Кино • 24 Шілде, 2017

Үш фильм: адамзатқа ортақ тағдыр

423 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің думанды мерекелік бағдарламалары тыншып, негізгі байқау бойынша алғашқы кинотуындылар көрсетілді.

Үш фильм: адамзатқа ортақ тағдыр

Байқаудың алғашқы күнінде «Кентавр» (Ақтан Арым Құбат, Қырғызстан), «Тыныштық дауысы» (Биджукумар Дамордаран, Үндістан), «Ақымақ құс» (Рюдзи Оцука, Хуан Цзи, Қытай) фильмдері таныстырылды. Аталған фильмдердің режиссерлері арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, жалпы адамзатқа ортақ әлеуметтік, саяси ахуал мен халық бейнесі туралы сөз қозғады.

Шығарманың мазмұнын айқындайтын махаббат, әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, саяси көзқарастар мен жеке адамдардың арасындағы көркемдік тартыс үш фильмнің жанрлық ерекшелігін айқындай түскен. Кейіпкерлердің мінез-құлқы, дүниетанымы, әрқилы жағдайлар арасындағы қарама-қайшылық жаһандану иіріміне жұтылып бара жатқандығымен тығыз байланыста қарастырылады.

Қырғыз режиссері, сценарисі, актері Ақтан Арым Құбаттың қазақ киносының даму жолында өзіндік орны бар. Ол кезінде «Оскар» кино байқауының жартылай финалына дейін шыққан «Келін» фильмінің (реж. Ермек Тұрсынов) идея авторы әрі краеативті продюссер ретінде белгілі. 1998 жылы Алматыда тұңғыш рет өткен «Еуразия» кинофестивалінде «Бешкемпір» фильмі гран-при иеленгендігі еске түсіп отыр. Бұл жолы режиссердің негізгі байқауға қатысып жатқан «Кентавр» фильмін қазақстандық көрермен қауым жылы қабылдады. Фильм кәсіпкер Қарабайдың бәйгенің алдын бермейтін атақты сәйгүлігінің қолды болғанынан басталады. Іздестіре келсе, Қарабайдың қақ-соқпен ісі жоқ қарапайым туысқаны ұры болып шығады. Оның неліктен мұндай әрекетке барғаны фильмнің негізгі өзегі ретінде қарастырылған.

– Картина қазіргі біздің болмысызымыз бен бүгінгі уақыт туралы. Біз өзіміздің тұлғалық бірегейлігімізді іздей түсуіміз қажет. Совет одағында коммунизмді біз құрдық деп ұрандадық. Сонан соң мұның бәрі жермен-жексен болды. Тәуелсіздік алған соң, түп-тұқиянымызды іздей бастадық. Ал қазір жаппай исламдандыру тасқыны жүріп жатыр. Неліктен құдайға араб тілінде жүгінуіміз керек?! Осы нәрсе мені абыржытады және таң қалдырады, – деген режиссер «Кентавр» картинасындағы ойды одан әрі тереңдете түсті. Ақтан Арым Құбат көптеген шетелдік жүлделердің иегері. Атап айтқанда Локарно ХКФ «Күміс Леопард» (Швейцария), Канн фестивалінің «Қола арыстан» (Франция) жүлделерінің иегері, FIPRESCI халықаралық киносыншылары жүлдесінің лауреты. 2016 жылы «Бешкемпір» фильмі әлемнің 72 киносыншысы қатысқан сауалнама бойынша Пусан кинофестивалінің жинағында Азиядағы 100 үздік фильмі қатарына енген болатын.

