Аймақтар • 25 Шілде, 2017

Еңселі ескерткіштер сап түзеді

650 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Барқытбелдің баурайында, қасиетті Тарбағатай жерінде, бұрын­ғы аудан орталығы – Ақжар өңі­р­інде ел көңілін серпілткен бір­қатар тағылымды іс-шаралар өтті.

Еңселі ескерткіштер сап түзеді

Ең әуелі Ақжар ауылының қақ ортасында ұлы Абайдың ең­селі ескерткіші салтанатты түр­­де ашылды. Биіктігі тұғы­ры­мен қоса алғанда 7 метр болатын туын­дының авторы – Тар­ба­ғатайдың тумасы, есімі елге белгілі суретші Әлібек Шоқанов. «Бұл – менің Тарбағатай ауданындағы екінші Абайым. Былтыр Ақсуат ауылында һәкімнің мүсіні қойылған болатын. Ескерткішті қашауға екі ай уақыт жұмсадым. Әрине, оңай болды деп айта алмаймын. Ұлы ақынға бұған дейін қойылған ескерткіштердің барлығын мұқият қарап шықтым. Данышпанның ойлы кейіптегі бейнесін көрсетуге тырыстым. Жүрек тұсында – оң қолы, сол қолында – кітабы. Сон­дық­тан бұл жерге келген адам ақын­ның өлеңдерін, қара сөздерін еске алып, тұлға рухына бас иеді деп ойлаймын», дейді суретші. Ескерткіштің ашылу салтанатына ақынның туған топырағы – Абай ауданынан әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің рухани інісі болған, қаламгер Кәмен Оразалиннің ұлы Елдар Оразалин мен Әсет Мыр­зақасым арнайы қатысып, ұлы­лар елінің лебізін жеткізді. Соны­мен қатар Ақжарда белгілі жур­налист, қаламгер, ұзақ жыл­дар облыстық «Рудный Алтай» газетінде қызмет атқарған Шәкер­хан Әзмұханбетовтің «Үкілі найза ұстаған үш Байжігіт» атты кіта­бы­ның тұсаукесер рәсімі өтіп, шара соңында кітап авторына «Тар­бағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы табыс етілді.

Дәл осы күні Маңырақ ауы­лында да бірқатар игі шаралар ұйым­дастырылды. Шараның ең үл­кені – Қаракерей Қабанбайдың немере інісі әрі үзеңгілес серігі болған, Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында ерлігімен көзге түскен Дәулетбай батыр мен баһа­дүрдің ұрпағы, ақын Әрімжан Жанұзақұлына еңселі ескерткіштің қойылуы. Ерекше атап өтерлігі, қос ескерткіш те «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында бой көтерген.

Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев елге тұтқа, жерге пана болған ерлердің есімдерін ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғырту Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласының аясында қолға алынып жатқанын, Мемлекет басшысының толғамы ауылдағы азаматтардың жігерін жанып, үлкен серпін бергенін, туған жерге деген құрметін арт­тыра түскенін айтады. Мәселен, Ек­пін ауылының тумасы, кәсіп­кер Дулат Тастекеев туған ауы­лын­дағы бір көшені 15 миллион теңгеге толықтай ас­фальт­тап беріпті. Мұндай мысал­дар­ды көп­­теп келтіруге болады. «Бұрын аудан орталығы болған, шал­ғай­дағы Ақжар өңіріне әрдайым көңіл бөліп келеміз. Алаштың ғана емес, адамзаттың ақынына айнал­ған Абай ескерткіші Парижде бар, Мәскеуде бар, Бейжіңде бар. Жалпы, ұлы ақынға еліміздің қай қаласына, қай ауданына, қай ауы­лына ескерткіш қойсақ та артықтық етпейді. Өйткені Абай – барша қазақтың Абайы. Ал ұлы тұлғаның Ақжардың төрінен орын алуы елді мекеннің еңсесін тіктеп, мұндағы игі істердің еселене түсуіне жол ашады деп ойлаймыз», деген аудан басшысы жақын күн­дері Ақсуатта «Туған жерге туың­ды тік» атты халықаралық айтыс ұйымдастырылып, Сасан би мен Тана мырзаға да еңселі ескерткіш қойылатынын жеткізді. 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, 
Тарбағатай ауданы