27 Шілде, 2017

Қызылжардағы «Қалыңдық үйі»

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Oның күрделі жөндеуіне қомақты қаржы жұмсалғанымен, қазіргі кейпіне қарап қалпына келтірілді дегенге сену қиын

Қызылжардағы «Қалыңдық үйі»

Аңыз бен ақиқат

Архитектураның әлемдік модерн, барокко үлгілерімен және ұлттық нақышпен астасып тұрғызылған сәулетті ескерткіштер облыс орталығында көп емес. Қалаға ерекше сән беретін мұндай нысандардың шежіресі тереңнен басталады. Олардың кейбірі ғана мемлекет қорғауына алынған. Көпшілігі жекеменшік иеліктерінде. Қай-қайсысы болсын бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбас мәнермен ерекшеленеді. Тәуелсіздіктен кейін өзіндік архитектуралық келбетке ие байырғы нысандар тарихи-мәдени мұра, сәулет өнері ретінде бағаланып, республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді. Олардың қатарында ХІХ ғасырда Халит Янгузаров қызыл ағаштан қиып салған, ел аузында «Қалыңдық үйі» аталып кеткен екі қабатты еңселі ғимарат та бар. Татар көпесі мал өнімдерін өңдейтін зауыттар ашып, берісі Мәскеу, Петербургке, әрісі Қытайға дейін сауда-саттық жасаған. Жетім-жесірлерге, жарлы-жақыбайларға көмектесу, тағы басқа қайырымдылық шараларына белсене қатысып отырған. 

 Көне баспананың салынуы, әулеттің кейінгі тағдыры жайлы әңгімелер көп. Кейбірі аңызға бергісіз болса да, ақиқатпен тамырлас жатқанын аңғару қиын емес. Бірі романтикалық леппен аяқталса, екіншісі адам жанына мұң ұялатады. Кей деректерге сүйенсек, суық қарумен қаруланған баскесерлер Янгузаровтардың отбасын тонау мақсатымен қарақшылық шабуыл жасап, қойдай жусатып салады. Көрер жарығы бар 16 жастағы Халит ғайыптан аман қалады. Ол кейін Мәскеуге келіп, Хұсайын Бурнашев деген саудагердің қарамағында қызмет істейді. Оның тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған айдай сұлу қызы Гүлсімге көзі түсіп, есі кетердей ғашық болады. Байдың бір жыл тегін жұмыс атқарсаң, тілегіңді орындаймын деген талабына мойынұсынып, уәделі мерзім біткен соң қалыңдығын елге алып қайтады. Содан италиялық шеберді алдырып, жан жарына арнап ерекше сый жасайды. Көрген адамның көз жауын алатын әсем үй мәрмәр тастармен, қыш тақталармен, керамикамен өрнектеліп, шетелден асыл бұйымдар мен жиһаздар алдыртылады. Енді бір әпсана бойынша үйлену тойына санаулы күндер қалғанда қалыңдық аяқасты қайтыс болып, соның құрметіне салынған деседі. Немерелерінің айтуынша, ақ пен қызылдың соғысы кезінде атасы мен әжесі өзге бай отбасыларға ілесіп, Қытай аспақ болған. Алайда, бұл ойлары жүзеге аспай Қарқаралыны тұрақтап қалған. Кейін Өзбекстан жаққа қоныс аударып, одан арғы тағдырлары белгісіз көрінеді. 

Сағызша созылған сергелдең

Сәулетті ғимарат 1982 жылы республикалық ма­ңы­зы бар тарихи және мә­де­ни ескерткіштер сана­тына кіргізілгенімен, көп уа­қыт бойы назардан тыс қа­лып келген. Та­рихи құн­дылығын айғақтайтын арнайы мәртебесі бола тұ­ра тиісті орындар тарапы­нан қорғау, сақтау жайына мән берілмеген. Бірде-бір рет жөндеу көр­мегендіктен то­зып, бұрынғы келбетінен айры­ла бастаған . Мәдениет басқармасы не істеді дей­сіз ғой? Тығырықтан шы­ғу­дың жолы ретінде жал­ға берумен шектеліп тын­ған. «Іс бітті, қу кетті» де­ген осы. Ен­ді мына қы­зық­ты қа­ра­ңыз, «мемлекет қам­қор­лығына алынды» деген нысан бүгінде Қазақстан мұсылмандар діни басқар­ма­сының тіркеуінде, об­лыс­тық бөлімшесінің есе­бінде. Ал пайдаланушы ре­тін­де бар «шыжығын» «Нұр» қа­лалық мешіті тартып отырған жайы бар.