Ал қос режиссер ерлі-зайыпты Рюдзи Оцука мен Хуан Цзи бірігіп түсірген «Ақымақ құс» фильмінің туу тарихы шынайы өмірден алынғандығымен еркшеленеді. Картинада отбасы құндылығы тақырыбы көтерілген. Фильмнің көркемдік шешімі ретінде кейіпкердің басына түскен жалғыздық шырғалаңы шексіз қайталана беруі мүмкін деген ой айтылады. Фильмдегі бас кейіпкер оқушы қыздың анасы Қытайдың оңтүстігіндегі қалаға жұмыс істеуге кетеді. Көп ақша тапсам деген дәніккен ана қызына мойын бұруға уақыт таба алмай, тек ақша ғана салып тұрады. Өмірде мақсаты, не арманы жоқ жас қыз бой жете келе түрлі кедергілерге тап болып, оны қалай шешуді білмейді. Шалғайдағы өрімдей қыздың кішкентай мәселесі кімге қызық болуы мүмкін деген ой келеді.

Бұл орайда қытайлық режиссер Рюдзи Оцука «Табыс табуға деген үлкендердің құлшынысы балаларды қараусыз, жалғыздықта қалдырды. Балаларының арманын іске асырам деп жүріп, керісінше арманын аяқ асты еткендерін өздері сезбейді. Сәбилер махаббатқа жарымай, не бір жылы сөз ести алмай, я жөнді тәрбие алмай жастайынан жалғыздықта өсті. Шын мәнінде жас қыздың кішкентай тағдыры жылдам дамып жатқан мемлекеттің негізгі мәселесі болуы тиіс. Мен Қытайда не болып жатқанын әлемге көрсеткім келді. Адамзат отбасылық құндылықты, мейірімді терең түсініп, ұғынулары керек», дейді. Режиссердің айтуынша, фильм сюжетіне әйелі Хуан Цзидің тағдыры арқау болған. Фильм Қытайдың оңтүстігіндегі Хюнань провинциясынан 3 сағаттық жердегі шағын ауылда түсірілген. «Фильм атауын менің әйелім ойлап тапты. Көптеген жастар бұл кинокартинаны көріп отырып, жүрек түкпірінде  жасырып жүрген сырларымен жолығады», дейді режиссер. Бір айта кетерлігі қоғам шындығын ашып көрсеткен фильмді Қытайда прокатка шығаруға жергілікті үкімет рұқсат бермей келеді. Режиссердің сөзінше, Қытайда кино өндірісі жедел дамып келеді. Алайда нағыз мәселені ашып көрсететін, бала құқығы көтерілетін тақырыптағы фильмдер жоқтың қасы.

Ал үнді фильмі дейтін болсақ көз алдымызға бірден махаббат пен сұлулыққа, ержүректік пен мейірімге толы көріністер қылаң береді. Үнді киносының негізгі компоненті болатын ән мен жыр драмалық дәстүрімен ерекшелене түсетін. Режиссер Биджукумар Дамордаранның «Тыныштық дауысы» фильмінде де Үндістан мен Тибеттің молшылыққа толы табиғаты көрініс тапқан. Фильмде Гималайда туған жетім бала панасыз қалады. Әкесі қамауға түсіп, жалғыз қалған бала өмірдің небір қиындықтарын өткереді. «Картинада ұлы табиғат пен адам арасындағы өзара қарым-қатынас жатыр. Сондай-ақ әке мен ұлдың арасындағы жақындық, сезім, пайымдау тақырыбы қозғалады», деген үнділік режиссер картинаның музыка мен дауыс эффектісі арқылы толыға түскенін айтады. Биджукумар Дамодаран – режиссер, сценаристік қырынан бөлек, гемеопатия терапевтік емдеу тәсілі бойынша атағы шыққан дәрігер. Ол түсірген фильмдер көптеген шетелдік кинофестивальдерде көрсетіліп жүр.

Аталған фильмдердің негізгі идеялық, мазмұндық, драматургиялық тұтқасын ұстап тұрған жалпыға ортақ қасиеттерімен дараланатын – кейіпкер бейнесі. Кинофестиваль көрсетіліміне қатысып жатқан фильмдер алғашқы күні-ақ жанрлық ауқымдылығымен көзге түскенін айтуға болады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»