамасыз ету үшін Түлкібас, Састөбе, Балықты, Жабағылы ауылдық округтері бойынша инженерлік инфрақұрылым құрылысына жобалау сметалық құжаттар жасалуда.  

Осы бағыттағы, яғни аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру мақсатындағы жұмыстарды жетілдіре түсу үшін жуырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Өңірде жеміс-жидек сақтау қоймаларын салып, алма бақтарын, өңдеу кәсіпорындары мен аралас өндірісті дамыту мақсатындағы үшжақты келісімге сай әкімдік жер учаскелерін беретін болса, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ клиенттерді тартып, экспортқа бағдарланған «АгроЭкспорт» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру жұмыстарын жүзеге асырмақ. Осылайша, бау-бақша шаруашылығын дамытып, контейнер жасау, қаптау, техниканы құрастыру, тамшылатып суару және тағы басқа өндірістер бойынша жобалар жасауға мүмкіндік беріледі. 

Ғалымжан Елшібай, 
«Егемен Қазақстан»