– Жавлон Кәмилжанұлы, елорда төрінде өңірлік өзбек театры алғаш рет өнер көрсеткен екен. Өнер бәйгесіне бұл спектакль тегін таңдалмаса керек-ті?
– «Сайрамда бар сансыз бап» деп күллі мұсылман баласы зиярат етіп келетін қасиетті өңірге қоныс тепкен біздің театр өнер бәйгесіне қатысушылардың ішіндегі ең жасы болғанмен, қойылымдар, ұлттық музыка мен декорация, ән мен мәнер қайталанбайды. Мәдени-тарихи ескерткіштерге толы, туризмнің ошағына айналуға лайық өлкеде орналасқандықтан қарабайыр қалыпта, аудандық деңгейде қалып қоюға тағы хақымыз жоқ. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен тұсауын кескен театрға биыл 15 жыл толмақ. Күзде мұны арнайы атап өткелі отырмыз. Ал Астанадағы Қазақстан Ұлттық (этникалық) театрларының IV республикалық фестиваліне Леонид Соловьевтің шығармасы бойынша Өзбекстанның танымал режиссері, актер Сайфиддин Мелиев инсценировкалаған «Қожанасыр Сайрамда» музыкалық спектаклін алып келдік. Комедия жанры болғанмен, қойылым тарихи ескерткіштерді қорғау мен тұлғаларға құрмет көрсету идеясы жағынан өте құнды.
– Театр әртістерінің кәсіби деңгейі туралы айтып өтсеңіз?
– Олардың сексен пайызы кәсіби білімі бар актерлер. Көпшілігі Ташкент өнер университетінде, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетте театр ұжымына жетекшілік мамандығы бойынша білім алғандар.
– Қожанасырмен қазір халықты күлдіру мүмкін бе?
– Комедия десек, Қожанасыр десек, жұрттың бәрі жаппай күле береді екен деу – қате түсінік. Күлдірте отырып, көзге жас алдырту – үлкен өнер. Ал Қожанасыр шығыс халықтарына ортақ тұлға болғандықтан, ол туралы әр өңірде түрлі нұсқалар, қойылымдар сақталған. Біздің спектакльдің олардан ерекшелігі, мұнда хикаятты түгел қамтымай, ішінара тек халыққа қызықты-ау деген тұстарын ғана таңдап алдық. Мұнан кейінгі тағы бір ерекшелігі, Қожанасыр өткен заманда өмір сүріп кеткен тұлға емес, ол бүгінде арамызда жүр. Мақсатымыз халық қадірлеген бейне мәңгі өмір сүре береді деген ойды алға оздыру болатын. Тапқыр, дарынды, қоғамның дертімен күресіп жүретін Қожанасыр кейпіндегі шыншыл, адал жандар қазір де бар ғой арамызда. Ол жұрт әжуалап, майпаздап мақтағанға масқарапаз кейіпке енетін кекесін кескін емес.
...«Қожанасыр Сайрамда» музыкалық комедиясы «Қожанасыр әңгімелері» негізінде жазылған. Бұқарадан қонақ болып келген Қожанасыр Сайрам тұрғындары арасында өз әділдігімен айласын асыра отырып, өмірде оның бар екендігін халыққа жеткізуді көксейді. Және осы ойы жүзеге асады.
– Ұлттық театрлар қойылымы басқа театрлардан несімен ерекшеленіп тұруы керек?
– Мысалы, біздің театрда спектакльдегі барлық әндер жанды дауыс-та орындалады. Қожанасыр туралы музыкалық туындыда осы қырымыз өте сәтті көрініс тапты. Мұндағы музыкалық шығармалардың сахнада жанды дауыс-та орындалғаны жұртқа ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар спектакльге өзбек халқының ұлттық аспаптарын алып шығу үлкен жетістік деп санаймын. Әртістеріміз әмбебап – дабыл, дойра, рубаб, дутар аспаптарында ойнайды.
– Халықтық әуендерді заманауи үлгіге түсіруде кейде түпнұсқаға зиян келтіріп алып жататынымыз рас. Сіздер мұны қалай жүзеге асырдыңыздар?
– Музыкалық жанрдағы спектакль болғандықтан өзбек халқының ұлттық фольклорлық әндеріне қоса кейбір халықтық әуендерді қазіргі заманауи ырғаққа салуға тура келді. Бұл ретте режиссер Сайфиддин Мелиев шеберлігіне ризамын. Қойылым жүгін негізінен музыканың көтеріп тұрғаны қандай ғажап. Осы орайда өнер майталманы көрерменнің жанына не керек екенін, неге зәру екенін дөп басқаны анық. Жаңа әндерді фольклорлық нақышпен әрлеп, заманауи спектакль жасау талпынысы сәтті өрілген деуге толық негіз бар. Айта кету керек, музыкалық шығармалардың 80 пайызы ұрпақтан ұрпаққа тарап келе жатқан көне мұраларымыз болып табылады. Махаббат сахналарына жазылған әндер де әсерлі, әдемі.
– Бұл спектакль қай жылы қойылған?
