Тіпті қазір қалаларда жарнамасы жер жаратын оқу орталықтары жұмыс істейді. Олар көп жағдайда үш айда тіл үйретіп, аз уақытта ҰБТ-ға әзірлейміз дейді. Өнер жолына баулып, шебер етіп шығаратынын айтады. Ментальді арифметика деген және бар. Әрине, баланың қабілетіне қарай дайындап жатса, еш қарсылық жоқ. Дайындаймыз дегенді желеу етіп, топ-топ баланы жинау барлық уақытта нәтижелі болмасы белгілі. Алғашында балаларын аптыға басып апарғандардың кейін меселі қайтқанынан хабардармыз. Бес-алты жастағы балаларға шахмат үйретемін деушілер де табылып жатады. Егер соның бәрі жүйелі жүргізілсе, әр баланың алымына қарай тиянақты жұмыс жасалса, нәтижесі қуантары хақ. Қазақтың атақты режиссері Сатыбалды Нарымбетов кино түсіру жұмысында түрлі жағдайлардың болатынын, арзанқол фильмдердің жарыққа шығып, көрермендерді мезі ететінін, өзінің алға қойған мақсаты «...зерделі көрермен тәрбиелеу» екенін айтып, кейбір кино түсіретіндер туралы «официант режиссерлер» барын тілге тиек етіп, олар: «Сізге лағман кино керек пе? Міне! Жылататын фильм қаласаңыз, ішіне бұрыш салып берейін» дейтінін алға тартады. Сол секілді репетиторлық жасаушылар да сондай тәсілге кетіп жатқан жоқ па деген ой мазалайды. Өткен жылдары ментальді арифметикаға оқытамыз дегендер көбейіп кеткен еді. Оған да ата-аналар ақшасын төлеп балаларын апарып жатты. Бұл туралы дарынды математик, академик Асқар Жұмаділдаев: «Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд, ал не болыпты? Оны калькулятормен есептей салған оңай емес пе?» дейді де, «Бұл – біреудің Америкадан алып келген франшизасы... ақша табудың жолы. Мынау да сол сияқты. Көшеге шығып саусақтарыңмен бүйтіп-бүйтіп, тез-тез есептеп бересің», дейді де, тәсіл ғылымның маңайына да жоламайтынын еске салады.
Қайталап айтамыз, қосымша білім керек. Нарықты желеу етіп, бірінші кезекке теңгені шығару қателікке ұрындырады. Алда айтқанымыздай алдымен репетиторлар пән бойынша баланың қабілетін біліп алуы тиіс. Содан кейін ғана жүйелі түрде дайындаса, жұмыс нәтижелі болады. Әрине, репетиторлардың бәрі бірдей дей алмаймыз. Ақшадан гөрі адам тағдырын ойлайтын азаматтар баршылық. Жалпы, қандай орталық болса да білім ісін отандық стандартқа бейімдеуі керек. Өзгелердің жетістігі деп бәрін тықпалау, тыраштану болады. Оның пайдасынан зияны мол. Кейбір ата-аналар баланың болашағынан бұрын құлағының тыныштығы үшін репетиторлардың білім-білігіне қарамай, жарнамаға сеніп, ал дайында деп бере салатыны бар. Бала оларға емес, ата-анаға керек. Сондай жағдайлардан балалардың арасындағы тәртіпсіздік орын алып жататынын да естен шығармаған жөн. Қалай десек те, мектептегі білім мен дайындық орталықтарындағы әзірлік оқушыны екіұдай ойға қалдырмауы керек. Қандай білім болса да тәуелсіз елдің білім заңына сай болуы тиіс. Миллиондаған ұрпақтың болашақта сауатты да саналы болып өсуі үшін мемлекетіміз әр жыл сайын миллиардтаған қаржы бөліп, барлық жағдайды жасап келеді. Осыны ескерсек, ұтылмаймыз. Осы арада мына бір нәрсені еске сала кетсек дейміз. Бір кездері ұлт мұғалімі атанған Қанипа Бітібаева мектептен тыс оқушыларды дайындайтындар жайлы түйінді пікірлерін айтқаны есте. Ол әсіресе, он бір жыл бойы білім берген оқушылар ҰБТ-ға әзірлеушілер бір айдың ішінде білімдар етіп шығардық дейтінін, олардың бәрі бәйгеден жүлде ала бермейтінін, ол үшін біраз ата-ананың өкінетінін, ал озып келгендердің әке-шешелері мұғалімдерге: «Сендер дұрыс білім бермедіңдер. Міне, баламның бағын жаққан ана азамат, не азаматша», деп дөңайбат көрсететінін назарға салып, мұны дұрыс жолға қою керектігін алға тартқан болатын. Ондайларға рұқсат берген кезде жан-жақты талдаулар жасауды ұсынған еді.
Бұл күндері қосымша оқытамыз деп баланың балалық дәуірінен ажырататын ата-аналар баршылық. Иә, оқыту керек. Бірақ оқытамыз деп ұл мен қыздың білімге ынтасын төмендетіп алмағанымыз жөн. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір дәйек келтірер болсақ, академик Мұхтарбай Өтелбаев бірінші курсқа келген студенттердің арасында қала балаларының көп жағдайда оқудан, техникалық құралдардан жалыққанын, өздерін бостандыққа шыққандай сезінетінін айтқаны бар еді. Ендеше, орталықтарда болмаса, репетиторлықпен бала оқыту ісін жетілдіреміз деп мемлекеттік мектеп пен онда қызмет етіп жатқан ұстаздардың беделін түсіріп алмауды бірінші кезекте ойластыру қажет. Дамыған елдерде бұл іс өзіндік арнасымен дамып келеді. Ол елдердегі мұғалім беделі өзге мамандықтардан биік тұратынын естен шығармағанымыз ләзім. Өзгенің озығы мен өзіміздің ұлттық білім жүйесін ұштастырсақ қана ұтылмасымыз айдай анық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»