27 Шілде, 2017

Шыңғыс хан құбылысы

657 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлы Дала империясын құдіретпен негіздеген Шыңғыс ханның керемет қабілет-әрекеттермен мұздай қа­рула­нуы, өзі тапқан-таныған өнерін, өнегесін, тәжірибесін мемлекет басқару ісінде даналықпен қолдана білуі, 1206 жылы мамыр айында Онон өзенінің бас-тауында Керуен-Сарайда баһадүрлер, көсемдер, ағыл-тегіл шұбырған тайпалар, палуандар, құсбегілер, атбегілер, жыршылар жиналып, Ұлы құрылтай ұйымдастырып, ескі заңдарды іріктеп-сұрыптап, таңдамалыларын біртұтас жүйеге түсіріп, саяси-тарихи, әскери, құқықтық-конституциялық құжат «Ұлы Жасақты» мәлім етуі – міне, заманалық тұлғаның осындай бай, байтақ эпикалық шежіресі түгесілмейді.

Шыңғыс хан құбылысы

Абыройы, айбыны артық Шыңғысты 40 жасында халық ұлы салтанат жасап, хан көтерді. Сонда «ғайыптан түскен ақ боз атқа қонып, Тәңірімен тілдесетін» Көкше дейтін сәуегей (ел оны «Тәңірдің беті» деп атаған) былайша толғапты: «Маған Тәңіріден ишарат болды. Темучинға бар, елге, халыққа «бұ күннен соң, Темучин демесін, Шыңыз десін, жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары мен тұқымына бердім» деп айтты, – деді». Осынау символикалық ассоциация халық пен тарихтың құрметінен туындаған терең тамырлы құбылыс десек те болады. 
Бұл тұста, «Темучин» моңғол тілінен алынса, ал мұның түбірі «темір» түркі-моңғол тілдеріне тән. Сонымен, Шыңғыс хан (не Шыңыз) империяның «ұстасы», «темір діңгегі», «Мұхит-хан» деген көп қырлы мағынаны танытады. 

Шыңғыс ханның тарихында әлденеше эпопеяға лайық мың құпия, мың сыр, мың тәмсіл бар. Соның бір-екеуін әңгімелейік. Алдымен Ұлы патшаның денесінің қай жерде жерленгені жөнінде. Әбілғазының дерегіне жүгінсек, Шыңғыс хан сейілге шығып, зәулім бәйтеректің бауырында отырып: «Мен өлсем, осы ағаштың түбіне жерлерсіңдер» депті. Ол жерді Бурхан-Халдун дер еді. Кейін ит мұрыны өтпейтін қалың орманға айналған. Және де бұл өңірде жүздеген омыртқаша тізілген жота-шоқылар бар екен. 

Жердің о шеті мен бұ шетін билеген Шыңғыс хан империясының тарихын жазған оқымыстылар Лин фон Паль, Хоанг Мишель, Рене Груссе, Поля Пеллио, А.А.Доманиндер оның 1227 жылдың 18 тамызында Пиньлиннің солтүстік-батысындағы Лонгту әкімшілік-аумақтық бірлігінде, Тзиншуэ өзені маңында пәниден бақиға көшкендігін жазады. Ұлы ханның алтын сүйегін ағаш астауға салған әскери элита мен құрметті гвардиясы бар қаралы көш Ұлы Қорған-Сары өзен-Гоби шөлі арқылы Қарақорымға жеткізіп, сонан соң, Тәңіріге құлшылық еткен Онон мен Керулен өзендерінің бастауында, Кентей өзені жанындағы Бурхан-Халдун тауының топырағына мәңгілікке тапсырады.

Егер де дананың тілін, әулие сөзін пір тұтсаң, Шыңғыс ханның теңдессіз жаратылысының бірегей қабілеттерінің бірі – ойының тапқырлығы, сөзінің асылдығы, ақылының, тәжірибесінің, түйсігінің ғарыш кеңістігіндей кеңдігі. Бұған оның мемлекет, халық, мәдениет, көркем ой, тұлғатану тарихындағы жалпыадамзаттық һәм ұлттық құнды­лықтарға ие нақылдары айғақ: «Кім өз үйін дұрыс басқара алса, ол мемлекетті де басқара алар, кім он адамға өз сөзін тыңдата алса, ол үлкен әскерге де бас­шылық ете алар. Кім де кім өзіндегі жаман қылықтарынан арылса, мемлекет қамын ойлай алар». «Алтын денем қалғыса да, Ардақты елім солмасын. Бүгін денем қажыса да, Бүкіл елім тозбасын. Алтын денем шаршаса, шаршасын, Абзал елімнің даңқы артсын. Бүтін денем қиналса, қиналсын, Бүкіл елім топтансын» (Бұл сөз Қарақорымдағы жартасқа қашалып жазылған). «Тегіңді ұмытпауды – ұрпағыңа, ішкен суыңды ұмытпауды – досыңа үйрет». «Адам туса – бір дәуірлік, Көк шықса – бір мезгілдік», «Егер әркім өз пиғылын арамдық ойдан тазартатын болса, бүкіл ел ұры-қарыдан, зиянды әдеттен пәк болар еді», «Момын халықтың арасында жүргенде, қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда жемтік көрген аш бүркіттей шүйлік», «Сөзді айттың ба, ол жақсы ма, жаман ба, шын ба, әзіл ме, бәрібір қайтара алмайсың. Сондықтан, сөзіңді безбенмен өлшегендей салмақтап барып айт», деп қайырады. 

Одан әрі зерделесек: «Егер ұл әкесінің жолын қумаса, інілері ағасының сөзін тыңдамаса, күйеуінің әйеліне сенімі болмаса, әйелі күйеуін жүре тыңдаса, енелері келіндерін ұнатпаса, келіндер енелерін құрмет тұтпаса, ұлы адамдар қорғансызға пана болмаса, пақырлар даналар сөзін құптамаса, басшылар қызметкерлерінің жүрегіне жол таппаса, айналасындағы адамдарды соңынан ерте алмаса, халықтың әдет-ғұрпы мен заңына, ақыл-парасаты мен адамгершілігіне менмендікпен қараса, мемлекет тәртібін мойындамаса, ондай елде ұрылар мен суайттар, қылмыскерлер мен басқа да бұзық жолға түскендер өз Отанының басына қара түнек орнатады. Басқаша айтқанда, ол елдің байлығы – ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді, жылқылары мен табындарының тыныштығы бұзылады, жорыққа мінген аттары зорығып өледі, сөйтіп, бүкіл халық түкке тұрмайтын дәрменсіз бейшараға айналады». 

Сөз жоқ, Шыңғыс ханның қағи­даттары – тарих пен мәдениет дерегі, халық қазынасы, замана дауысы, келешектің кеңесшісі.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері