Қазақстан • 25 Шілде, 2017

700 грамм тіршілік

354 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа туған шақалақтың салмағы 1,5 келіден аз болса, өте төмен деп есептеледі. Ал салмағы 1 келіге жетпей туған нәресте экстремальды оқиға саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша дүниеге тірі келген 22 апталық, салмағы 500 грамнан сәл асатын «шалабайдың» өзі нәресте саналып, күтімге алынуы тиіс екен.

700 грамм тіршілік

– Бірақ ол айтуға ғана оңай! – дейді Батыс Қазақстан облыстық пе­ри­наталдық орталығы дирек­торының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Есет Ералин. 

Шала туған балаға ерекше күтім керек. Тымаққа салып, керегенің басына іліп қоятын баяғы заман жоқ. Құдайға шүкір, қазір перзентханаларда уақытынан ерте туған, түрлі ауыт­қуы бар нәрестелерге күтім көрсе­тетін медициналық аппараттар бар ғой. Соның өзінде өмір мен өлім арасын­дағы арпалыстан аман қалған әрбір сәбидің тағдыры – дәрігерлер үшін зор жеңіс, үлкен қуаныш.

Перинаталдық орталықты аралап келеміз. Есет Ғабитұлы бұрылыс-қал­тарысы көп ұзын дәлізбен жүріп келіп, бір қабырғаны алып тұрған үлкен суретті тақтаның алдына тоқтады. Тақтада шала туған, дүниеге келгенде салмағы аз болған сәбилердің жаңа туған кезіндегі суреті мен кейін өскен кездегі бақытты бейнесі ілінген екен.

– Мынау Андрюшина, дүниеге келгенде салмағы 763 грамм ғана болған еді. Қазір 2,5 жаста. Ал мынау – апалы-сіңлілі Құрмашевалар, өмірге келген кезде үшем қыздың бірі – 1280, бірі – 1320, үшіншісі – 2400 грамм болған еді, мына суретте би көйлегін киіп, бой түзей қалғанын көрмейсіз бе?! Өмірге 817 грамм болып келген Берниязова, 718 грамм болған Беккер де бой жетті. Салмағы 1 келіге жетер-жетпес болып келген Қажымұратова – қазір оқу озаты. Жарық дүние есігін небәрі 876 грамм болып ашқан Ғайнуллин да жі­гіт болып қалды, – деп таныстыра бас­тайды Есет Ғабитұлы. Дауысынан мақтаныш сезіледі.

Есет Ғабитұлы – 2002 жылы М.Ос­панов атын­дағы Батыс Қазақ­стан ме­ди­ци­налық академиясын бі­тір­ген акушер-гинеколог. Батыс Қа­зақ­­стан облысының Жаңақала ау­данында, Орал қалалық №2 пер­зент­­ханада акушер-гинеколог, босан­дыру бөлімшесінің меңгерушісі қыз­метін атқарған. 2015 жылғы мау­сым­нан бері Батыс Қазақстан облыс­тық перинаталдық орталығы дирек­торы­ның емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары. 

Есет Ғабитұлын әріптестері жо­ғары білікті санаттағы дәрігер акушер-гинеколог ретінде ерекше сыйлайды. «Жедел акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуде акушерлік жәр­демнің барлық түрін, жүкті әйел­дер мен босанатын әйелдерді кон­сер­вативтік емдеудің тактикасын мең­герген. Өз жұмысында жаңа ме­дициналық технологияларды пайдаланады. Бірнеше рет ана мен бала өміріне қауіп төндірген жағдайларға қа­тысып, мұндай жағдайлардан әрқа­­шан сәтті нәтижемен шығып келеді. Директордың орынбасары лауа­­зы­­мында еңбек ете отырып, кәсіби ұжым құра білді. Акушерия мен ги­некологиядағы сыни жағдай­лар ке­зінде кезек күттірмейтін көмек көр­сетудің барлық түр­лерін меңгерген, өзінің кәсіби деңгей­ін үнемі арттырып отырады» делін­ген екен кейіп­керімізді жоғары мемле­кет­тік награда ұсынған құжатта. 

– Былтыр Ақсай қаласында оқыс оқиға болды. Бір келіншектің үстіне қоқыс контейнері құлап кеткен. Қол-аяғы сынып, басына зақым келген әйелдің құрсағында алты айлық баласы бар еді, - деп еске алады Есет Ералин.

Науқас бірден Ақсай ауруханасына жеткізілген. Ол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң Орал қаласына әкелінді. Нейрохирургтер мен травматологтер оталарын жасап, әйел өз-өзіне келген соң акушер-гинекологтар болашақ ананы қамқорлыққа алды. 

– Біз құрсақтағы сәбидің жетілуін, ана мен баланың денсаулығын мұқият бақылап, қолдан келгенше жағдай жасадық. Сөйтіп, уақыты келгенде кесар тілігін жасап, сәбиді дүниеге әкелдік. Құдайға шүкір, ана да, бала да аман! Бұл оқиға дәрігер қауымына үлкен сын болды, абыроймен өткенімізге қуанамыз, – дейді Есет Ғабитұлы.

Кейіпкеріміздің осы салада еңбек етіп жүргеніне 14 жылдан асып барады. «Кіндігін кескен балаларым 2 мыңнан асқан шығар», дейді ол күліп. 
Құдайға шүкір, жыл басынан бері перзентханада ана өліміне жол берілген жоқ. Бала туу көрсеткіші де жыл сайын өсіп келеді. Орталық мамандары жедел дәрігерлік көмек қажет болса, облыстың кез келген түкпіріне аттанып кетуге даяр. Санитарлық авиация арқылы акушер-гинекологтар 2016 жылы 55 мәрте жолға шығыпты. Биылдың өзінде 16 шақырту болған. 

– Бүгінде ғылым дамыды, технология жетілді. Интернет арқылы ауыл-аудандағы әріптестерімізге кәсіби кеңес беру, ақылдасу оңайлады. Санавиация көмегі де кез келген уақытта дайын. Сондықтан, өз тарапымыздан ана мен балаға кәсіби медициналық жәрдем көрсетуге әрқашан дайынбыз. Тек біздің болашақ аналарымыз тарапынан да жауапкершілік керек-ақ. Жүктілік кезеңінде уақытымен тіркеуге тұру, УЗИ-ден өту, өз денсаулығын күту туралы болашақ аналарға айтудан, қайталаудан жалықпаймыз. Өйткені өмірге перзент әкелуден, жаңа адам әкелуден артық жауапты нәрсе жоқ қой, – дейді Есет Ғабитұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