ЭКСПО-2017 • 27 Шілде, 2017

Сән-салтанаты жарасқан керуен

561 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

астаналықтарды ерекше әсерге бөледі.

Сән-салтанаты жарасқан керуен

Елордаға жүк артқан отыз боталы түйе жетелеген өнерпаздар, елуге тарта атты қыз-бозбала бастаған «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Астанаға тарту» атты этномәдени керуен кел­ді. Тарихи мекен Тараздан әсем Астанаға екі айдан аса жү­ріп жеткен олар жол бойы он бекетке аялдап, ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін паш еткен. Керуенмен келген өнер­паздар мен спорт шеберлері енді ай соңына дейін бас ша­һарымызда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Жамбыл облысының мәдени күндерін өткізеді.

«Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы ма­ңын­дағы «Ғашықтар» сая­ба­ғына келіп тоқтаған керуенді қарсы алуға Астана әкімі Әсет Исекешев, Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев жә­не сол топырақта туған зия­лы қауым өкілдері келді. Бас­қосуда өңірге қарасты он ауда­н­ның көркемөнерпаздары «Әу­лие­ата­дан жыр шашу» атты конце­рт қойды.

«Екі мың жылдан аса тарихы бар қасиетті Әулиеата жерінен, жыр алыбы Жамбылдың елінен 1400 адам Астанаға келді. Этномәдени керуен 20 мамыр күні Тараз қаласынан жолға шы­ғып, Жамбыл облысының ал­ты ауданы мен Қарағанды облысының төрт ауданын басып, жол бойы мәдени шаралар өткізіп, екі ай дегенде Астанаға та­бан тіреді. Бұл – біздің өңірдің ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне ең үлкен тартуы. Ке­ру­ен құрамында екі жүзге тарта танымал өнерпаздарымыз бар», деген облыс әкімі керуен то­бы­ның 1300 шақырым жолды басып өткенде қиындықтарға да ке­зік­кенін жеткізді. 

«Әрине, Арқаның төсіне  көне шаһардан ат, түйемен, арбамен ашық аспан астында жету оңай емес. Әсіресе, екі апта бұрынғы аптап ыстық кезінде температурасы 46-47 градусқа дейін көтерілген Мойынқұм даласынан өту өнерпаздарға да, малдарға да қиынға соқты. Бірақ сол машақаттың бәрін жеңіп, Астананың қақ төріне жеттік», деді Кәрім Көкірекбаев. 

«Ғашықтар» саябағында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – та­рихтың алтын дiңгегi» атты көр­месі өтіп, сақ дәуірінен Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі 300-ден астам жәдігер – тари­хи инсталляциялар, тиындар, құмыралар және тараздық қыл­қалам шеберлерінің сурет­те­рі жұртшылық назарына ұсы­нылды. Сондай-ақ, «Көне Та­раз әлемі» тарихи-мәдени экс­позициялық кешені ашылып, киіз үйлер тігілді. Қолдан жа­салған әшекей бұйымдар, му­зыкалық аспаптар, жеміс-жи­дек­тер мен көкөністер са­ты­лым­ға шығарылды. 

Айша Бибі мен Қарахан, неме­ре­сіне ертегі айтып отырған әже жә­не құс ұшырып, тазы жүгірткен аң­шылардың сәні мен салтана­ты жарасқан керуен Астана тұр­ғындары мен қо­нақт+арына ұмы­тылмас әсер сыйлады. «Бұл естен кет­пейтін ерек­ше сапар болды. Бізді жол бой­ындағы әрбір ауыл қу­а­ны­ш­пен қарсы алды», дейді керуен құрамындағы әжей Тамара Әбдікәрімова. 

ЭКСПО-2017 көрмесі ая­сын­­да 30 шілдеге дейін жал­ға­­сатын мәдени күндерде ел­орда­лық тұрғындар мен қо­нақ­тар облыстық филармония ұжымының «Әулиеатадан – ән шашу» бағдарламасын, қа­зақ драма театрының «Қыз Жі­бек» саундтрегін, А.Бек­бо­сы­н­ның «Домалақ ене», С.Бал­ға­бае­втың «Ең жақсы еркек» спек­такльдерін, «Алатау» фо­ль­­­клорлық ансам­блі­нің «Ға­сырлар әуені» концертін жә­не Д.Таңатаров, Қ.Нұртас, И.Ра­сылхан сынды танымал әнші­лер­дің қатысуымен өтетін «Бір әуен, бір өлең» кешін тамашалайды. Мәдени шаралардың көпшілігі «Ғашықтар саябағында» өтеді.   

Бас қаладағы «Қазанат» ипподромында ұлттық ат спорты түрлері – көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойын­да­р­ы­ның көрсетілімдері ұйым­дас­­­тырылады. «Этноауыл» қа­ла­­­шығы маңында қазақ күресі, асық­ ату, бес тас, алаң­дағы тоғызқұмалақ ойын­да­рының көрсетілімімен қатар, құс­бегілік және тазы, төбет иттер көрмесі өтеді.

Сонымен бірге, 28-30 шіл­де күндері жамбылдықтар «Қазақ­стан» спорт кешені аумағында ауыл­шаруашылық жәрмеңкесін өткізіп, астаналықтарға 245 тонна экологиялық таза, жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін ұсынады.

Асхат РАЙҚҰЛ, 
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»