Медицина • 25 Шілде, 2017

Ұлтты сақтап қалудың рухани тетігі

283 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Белгілі француз ғалымы, мә­де­ниет­танушы және философ Ж.К.Леви-Стростың замана­мызға қатысты «ХХІ ғасыр – гума­ни­тарлық ғылымның ғасыры болады, әйтпесе ол мүлде болмайды» деп айтқан батыл болжамы бар. Тәуелсіздік алғалы бері елі­міз­дегі индустрияландыру үдерістері кезең-кезеңімен енгізіліп, жүйелі қолға алынғанына қарамастан, күткендегіміздей түбегейлі ментальды өзгерістер бола қоймады. Сондай-ақ индустрияландырудың осынау сатысы «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген қазақстандық ұстанымның бүгінгі заман талабына сай ой сүзгісінен өтіп, санада қайта қаралуына шы­найы сұраныс тудыруда. Бұл жағ­дайлар ел өміріндегі объективті өзге­рістердің ендігі кезекте гумани­тарлық мәселелерді қозғауға то­лық­тай пісіп-жетілгендігін көрсетіп отыр.

Ұлтты сақтап қалудың рухани тетігі

Қазіргі заманның мәселе­сін зерттеуші батыстық сарап­шы­лардың пікірінше, әлемдік жүйенің онтологиялық негізі интеграция мен прогресс идеяларынсыз қалыптасуы мүмкін емес. Интеграция идеясы бір жағы әлемдік жаһанданудың заманауи негізі болса, екінші жағы осы әлемге имманентті түрде плюрализм қасиетінің де тән екендігін қатар таниды. Қазақстанның рухани өмірінде осы күнге дейін жүргізілген модернизациялық процестер белгілі бір деңгейде осы талаптардың үдесінен шықты деуге болады. 

Аталмыш идеялар Қазақ­стан­ның ішкі (Қазақстан халқы Ассам­блеясы), сондай-ақ сыртқы қарым-қатынастарында (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕЭО, ИКҰ, ҰҚШҰ, ЭКСПО-2017 және т.б.) ұтымды қол­данылып келеді. Ішкі саясаттан айтар болсақ, бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс істеуі – ұлттық-мәдени плюрализмге лайықты көңіл бөлетін озық конституциялық модельді қалыптастырды. Өз кезегінде БҰҰ тарапынан да оң бағаға ие болып отыр. Ал мемлекетіміздің сыртқы қарым-қатынастағы көпвекторлы саясаты мен интеграциялық про­цестерде белсенділік танытуы Қа­зақ­станның сенімді әріптес ретіндегі мәртебесін қалыптастырды. Бұл да өз кезегінде айтарлықтай жемісін беруде. 

Қоғамдық сана бойынша инструменталды, сипаты бойынша таптық (бай-кедей) мазмұнда қалыптасқан кеңестік Қазақстан үшін азаматтық қоғам орнату сұрақтары әлі де күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе. Шын мәнінде «тарихи уа­қыт» сығымдауға көнбейтін, өзін­дік жүріп өтер жолы бар, кездей­соқтық пен заңдылықтардан қатар тұратын бүтіндей әлеуметтік-мә­дени құбылыс. Дей тұрғанмен, адамзат жүріп өткен әрбір тарихи кезеңнің өмір сүру уақыты 2,73 есеге дейін қысқарып отыратындығын осы заманғы зерттеулер көр­сетіп отыр (С.П.Капицаның сингу­лярлық теориясы). Уақыт категория­сы әлеуметтік контексте оқиға­лардың сандық және сапалық көр­сет­кіштеріне тікелей тәуелді, олар­дың жиілігінің һәм қалыңды­ғының өлшемі. Сондықтан да қазақ­стандық қоғамдық сананы жаң­ғырту бір жағы – тарихи уақытты меха­никалық сығымдаудан аулақ болуы тиіс болса, екінші жағы – тәуел­сіздік жағдайындағы уақытты, оның төл құндылығына сай оқи­ғалар легімен толассыз байытып, тү­бінде жалпықазақстандық азамат­тық қоғам орнатуды көздеуі керек. 

Жаңғырту процесі – бір мезетте әр түрлі деңгейлерде жүруді қажет ететін, жүйелі өзгерістер енгізуді көздейтін кешенді құбылыс. Экономикалық, саяси, мәдени және құқықтық өзгерістер өз алдына жеке-жеке кеңірек тарқатыла түсуді, тереңірек тамыр жаюды көздеумен қатар, өзара тұжырымдамалық байланыстан ажырап қалмай, оны бас­ты бағдар ретінде ұдайы назарда ұстап отыруды жаңғыртудың басты шарты ретінде алулары тиіс. 

