Чаплин Синема (Meга Силк Уэй) кинотеатрында ұсынылған «Оралман» және «Біз» фильмдері режиссерлерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатын қазақстандық танымал режиссер Ермек Шынарбаев жүргізді. Модератор «Оралман» картинасы туралы: «Қазақтардың қазіргі өміріндегі ең қиын проблемаларды ашық жеткізген қазақтың бірінші картинасы. Бұл – өте таңқаларлық жағдай. Айта кетерлігі, кейбір режиссерлер картина пластикасына аса мән бере қоймайды. Ал суретші ретінде Сәбит Құрманбек картинаны өте жақсы көрсете білген», деген пікір айтты.
Баспасөз мәслихатында режиссерлер өздерінің экрандық туындылары туралы ойларын ортаға салды. Алғашқы болып сөз алған «Оралман» фильмінің режиссері Сәбит Құрманбек екі фильм арасындағы ұқсастық туралы былай деді: «Ең қызығы, менің картинам мен испандық фильмнің арасында көптеген ұқсастықты кездестіруге болады. Неге дейсіз бе? Себебі, «Оралман» және «Біз» картиналары адамға жағымды әсер бере алады. Өз кейіпкерлерінің өте қиын жағдайын суреттеп қана қоймай, мәселенің мәнін ашуға тырысады».
«Біз» фильмі туралы продюсер Тасио Овежеро: «Бұл туындыда біз жас буынды көрсетеміз. Түсірілім Испаниядағы ең маңызды күн – бүкілхалықтық сайлау кезінде орын алады. Бұл оқиға өмірлерінде белгілі бір нәрсені өзгерту керек болып және нақты шешім қабылдауға бел буған бес дос жайында», – деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, ХІІІ халықаралық «Еуразия-2017» кинофестивалінің көрсетілімі 23 шілдеде басталған болатын. Кеше негізгі конкурстық бағдарламаға қатысушы 13 картинаның 2-еуі көрерменге ұсынылды. Олар: «Менің бақытты отбасым» (Германия) және «Жалын ортасында» (Түркия) фильмдері. Көрсетілімнен кейін көрермендерге авторлармен жеке тілдесіп, сұрақ қоюларына мүмкіндік туғызылды. Сонымен бірге 23 шілдеден бастап қысқаметрлі фильмдердің көрсетілімі де қатар өтуде. Байқау бес блокқа бөлінген, сынға 30 қысқаметрлі фильм қатыстырылып отыр.
Негізгі байқауға қатысушы «Менің бақытты отбасым» фильміне келсек, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Манана мен күйеуі,екі ержеткен баласы және күйеу баласымен бірге Тбилисиде, үш бөлмелі пәтерде 25 жылдан бері тұрып келеді. Өзі 52 жасқа толар алдындағы күні кенеттен отбасына үйден кететінін айтады.
Фильм режиссері Нана Эквтимишвили, 1978 жылы Тбилисиде туған. Потсдам-Бабельсберг кино мектебінде драма және сахналық іс бойынша оқыған. Саймон Гросспен бірлесіп, «Полэйр фильм» студиясын құрған. Олардың «Гүлдегенде» фильмі халықаралық кинофестивальдердің 30 шақты марапатына ие болған. Ал Саймон Гросс, 1976 жылы Берлинде туған. Мюнхен киномектебінде режиссура мамандығын оқыған. 2014 жылы Нана Эквтимишвили екеуінің фильмі Грузиядан Америка киноакадемиясына шет тіліндегі ең үздік фильм жүлдесіне ұсынылған.
«Жалын ортасында» фильмінде Хасрет түс көруден шаршайды. Күнде таңертең ол қорқынышты түстен шошып оянады және оны «Әке-шешесі осыдан жиырма жыл бұрын шынымен автокөлік апатынан қайтыс болды ма?» деген ой мазалай береді.
Фильм режиссері Джейлан Озгюн Озчелик, 1980 жылы Ризеде туған. Мармар университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алған ол бүгінде – телеарнада жазушы-сценарист, радиостансада ди-джей, телешоулардың жүргізушісі әрі киносыншы.
Қаршыға КҮЛЕН