– Былтыр қазан айында премьерасы өткен болатын.
– Өзбек театры өңірлерге гастрольдік сапармен жиі шығып тұра ма?
– Ташкент қаласына жыл сайын барамыз. Онда тұрақты көрермендеріміз бар. Алматы, Түркiстан, Тараз, Қызылорда, Көкшетау қалалары мен Созақ, Түлкiбас, Төле би, Қазығұрт аудандарында өнер көрсеттік. Театр әртiстерi түрлi деңгейдегi байқаулар мен фестивальдарда жүлделi орындарға ие болып жүр.
Белгілі драматург Рахымжан Отарбаевтың Атырауда өткен фестиваліне өзім сахналаған «Аяулым, Анфиса» спектаклімен қатысып қайттық. Енді міне, ЭКСПО-2017 көрмесінің арқасында елорда төрінде өнер көрсету бақытына ие болып отырмыз. Құдай қаласа, күзде Таразда театрлар фестивалі ұйымдастырылмақ. Соған шақырту алдық. Одан кейін осы жылдың аяғында Қырғызстанның Бішкек қаласына өнер сапарымен бару жоспарымызда бар.
– Репертуардағы қандай тұшымды қойылымдарды айрықша атап өтер едіңіз?
– Ұлттық комедиядан басқа жаһан классикасынан сахналанған туындылардың орны бір бөлек. Биыл «Эдип патшаның» қаңтар айында премьерасын өткіздік. Мұны белгілі режиссер Қуандық Қасымов сахналады. Одан басқа Ресейдің, Американың авторларына атбасын бұрған жайымыз бар. Сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың хикаяты бойынша қолға алынған «Шыңғысханның ақ бұлты» спектаклін Шымкентте өткен «Театр көктемі» фестиваліне апарып, жүлделі орынға ие болдық.
– Республикалық, облыстық театрлардың өзінде режиссерлер жетіспейді деген пікірді жиі алға тартып жатады...
– Бізде де режиссерлер өте аз. Негізі мен актер мамандығы бойынша бітіргенмін, бірақ соңғы уақытта режиссура саласына тер төгіп жүрмін. Еншімде алты спектаклім бар. Бірақ мұнымен тоқтамаймын, ойымда жүрген жобаларым көп. Кей жағдайда режиссерді сырттан шақыруға мәжбүрміз. Мысалы, Өзбекстаннан Олимжон Салимов, Тәжмұхамед Исрайылов, Авлиеқули Хожақулиев, Махсуд Мансуров, Минаввара Абдуллаева, Қаһрамон Садуллаев сынды майталмандар келіп жұмыс істесе, ал Жетiсай, Шымкент қалаларынан режиссерлер Ғазиз Арынов, Асқар Алтынбеков, Әскер Құлданов шақырылды.
– Алдағы уақытта көрерменге қандай спектакльдер ұсынылады?
– Жақын күндерде үлкен бір мәдени оқиғаға куә болғалы отырмыз. Өзбекстандық режиссер Марат Азимов сахналаған шығыс шайыры, философ Науаи бабамыз туралы туынды тарихи тұлғаны жадымызда жаңғырту ғана емес, тереңнен бастау алатын тамырымызға, байырғы бабалар рухына перзенттік сүйіспеншілігіміз, рухани ескерткішіміз болмақ. Одан басқа Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» шығармасы желісімен қойылған екінші құнды спектакль жыл аяғына дейін дайын болады деп күтілуде.
– Қазақ драмургтерінен мұнан өзге тағы кімдер сахналанды?
– Байғали Есенәлиевтің «Мұхаммед Хайдар Дулати» тарихи трагедиясын сахналадық. Екі жыл бұрын Шымкент қаласында өткен Ұлттық театрлардың ІІІ фестиваліне осы спектакльмен барып қатысқан болатынбыз. Жалпы, авторлар аз емес. Негізі өзбек театрында жыл сайын кем дегенде екі қазақ драматургінің шығармасы қойылады.
– Спектакльдер қай тілде орындалады?
– Тек өзбек тілінде ғана. Ал бірақ мұнан басқа әзірлеген концерттік бағдарламаларымыз бар. Онда өзбек хошықтарына қоса қазақша, орысша, түрікше, татарша әндер орындалады.
– Астанаға театрдан қанша адам келдіңіздер?
– Барлығын қосқанда, жиырма сегіз адам келдік. Олардың ішінде өнер шеберлерінен Сейдікәрім Махмұдов, Ұлықбек Насыров, Рустам Сайдхуджаев, Венера Нышанбаева, Вахила Абдурахманова есімдерін айрықша атап өткен жөн.
Өнерімізге белгілі театр және кино режиссері Талғат Теменов бастаған құрамында Германиядан келген Рахима Абдувалиева, британдық театр режиссері Дэвид Папава, АҚШ-та, Ұлыбританияда білім алған ирландиялық тәуелсіз сыншы Сара Коплэй бар қазылар алқасы баға берді. Кемшіліктер, олқылықтар ортаға салынды. Бұл сапардан өз басым көп сабақ алып кетіп барамын.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»