Қазақстан • 27 Шілде, 2017

Мемлекет дамуының меридианы

304 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаңа қазақстандық арманға қол жеткізудің бағдары ретінде белгіленген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысын халыққа уақытылы жеткізіп отыру тиісті мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі.

Мемлекет дамуының меридианы

Өйткені бұл құжат еліміздің уақыт талабына икемделе дамуына жол ашып қана қоймай, қоғамымыздағы көптеген түйткілді мәселелердің оңтайлы шешілуіне мүмкіндік бермек. Қарапайым халықтың мүддесі, талап-тілегі барынша ескерілген Ұлт жоспарының бүгінге дейін қандай қадамдары іске асырылды? Алдымызда  қандай міндеттер тұр? Шағын сараптамамызда осы сұрақтарға жауап іздеген едік.

Еске сала кетейік, 2015 жылғы 6 мамырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын белгілеп берген болатын. Ал ел ішінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары деп аталып кеткен бұл бағдарламалық құжатта көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың практикалық кезеңі 2016 жылдың 1 қаңтарынан басталған еді. Сол тұста Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы жарияланды. Елбасы өзінің бұл мақаласында Ұлт жоспарында көрсетілген мақсат-міндеттердің ішкі мәнін терең талдап, жан-жақты түсіндіре келіп, «Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Әлемде, сөз жоқ, үшінші әлемнен біріншіге қадам басқан елдердің мысалдары бар. Біз олардың жарқын тәжірибелерін зерттейміз және ескереміз. Қазір біз экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық модельдерін өлшем ретінде аламыз. Бүгінде әлемде өзінің жалпыұлттық арманын ұмыт қалудың жүзжылдығынан шыға отырып, әлемнің ең ұлы ұлттарымен бір қатарда тұру тұрғысында бейнелейтіндер кемде-кем. Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз. Мен қазақстандықтарды Ұлт жос­парын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын», деген болатын.

Содан іле «100 нақты қадам» Ұлт жос­парынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру қызу қолға алынып, бүгінге дейін көптеген жұмыстар атқарылды.

Тарқата айтар болсақ, Ұлт жоспа­рын­дағы міндеттердің басым бөлігі орындалды. Мәселен, құжаттың «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» атты бірінші бөліміндегі 15 қадамның он бірі жүйелі түрде жүзеге асырылса, үшеуі орындалу үстінде, ал біреуі кейінге қалдырылған.

Негізінде, уақыт талабына сай кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың маңыз зор. Өйткені, ел дамуында шешуші рөл атқа­ратын мемлекеттік аппараттың кәсібилігі түрлі түйткілдердің оңтайлы шешілуіне, кей­бір қасаң, кертартпа іс-әрекеттердің жолын кесуге мүмкіндік береді. 

Осы орайда тиісті орындардың дерек­теріне сүйенсек, 1-қадам бойынша мем­лекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғырту, яғни мансаптық модельге көшу жүзеге асырылған. Ал бұған дейін, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданатын тұлғалар кез келген бос жұмыс орнына, оның ішінде басшы лауазымына үміткер бола алатын еді. Енді мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған және жұмыс тәжірибесі жоқ тұлғалар өз мансабын тек төменгі лауазымдардан ғана бастайды. Сол сияқты, 2-қадам негізінде төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылатын болды. Дәлірегі, үміткерлерді іріктеу кезінде біліктілік тәсілін енгізу үшін жеке қасиеттерді авто­мат­тандырылған бағалау әзірленді, онда үміт­кер­лердің қажетті құзыреттерінің бар болуы тексеріледі. Сондай-ақ, конкурс өт­кізу ережесіне сәйкес, конкурстық комис­сия үміткерлермен сұхбаттасу барысында жеке қасиеттерді бағалау нәтижелерін ескереді. 

3-қадам бойынша, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мем­лекеттік қызметке алғаш рет қабыл­да­ну­шыларды іріктеу ресімін орталықтандыру, сондай-ақ, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу мәселесі шешімін тапқан, сондай-ақ, бұлардан басқа бірқатар қадамдарда көзделген міндеттер нақты жүзеге асырылса, қалған бөлігі орындалу үстінде.

