25 Шілде, 2017

Саудада да имандылық керек

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

– Қымбатшылық асқынып тұр. Бәрінің де бағасы удай! – Неге олай? – Өйткені, ар-ұят арзандап, иман­дылықтың еңсесі еңкіш тар­т­қан кезде материалдық қа­жет­ті­ліктердің құны шарық­тайтыны заң­дылық. Бір танысыммен болған бұл шағын диалог мені әжептәуір ойландырып тастады...

Саудада да имандылық керек

Қымбатшылық жүйкеңе тигенде бірінші кезекте әкім-қараларды жазғырып, оларды базарлар мен түрлі сауда орындарын тиісті дең­гей­де бақыламай отыр деп атқа те­ріс мінгізгендей күстәналап, оң­ды-солды кінәлаймыз. Дұрыс та шы­ғар. Бірақ осы орайда мәселенің мә­ні­сіне бір қырынан ғана қарамай, яғни қарақойын қымбатшылықтың туындауына билікті кінәлай бермей, қалыптасқан жағдайдың басқа тұстарына да ой жүгіртіп көру жөн секілді.

Мәселен, «Ар-ұят арзандап, иман­ды­лықтың еңсесі еңкіш тартқан кезде материалдық қажеттіліктердің құны шарықтайтыны заңдылық» деген танысымның жоғарыдағы сөзіне зер салсақ, бүгінгі қымбатшылықтың ту­ын­дауына тікелей немесе жанама әсер етіп отырған жағдаяттар анық­тала түседі. Нақтылай айтқанда, сау­да-саттық орындарын ұсынушы қо­жайындардың, делдалдардың, сау­дагерлер мен сатушылардың ар-ұяты мен имандылығының деңгейі де бүгінгі ішкі нарығымыздағы көңіл-күйге ықпал ететіні қаперімізде болуы керек. 

Бірде базарға аяқ киім алуға бардым. Көзім қап-қара, жалт-жұлт еткен туфлиге түсті. Сатушы жігіт құ­нын айтты. Бағасы қымбат екен. Со­ған қарамай сатушының тамырын басып, шімірікпей оның сұраған со­масының жартысына бер дедім. Анау бастапқыда келісіңкіремей тұрды да, көп ойланбастан көне салғаны. Содан рахметімді жеткізе келіп, «Сен бастапқы ұсынған сомаңның жартысына мына туфлиді бере салғаның қалай? Өзіңе не қалады?» дедім. Ол күліп тұрып, «Ей аға, оның үстінен 2-3 мың теңге қалмаса, сатпаймын ғой», деді. Мен іштей ойланып қалдым. Сон­да ол әлгі бастапқы соманы былай қойып, жарты бағасының өзінен пайда көріп тұрса, тауарын алғашқыда екі есе қымбатқа саудалағаны да. Иә, мұндай көріністермен талай мәрте кездестім. 

Бүгінде доллар бағамы көтерілді, жанармай бағасы өсті деп, өз тауар-ларын шамадан тыс қымбаттатып жіберетіндер көп. Дұрыс, уақытына, жағдайға қарай бағаны өсірсін, бірақ ол шамадан тыс болмауы керек қой. Бұл жерде ар-ұят пен имандылықтың, қанағатшылықтың да басты рөл ойнайтынын мойындағанымыз абзал.

Осы арада осыдан бірер жыл бұрын өзім куә болған мына жайтты айта кетейін. Ақмола облысының Ақмол ауылынан Астанаға қатынап жұмыс істеймін. Көлігіміз – такси. Бір бағытқа жол ақысы – 300 теңге. Таксиші 4 адам алмай орнынан қозғалмайды. Бір күні таксишілер жанармайдың 10 теңгеге қымбаттағанын желеу етіп, жол ақыны 100 теңгеге өсірді. Бензин бағасы 100 емес, 10 теңгеге ғана артқанын бі­ле­тін Целиноград аудандық әкім­дігінің өкілдері таксишілерді рай­ынан қайтара алмай, бірер күн өт­кен­де ретін тауып, Астана-Ақмол ба­ғытына арнайы он екі орындық екі-үш машина шығарып, араға дембіл-дем­біл, арзан бағаға жүргізіп қойды. Ақырында таксишілер тығырыққа тіреліп, нәтижесінде әкімшіліктің дегеніне көніп, жол кірені 300 теңге етіп, қайта белгіледі. Осылайша күн сайын әр адамнан 300 теңге алып, 3-4 рейс жасап, 7-8 мың теңге тауып жүрген таксишілер қанағатсыздыққа салынып, қымбатшылықты қолдан жасағаны бар. Міне, дәл осындай мысалдар елімізде жеткілікті.

Шағын мақаламыздың тұздығы ретінде бір аңыз-әпсананы айта кетсем артықтық етпес. Бір мұсылман саудагер мата сату үшін Индонезияға барып, әкелген затына шариғатқа сай баға қояды. Бірде оның сатушысы әлдекімге бір матаны жоғары бағаға пұлдап, 5 рупия артық тапқанын айтады. Саудагер сонда: «Бұл матаның құны 5 рупия, ал оны 10 рупияға сатқаның дұрыс емес. Ол артық ақша бізге адал болмайды. Алған адамды тап!» дейді. Сатушы: «Мен оған пайда түсіріп тұрсам, ол иесіне қайтар дейді», деп іштей наразылық білдіреді. Сатушы қожайынының әмірімен зат сатқан адамын тауып, ертіп келеді. Саудагер әлгіден кешірім сұрап, артық алған ақшасын қайтарып береді. Бұл оқиға ел патшасының құлағына жетеді. Патша әлгі саудагерді шақыртып алып, «Бұл елдегі алғаш рет басқаның мал-мүлкін жемей, қайтарып берген адам сенсің, мұның сыры неде? – деп сұрайды. Сонда саудагер: «Мен мұсылманмын. Біздің дінімізде сауда-саттықта әділ болуды әмір етеді», дейді. Бұған таңырқаған патша ислам туралы сұрап, оның хақ дін екеніне көз жеткізіп, еліне ислам дінін қабылдауға жарлық еткен көрінеді.
Біз ислам дінін әлімсақтан тұтынып келе жатқан елміз. Сондықтан діні­міз­ді ұстын етіп, имандылық пен қа­на­ғат­шы­лықты берік ұстанып тіршілік етуге түбегейлі бет бұрсақ, бізге ешқандай қым­батшылық өзінің қамытын кигізе ал­майды, ағайын.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»