27 Шілде, 2017

Жақсылық зая кетпейді

924 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кезінде Уинстон Черчилльдің айт­қан: «Біреуге жасағаның өзіңе қай­­тып келеді» деген нақыл сөзін көп­ші­лік жақсы білетіні анық. Мұны ол ойынан шығарып айтпаға­ны және мәлім. Өз басынан өткен оқи­ға­дан өмірлік қағида түйгені дейміз.

Жақсылық зая кетпейді

Бірде бала кезінде ол сорға құлап, ба­тып бара жатқан ғой. Сонда сол маң­да жүрген бір фермер оның жан ұшыра «көмектесіңдер» деп айқайлағынын естіп, ажалдан құтқарып қалыпты. Фер­мердің осы қайырымдылық, адамгер­шілік әрекетінің қайтарымы ретінде Черчилльдің әкесі енді оның ұлын Лондонда оқытуды мойнына алады. Әлгі фермердің ұлы оқудан оқуды үздік бітіріп, ақыры, талайлардың өмірін құтқарып қалатын дәрі – пенициллинді ойлап табады. Дәл осы дәрі табылған кезде ауыр өкпе дертіне шалдыққан жас жігіт У. Черчилль ауруханаға түскен екен. Құдайдың құдыреті, оны сол кезде әлгі фермердің ұлы, атақты дәрігер Александр Флеммингтің пенициллин дәрісі ажалдан арашалап қалады. Кейін Уинстон Черчилль Ұлыбританияның премьер-министрі болғаны белгілі. Сол кезде оның өз өмірінен алынып айтылған жоғарыдағы нақыл сөзі кеңінен тарап кеткен. Өйткені расы солай, жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да өзіңе тиеді.

Ал негізінен жақсы адам ғана жақсылық жасай алады деген сөз бар. Біздің халқымыз біреуге жақсылық жасасаң, ол күндердің күні Алланың құдіретімен өзіңе, бала-шағаңа екі есе жақсылық болып қайта оралатынын бұрыннан білген. Сондықтан ата-бабаларымыз обал, сауапты қатар қойып, жақсылықтың да, жамандықтың да әйтеуір бір қайта айналып соғарын үнемі есте ұстаған. Әлімсақтан пайда болған мұндай асыл қасиет халқымыздың бойынан талай мәрте көрініс тапты да. Бәрін айтпағанда, сонау бір қиын-қыстау кезеңде, ашаршылық жайлаған шақта, дүние жүзі алапат соғыстың шарпуына шырмалғанда жер аударылып келген талай өзге ұлттардың өкілдерімен қазақ халқы бір тілім нанын бөлісе жеді. Қанға сіңген кеңдік пен мәрттік халқымыздың өшпес рухын, ерлігін паш етті. Халқымыздың осындай тамаша асыл істерінен бүгінгі ұрпақ алар өнеге де көп. Осыған орай Елбасы да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», деді. 

Тіпті халық арасында айтылатын тәрбиелі әңгімелердің өз шындығы бар. Соның бірін мысалға алсақ, бір әйел күнде екі таба нан пісіріп, біреуін өзі талғажау етіп, біреуін терезесінің сыртына қояды екен. Ондағысы көптен xабар-ошарсыз кеткен баласының аман келуін тілеу амалы көрінеді. Оның нанын аяғын сілтіп басатын қаңғыбас қарт кісі алып жүрген. Ол нанды алып бара жатып «Жамандық қылсаң өзіңе, жақсылық қылсаң өзіңе!» деп кететін болған. Қаңғыбас алғыстан гөрі, қарғыс айтатындай әсер қалдырады. Содан әйел дәндеген қаңғыбастан оңайлықпен құтылмасын біліп, ашуланып, сол күнгі таба нанға у қосады. Бірақ жеме-жемге келгенде ол райынан қайтып, жаңа таза нан пісіріп қояды. Бұрынғыша таныс қарт келіп алып кетеді. Дәл сол күні кеште біреу әйелдің есігін қағады. Ашса, жоғалып кеткен ұлы! «Анашым, мен сені ешқашан көрмеймін деп ойлап едім! Жұмыс іздеп басқа қалаға барғаныммен, жолым болмады. Ақыры елге оралғанда біреулер аяусыз ұрып, тонап кетті. Ес-түссіз жатқан жерімде аяғын сілтіп басатын қаңғыбас қарт кісі тауып алып, мен ес жиғанша күнде тамақтандырып жүрді. Күніне бір таба нан әкеліп, екіге бөліп, жартысын маған, жартысын өзі жейтін», дейді ұлы. Мұны естігенде, әйелдің көзі қарауытып, басы айналып кетеді. Бүгін ғана ниетінен жаңылып, шалға уланған нан бергісі келді емес пе... Онда ұлын да өз қолымен өлтіреді екен-ау... 

«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады…Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз», деді Елбасы. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деп Ж.Баласағұн айтқандай, жақсы адам ғана жұртқа жақсылық жасап, елімізді ұшпаққа жеткізе алады. Сондықтан қашанда айналамызға жақсылық қана жасауымыз қажет. Өйткені, ол өзімізге айналып соғатыны сөзсіз.

Александр ТАСБОЛАТОВ
«Егемен Қазақстан»