Жалпы, бүгінде мемлекеттік қызметтің тартымдылығы артып келеді. Бұл орайда Ұлт жоспары аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өз қызметін төменгі сатыдан бастаған тұлғалардың қатары үш есе өскені байқалған. Әрине, осы бағыттағы жұмыстар осымен бітпесі анық. Ол әрі қарай да жалғаса бермек.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заӊныӊ үстемдігін қамтамасыз ету» атты бөлігінде қамтылған 19-қадам бо­йынша атқарылған шаралардың нәтижесі де көңіл қуантады. Мәселен, сот саласына қатысты 10 қадамның барлығы түгел жүзеге асқанын айрықша айтуға болады. Бұл орайда, азаматтардыӊ сот төрелігіне қолжетімділігін жеӊілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оӊтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институтын мемлекеттік басқару академиясыныӊ құрылымынан бөлу, судьялардыӊ есеп беру тәртібін күшейту, судьялардыӊ жаӊа этикалық кодексін жасау, инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қа­ты­сатын дауларды қарау үшін инвести­циялық алқаны ұйымдастыру және басқа да мәселелер өз шешімін тауып отыр.

Сонымен қатар, құқық қорғау орган­дарының жұмысына қатысты Ұлт жос­парында көрсетілген қадамдардың іске асырылуы да өз деңгейінде екенін айтуымыз керек. Бұл орайда полиция қызметін жетілдіру бағытындағы шаралардың оңтайлы іске асырылғанын атап көрсетуге болады. 

Ұлт жоспарында көрсетілген 100-қа­дам­ның тең жартысы «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бөліміне тиесілі екені белгілі. Мұнда көрсетілген ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, экспорттық және им­порт­тық кеден ресімдерінен өту кезінде «бір терезе» қағидатын енгізу, кеден және салық жүйелерін интеграция­лау, мүлікті және қаржыны заӊдастыру ресімдерін оӊайлату, қолданыстағы заӊға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, салық декларацияларын қабылдау және өӊдеудіӊ орталық желісін құру, қол­даныстағы салық режімін оӊтайландыру, өӊірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру, Қазақстанныӊ әлемдік нарыққа шығуы және экспорт тауарлары үшін өӊдеу өнеркәсібіне еӊ кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту, ет өндірісін, сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту, ЭКСПО-2017 инфрақұрылымдары арқауында арнаулы мәртебе бере отырып, «Астана» халықаралық қаржы орта­лығын құру және басқа да көптеген міндет­тердің басым бөлігі жүзеге асырылса, ал қалғандары бүгінде орындалу үстінде. 

Бұған қоса, Ұлт жоспарының 4-5-ші бөлімдері бойынша да атқарылған шаруалар аз емес. Мәселен, «Біртектілік пен бірлік» атты 4-бөлімде көрсетілген 85, 86 және 87-қадамдар толығымен іске асырылса, ал 89, 90-қадамдар орындалып жатыр. Бұл бағыттар бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі бекітілгенін, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы әзірленіп, толығымен жүзеге асырылғанын, сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде 30-дан астам Достық үйі ашылғанын және бұдан бөлек көптеген шаралар қолға алынғанын айтуға болады.

Сондай-ақ, осы орайда Ұлт жос­пары­ның 87-қадамы негізінде «Менің елім» аза­мат­тық бірегейлікті нығайту жалпы­ұлт­тық жобасы мен 89-қадамда көрсе­тілген «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын жүзеге асыру мақсатындағы шаралардың нәти­же­лері жоғары деңгейде екенін айта кетейік. 

Ал Ұлт жоспарының «Есеп беретін мем­лекетті қалыптастыру» бөліміндегі 9-қа­дамдағы міндеттердің өзектілігі де қоғам­ды бей-жай қалдырмағаны белгілі. Әсіресе, бұл орайдағы мемлекеттік басқа­рудан нақты нәтижелер бойынша мемлекеттік басқаруға көшу, мемлекеттік жоспарлаудыӊ ықшам жүйесін құру, аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыс­тарын бағалаудыӊ жаӊа жүйесін енгізу, «Ашық үкіметті» енгізу, ақпаратқа қолже­тім­­ділік туралы заӊды әзірлеу, орталық мемле­кеттік органдардыӊ статисти­калық базалары мәліметтеріне онлайн-қолже­тім­ділікті қамтамасыз ету сынды өзге де мә­се­лелер бойынша нақты жұмыстар қолға алы­нып, олардың басым бөлігі іске асты.

Қорыта айтқанда, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары уақыт сұранысына сай дер кезінде қабылданған құжат екенін дәлелдей білді. Өйткені, осы Ұлт жоспары арқылы Қазақстан тың серпін алып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп отыр.

Жолдыбай БАЗАР
«Егемен Қазақстан»