Қазақстан • 25 Шілде, 2017

Қандастарға құшағымыз ашық

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маусым айында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайының бірнеше ерекшеліктері бар. Біріншіден, оның «Рухани жаңғыру және шетелдегі қазақтар» деген айдар­мен өтуі. Екіншіден, құрылтай қонақ­т­арының 80 пайызға жуы­ғы бұрын қатыспаған жаңа адам­дар болса, осылардың 60 пайыз­дан астамы 35-ке дейінгі жас­тар. Құрылтайға әлемнің 39 елінен делегат, оған қоса Қазақстанның барлық облыстарынан зиялы қауым өкілдері келді.

Қандастарға құшағымыз ашық

Сондықтан да жиын бары­сында қазақ жастарының фо­ру­мы өтті. Форумға шетелдік бауыр­ларымыз және өзіміздің «Жас Отан», «Жасыл ел» сияқты жас­тар ұйымдары, «Болашақ» бағ­дар­ламасы арқылы шетелде оқып жүрген студенттер қатысты. Үшінші ерекшелік – туғанына 100 жыл толып отыр­ған дінтанушы-ғалым Хали­фа Алтайдың мерей­тойына орай «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты халық­аралық ғылыми-практи­калық конференцияның өткізілуі. Құрылтайдың төртінші ерек­шелігі – оның баламалы энер­гия бойынша жер жүзінің инно­ва­циялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесі ая­сын­да өтуі. Өйткені бұл көр­ме Қа­зақ­станның мерейін асы­рып, күл­лі әлемнің назарын өзіне ауда­рып отырған үлкен шара болып табылады. Тәуел­сіздіктің 25 жы­лында дүние­жүзілік қоғам­дас­тық алдында зор беделге қол жеткізген Қазақ­станның әрбір қада­мы сыртта жүрген ағайынды қуан­тады, мақтаныш сезіміне бөлейді. Бұл оқиғалардың сәйкес келуі қай жағынан қарасаңыз да барлық тараптан үйлесімін тапқан берекелі де баянды істің көрінісі екені анық.

Алқалы жиында сөз алған Мемлекет басшысы ең ал­ғашқы құрылтай өткен 1992 жылдан бері елімізде қол жет­кізілген жетіс­тіктер тура­лы ­баян­­дады. «Еліміздің бола­шақ­қа бастар бағыты мен мақ­са­ты да айқын. Алдымызда тұр­­ған «Қазақстан-2050» Стратегия­сының негізгі мақсаты – өркен­деген, дамыған ең озық елдердің қатарына қосылу», деді Елбасы.

Президент «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақа­ласында айтылған мәселелер осы белгіленген жұмыстардың өзегі болатынын жеткізді. Бұл қоғамдық сананы түбе­гей­лі өзгертіп, жаңа ұрпақ қалып­тастыруға бағытталған алты жо­ба­ны қамтиды. Солардың бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғы­лым мен білімге кірігуін, әлем қа­зақ­тарының рухани тұтастығын қам­тамасыз ететін бірегей қадам болып табылады.

«Туған жер» бағдарламасы әрбір азаматтың туған еліне, же­рі­не қамқор болуын көздейді. Әр азамат өзінің тарихи Отаны­на жақ­сылық істесе, ол бүкіл халық­тың берекесіне айна­лады» дей келіп, Елбасы қандас­тарымызды осы жобаға белсене қатысуға шақырды.

Өткен ХХ ғасыр қазақ хал­қы үшін қияметке толы өте ауыр жылдар болғаны аян. Ста­лин­дік режім қазақ үшін сөз айта ала­тын бас көтерер қайрат­кер­лердің барлығын жойып жібер­ді. Қиын кезеңде қаншама қазақ бас сауғалап жан-жаққа шашы­рап кетті. Қазіргі таңда мил­лиондаған қандасымыз шетел­де тұрып жатыр. Үштен бір бөлігі әлемнің 40-тан астам елі­не тарыдай шашырап кет­кен жер бетінде бірде-бір халық жоқ шығар. Тәуелсіздік жыл­дарын­да 1 миллионнан астам қандасымыз елге көшіріліп алынды. Бұл Елбасының тарихи ұлы іс­терінің қатарына жатады. 1991 жылы еліміздегі қазақтың үлесі 40 пайыздай болса, қазір бұл көр­сеткіш 70 пайыздан асады. Құ­рылтайдағы сөзінде Прези­дент елге бағытталған ұлы көш тоқ­та­майтынын, жалғаса беретінін қадап айтты.

Мемлекет басшысы шет­тегі және елге көшіп кел­ген ағайын­дарды қолдау үшін «Отан­дастар» атты қор құруды және оған елдегі қалталы азаматтарды тартуды тапсырды.

Құрылтайда Елбасы айтқан тағы бір маңызды мәселе – шет­елдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуларына бар жағдайды жасау. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Қан­дастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін олар­ға бөлінетін квотаны екі есеге кө­бейтуді Үкіметке тапсырды. Демек, ендігі жерде Қазақстан тара­пынан шетелдегі жастарға бөлі­нетін жоғары білім гранты 4 пайыз деңгейінде болады.

Аталған мәселе М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университетінің Шет­ел студенттерімен жұмыс жүр­­гізу және жоғары оқу орны­на дейінгі дайындық факуль­тетін­де айрықша ризашылық сезі­мін тудырды. Бүгінгі таңда факуль­тетте 12 елден кел­ген 700-ден астам студент және дайын­­дық бөлімінде жүзге тарта тың­даушы оқып жатыр. Олар­дың басым бөлігі – өз қан­дас­тары­мыз. Сонымен қатар Елба­сының шетелдегі қазақ балалары үшін арнайы стипен­диялық бағдарлама енгізу туралы Үкі­метке берген тапсырмасы да қуанышқа бө­леу­де.

Шет елдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыру мәсе­лесі де Елбасы сөзінде айтылды. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселеге қатысты да тапсырма жүктеді. Көршілес Өзбекстан Республикасында 1 миллион 400 мың қандасы­мыз тұрып жатыр. Қазақ диаспорасының қалың шоғыр­ланған өңірі – Ташкент обылысы. Міне, осы жағдайды ескере оты­рып, Ташкент қала­сында ОҚМУ-дың өкілдігін ашу мәселесі де қолға алынып отыр. 

Бүгінде егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып ту тігіп отырған Қа­зақстан Республикасы – қа­зақ атты халықтың төрткүл дү­ниедегі бірден-бір Отаны, арқа сүйер сүйеніші. Жақында өткен құ­рылтай осыны тағы да дәлелдей түсті деп ойлаймыз. 

Сейдехан ӘЛІБЕК, 
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Шет ел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы