Бизнес • 25 Шілде, 2017

Аграрлық секторға ерекше серпін

228 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан экономикасында агро­өнеркәсіп кешенінің алатын орны ерекше. Осы саланы дамыту арқылы халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болу – басты ұстанымымыз. Қазірдің өзінде көптеген позициялар бойынша шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнімдер шығаруға қабілеттіміз. Ұлан-ғайыр даламызда ауыл шаруашылығын өркендетуге барлық жағдай бар. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың жаңа мемлекеттік бағдарламалары ұсынылып, 2021 жылға таман азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейту міндеті қойылып отыр.

Аграрлық секторға ерекше серпін

Жолдауда айтылған осы мақсаттарға жету үшін субсидияларды бөлуді қайта қарастыру, жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға жағдай жасау, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция мөлшерін арттыру жөніндегі қағидаттарын орындау – бәріміз үшін бұлжымас талап. Бұл аталған міндеттер «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында да іске асырылатын болады.

Өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған аграрлық саланы бүгінгі заманға бейімдеу, негізінен, қарапайым шаруа адамдарына айтарлықтай қолдау екені айтпаса да түсінікті. Расында, бұл салаға айрықша қамқорлықты ауылдықтар ерекше сезінуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды теріскейдің тәуекелді ауа райымен, табиғи ерекшеліктерімен үйлестіру көп мәселені шешері сөзсіз. Осы орайда, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ауыл шаруашылығы саласының қосып отырған жетістіктерін атап өтпеске болмайды. Саланың үлесіне өңірлік жалпы өнімнің төрттен бір бөлігі тиесілі. Былтыр ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсіп, 416,7 мил­лиард теңгені құрады. Гектар берекелілігі орта есеппен 17,2 центнерден айналып, 5,5 миллион тонна астық жиналды. Бүгінде жаңа технологиялармен жабдықталған 52 элеватор жұмыс істейді. Олардың астық қабылдау мен сақтау сыйымдылығы 6,6 миллион тоннаға жетеғабыл. Өңір диқандары алыс және жақын шетелдерге жылына 300 миллион АҚШ долларының өнімдерін экспорттап жүр. Бұл 1,5 миллион тонна бидай, 250 мың тонна ұн, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымы деген сөз. Ауылшаруашылық өндірісіне мемлекет тарапынан 31,0 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, аграршылар зор қолдау тапты. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 1,8 есе көп. 32 миллиард теңгеге 1342 бірлік жоғары өнімді техникасы сатып алынып, 56,8 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету аса маңызды. Ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіріп, үлкен күшке айналдыруда «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңға сүйенетін боламыз. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде екі жүзге жуық ауылшаруашылық кооперативі құрылып, сүт қабылдау бекеттері мен мал бордақылау алаңдары ашылды. Мақсат – сапалы ет, сүт өнімдерін көптеп өндіру. Бір қуантарлығы, «Игілік», «Бірлік» және «Ынтымақ» мемлекеттік бағдарламаларына сүйенушілер қатары көбейіп келеді. Осылайша, жаңа заң шеңберінде өңірімізде ірілендірілетін 30 мыңға жуық ұсақ шаруашылықтар аймақтық ет, сүт кластерінің тынысын кеңейтетін болады.

Облыста шикізатты өңдеу бағытында да тың серпілістер пайда болып, жылына орта есеппен 500 мың тонна сүт өндіруге қол жетті. Бұл іспен 120 шаруашылық айналысады. 14 ірі сүт кешені қажетті шикізатпен толық қамтылған. «Бекет», «Прекрасное» шаруа қожалықтарында, «Мәмбетов және К», «Акса Север» серіктестіктерінде 2 мың сиырға арналған 4 сүт кешенін құру жоспарланған. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу өндірісі 83,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде сарымай өндірісі – 1,6, ұн – 32,7, ірімшік пен сүзбе – 6,6, кондитерлік өнімдер 12,0 пайызға ұлғайды. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі бойынша арнайы карта жасалып, 20 инвестициялық жоба іске қойылды. 270 жұмыс орны ашылды. Ендігі мақсат – 2020 жылға дейін үш мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу. Ол үшін 191,4 миллиард теңгенің 64 инвестициялық жобасы қолға алынады.

Облыстың агроқұрылымдары жыл сайын 20 мың бастан астам ірі қара малын сатып алып жүр. «Сыбаға» бағдарламасымен – 2261 ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша – 1691 жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы аясында 4704 қой әкелінді. Өйтіп, ірі қара малы – 1,1, ұсақ мал мен жылқы 2 пайызға көбейді. Жерді пайдалану тиімділігін арттыру әркез назарымызда. Алдағы үш жылда суармалы жерлердің көлемін 28 мың гектарға дейін арттыру белгіленген. Бұл мақсат үшін облыс қазынасынан 38 миллион теңге қарастырылған.

Агроөнеркәсіп кешенін жүйелі дамыта отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еліміздің кемел келешегін қамтамасыз ету саясаты жемісін беретіні еш күмән тудырмайды. «Болашақ – аграрлық секторда...», деген Елбасы талабы Қызылжар өңірінде де дәйектілікпен орындалып келеді.

Қайрат ОМАРОВ, 
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы
Солтүстік Қазақстан облысы