Экономист-ғалымдардың пі­кі­рінше, жаңғыртудың типі «қуып жетуге» құрылған қазақстандық экономика үшін (себебі 30 дамыған елдің қатарына ену мақсатын көздейді) ұзақ мерзімді әрі арзан несиелерді беру – инновациялық технологиялардың өндіріске енуіне оң әсерін тигізеді деп есеп­те­леді. Әсіресе, ішкі инвестиция­ны тарту, біртіндеп оның үлесін арт­тыру түптеп келгенде отандық өнді­рістің қалыпты дамуына жағдай туғызады. 
Осы орайда Елбасының рухани жаңғыруға қатысты мақаласында көтерілген «Туған жер» тұжырым­да­масы республикалық және жергі­лікті ауқымдағы іскер азамат­тар­дың өңірлерге инвестиция салуын идеялық тұрғыдан ғана қол­дап қоймайды, ол сонымен бірге ұйым­дық-құқықтық тұрғыдан меха­низмдерін жетілдіре түсуді де болжайды деп есептейміз. Бұл дегеніміз кемінде салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер жүйесін белгілеуді, жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастырушылық және моральдық қолдауды қамтуы тиіс. Рухани жаңғыруға кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта кәсіп ие­ле­рі­нің қосатын үлесі де қомақты бол­мақ. 

Соңғы кездері елімізде кәсібі дөңгеленген азаматтардың іскерлік жолын, қиыншылықтары мен жетістіктерін баяндайтын көптеген кітаптар жарық көруде. Мұндай жағымды құбылыстың отандық кәсіпкерлік рухты дамытуда үлесі орасан зор екендігі айтпаса да түсі­нікті. Сол себепті, әрбір іскер азамат­тың жеке тәжірибесімен бөліскен, сол жолда табысқа жеткіз­ген рухани ұстанымдары мен көзқарастары өз алдына кітап болып шы­ғып жатса, рухани жаңғыруға қосқан тұшымды үлес сол болар еді. Мұндай игі істер легі түптеп кел­генде ұлт­тық кәсіпкерліктің дүние­таным­дық негіздері мен қағида­ларын қалыптастырып, қазақ­тың кәсіп­керлік рухын бір жүйеге түсіреді.  Жүйесін тапқан қазақ кә­сіп­­кер­лігінің жолы – іскер азамат­­тарымыздың қоғам ал­дын­дағы мерейін үстем қылып қана қой­майды, ол сонымен бірге өс­келең ұрпақты кәсіпке баулуда таптырмас рухани азық, жолашар  құралға айналады. 

Рухани жаңғыру дегеніміз – тарихи тұрғыдан алғанда, кез келген модернизациялық процестің бастауында тұратын, кертартпа һәм тиімсіз сана болмысына күмән кел­тіріп, керек болса Раб­леше әжуә­лап, оны сергітуге бағыт­тал­ған гуманитарлық һәм ұлттық жоба. Батыс Еуропа ұлты мұн­дай жаң­ғыруды Қайта өрлеу дәуі­рінен бастады. ХV ғасырдың әйгі­лі мүсіншісі Ми­келанджеломен қашал­ған адам­ның жалаңаш мүсіндері («Давид», «Бостандықтағы құл» және т.б.) – «адамның – Адам» екен­дігін, өз алдына дербес гума­ни­тарлық құндылық бола алатын­дығын паш етті. Тегеурінді өнер идеясы – көркем әдебиет образына, одан – құқықтануға ұласып, нә­тижесінде «Адам мен азаматтың құқықтары туралы декларация» жарияланды (1789 ж., Франция).  Бұл рухани жаңғырудың гума­ни­тарлық ойдан, сана болмысы­нан бастау алатындығын, сөй­тіп қана қоғамдық өмірдің өзге қабаттарына жан бітіп, әлеу­меттік өмірдің шындығына ұла­са­тындығын көрсетеді. Бір ғана адам бейнесінің сана сүзгісінен қайыра өтуі – Еуропа ұлтын өнер­кәсіптік төңкерістерге бастап, М.Вебердің тілімен айтқанда, мәде­ни капитализмге алып келді. Сол себепті Елбасы мақаласында көте­ріліп отырған мәселелер отан­дық гуманитарлық ғылым мен шы­ғар­машылық ойдың өзегіне айналып, ондағы адамның бейнесі қандай бол­мақ керектігі туралы идеялар мен көзқарастар жүйесі таным елегі­нен өтуі тиіс. 