– Петропавл қала­сын­­­да бірде-бір медресе жо­ғы ес­ке­рі­ліп, араб ті­лін үйре­ну, Құран аяттарын, шариғат ілімдерін меңгеру ғибадатханасы ретінде құрылған болатын. Қанша шығынға батса да, имани істердің сауабын арқалап келді. Ал 2013 жылдан бері жалға алу құқынан да айрылып қалдық. Соған қарамастан коммуналдық, тағы басқа берешек қарыз­дар 600 мың теңгеден асып кетті. Кімнің өтері бел­гі­сіз, – дейді қалалық «Нұр» ме­шітінің имамы Азамат Сәрсенов. 

Иә, бұл мекемені кім­дер қоныстанбады де­сең­ші? Депутаттар советі, ар­­на­йы отряд штабы, қар­жы бөлімі, сақтандыру ұйы­мы, жеке фирмалар ...ті­зім осы­лай жалғасып ке­­­те бе­реді. Бірде-біреуі шыбық ба­сын сын­дырып, қол ұшын бе­ріп көрмепті. Ие­сі болма­ған­дықтан, кие­сі де жоғала бастаған сы­ңайлы. Мешіттегілер рес­пуб­ликалық маңыз­дағы та­ри­хи және мәдени ескерт­кішке жөндеу құқы­лары жоқтығын, ондай мүм­кін­дік болғанның өзін­де қар­жылық жағдай кел­мей­ті­нін алға тартады. Енді «пә­ле­­ден машайық қашып­ты­­ның» керімен қашан құ­тыл­ғанша асық. 
Мәдениет министрлігі жұрт­шылықтың ғимаратты қалпына кел­ті­ру туралы өтініш-тілек­терін ескерсе керек, 2010 жылы жобалау-реставрация мәселелеріне маманданған «Күмбез» ЖШС-ін жібереді. Оның мамандары атқарылатын жұмыстардың көлемін есептеп, 63 миллион теңге қажет деген тұжырым жасайды. Алайда, ведомоство қаржы тапшылығын себеп етіп, жақсы жобаны кейінге шегереді. Сөйтіп, бақандай үш жыл сарыла тосуға тура келеді. 2013 жылы «Қазреставрация» мекемесі Батыс Қазақ­стан филиалы тендер жеңім­пазы ретінде белгіленген соң оның тарапынан ширақ қимыл, сапалы іс күтілген болатын. Бірақ былтыр аяқталды деп есептелген реставрация жұмыстарының сапасыз жүргі­зілгені соншалық, жер­гілікті комиссия қа­был­­даудан бас тартқан. Ал министрліктегілер «мер­­­ді­­­гердің жұмысында мін жоқ» деген шешім шы­ғарып қойғанға ұқсай­ды. 
– Мен реставраторлар­мен күнде дерлік ұшы­расып жүрдім. Бір-екі ма­ман­ға еріп өзбек­стан­дық гастарбайтерлер кел­ді. Жарытып жа­лақы төле­меген соң олар да көп тұ­рақ­тамады. Көктемде бол­маса күзде ғана төбе көр­сететін 3-4 адамнан не үміт, не қайыр? 60 миллион теңгеге атқарылған шаруаның сиқы мынау! Еш сын көтермейді. Көктемде шатырдан су ағып, қабырға, еден бүліне бастады. Линолеум қалай болса солай төсел­ген. Жетпеген жерлерге тақ­тай қаға салған. Терезе, есік, әйнектердің көбі ауыс­тырылмаған. Дұрыс ашы­лып, жабылмайды. Тө­белердің ұсқыны қашып тұр, салтақ-салтақ. Кәріз жүйесіндегі ақау сол қалпы. Қайта бұрынғы кей­пі жақсы еді,–дейді мешіт­­тің күзетшісі Серік Кожұлдақов.

Мәдениет және құжат­тамалар басқармасы тари­хи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің жетекшісі Рахат Мәмбетәлиев актіге әлі қол қойыл­мағанын айтып ақ­­тал­ғанымен, арада қан­­ша­ма уақыт өтсе де, көзге шұқып көрсетілген олқылықтардың түзе­тіл­меуін түсіндіріп бере ал­мады. 

Елбасы атап өткен­дей, өрке­ниет­ті ұлт ең ал­ды­мен, та­­рихымен, мәде­ние­тімен, ұл­тын ұлық­та­ған ұлы тұл­­ғаларымен, әлем­­дік мәдениеттің ал­тын қоры­­на қосқан үлкен­ді-кіші­лі үле­сімен мақтанады. Өкі­ніш­ке қарай, мердігер компанияның осы жа­ғын ұмыт қалдырғаны кө­ңіл­ге қаяу түсіреді. Респуб­ликалық маңызға ие тари­хи-мә­дени ескерткішті рес­­та­врациялаудағы асы­ғы­стықтар мен ағат­тықтар, тап­сырылған іске атүсті, жа­уапсыз қарау ешқандай абырой әпермесі анық.
 
Солтүстік Қазақстан облысы