Мәселен, Елбасы мақала­сын­дағы қазақстандық «рухани жаң­ғыру», кемінде өзара байланысты, бірін-бірі болжайтын келесідей төрт мәселенің қисынын қамтиды деп есептейміз. Біріншіден, жалпы­қа­зақстандық азаматтық қоғам ор­нату мұраты айнымас мақсаты­мыз болуы тиіс. Екіншіден, жалпы­қа­зақ­стандық азаматтық қоғамды мем­лекеттік тіл факторы негізінде құру мәселесі. Үшіншіден, жалпы­қазақ­стандық азаматтық қоғамды құруда мемлекеттік тілдің интеллек­­туалды әлеуетінің жетіп-арты­латын болуы және соған жағдай туғызу мәсе­лелері. Төртіншіден, жалпықазақ­стандық азаматтық қоғамның «Мәңгілік Ел» аталатын өрке­ниет­тік құбылысқа ұласуы үшін мемле­кеттік тілде төл филосо­фиялық жүйені қалыптастыру міндеті.

Ал жалпықазақстандық аза­мат­тық қоғам орнату мемлекеттің саяси басшылығының ғана емес, ол сонымен бірге бүкіл қазақ­стан­дықтардың ортақ арманы, аза­маттық өремен таңдалған жолы болуы тиіс.  

Бұл ретте, Елбасымыз көрсетіп бер­гендей, мемлекеттік тіл – қазақ­стандықтарды ұйытушы бірден-бір факторға шынайы айналуы қа­жет. Онсыз, азаматтық ұлтты – қа­зақ­стандықтарды қоғам­дық сана­да орнықтыру мүмкін емес. Бұл жо­ғарыда айтып кеткені­міз­дей да­мудың тарихи сығымдал­маған һәм эволюциялық жолы. Мемле­кеттілік пен мемлекет ұғым­дарын «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы біте-қайнасқан мәндерге айналдырудың табиғи тетігі. Қазақстанның оқыс өзге­ріс­терге бой алдырмай, сондай-ақ, тамы­рын тәуелсіздіктің мұраттары­нан тартатын басты жолынан да көз жазбай, елдің әлеумет­тік-мәдени ерекшелігін, саяси ахуа­лын ескере отырып, азаматтық қоғам идеяла­рын кезең-кезеңімен, бір­тіндеп бекі­туге кірісуі – мемлекет­ті­лігіміз­дің баянды дамуының бас­ты кепілі.

Әлемде соғыс өрті мен қақ­ты­ғыс­тар өршіп тұрған осы күнгі елдердің бәріне тән ортақ бір белгі бар. Ол – шынайы азаматтық қоғамның пісіп-жетілмегендігі. Сол елдерді мекендеуші халық­тар­дың арман-тілегі бір – азамат­тық ұлтқа ұласып, ортақ мәмілеге негізделген бейбіт өмірді орната алмауы. Сондықтан, жал­пы­қа­зақ­стандық азаматтық қоғамды орнату – мемлекеттің, бұқара ха­лықтың және ең бастысы, ғылым мен шығармашылық адамдарының қасиетті парызына айналуы тиіс. Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Қа­зақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің айна­ласында топтасып, азаматтық ұлт болып ұюымыз керек. Ол үшін барша қазақстандық өз ұрпа­ғының болашағын мемлекеттік тілге сеніп тапсыратындай жағдай туғы­зуымыз керек. Әлемдік ғылым мен білім жетістіктері мемлекеттік тілде қолжетімді болмай, ортақ Ота­нымызда тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдері ұрпағын қазақ тілінде оқытуға ыхтиярлы бола қоймайды. 

Мемлекеттік тілдің ғылым мен білім тілі ретінде дамытылуы – әрбір қазақстандық азамат­тың экономикалық мүддесін оятып, бірінші кезекте осы бір праг­мати­калық үдеден шығатын заманауи мәртебеге ие болуы тиіс. Бұлай болмайынша мемлекеттік тіл факторына ұйыған азаматтық қоғам орнату мұраты кейінге қалып, кешеуілдей береді. Интеллектуалды ұлт жобасы мен азаматтық қоғам идея­лары – сайып келгенде бір арнаға тоғысатын, бірін-бірі то­лықтыратын қазақстандық әлеуметтік-мәдени құндылыққа ай­налуы керек. Азаматтық қоғам құ­рып, өмір сүру мұратының негі­зінде мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тіліне айналуын меңзейтін сарабдал саясат жатыр. 

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ, 
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты
АЛМАТЫ