Қазақстан • 27 Шілде, 2017

Ұлттық сананың сара жолы

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдары өлке­тану ісі жаңа бағытқа, жаңа маз­мұнға бет бұрды. Атырау об­лысының тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына кел­тіру және пайдалану жөнін­де­гі мемлекеттік инспек­циясы 2014-2016 жылдар ара­лығында өлкемізге қатысты тари­хи дерек­терден тұратын «XVIII-XX ғасырлардағы Аты­рау тарихы мен мәдениеті – орыс дерек­көз­дерінде» атты бес том­дық де­рек­тер жинағын шығарды.

Ұлттық сананың сара жолы

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орай облыстағы бір­­ден-бір республикалық маңы­зы бар ортағасырлық қалашық – Сарайшықтың тарихына қ­а­тыс­ты «Сарайшық – бабалар мұрасы» ат­ты деректер жи­нағы жарық көр­ді. «Атырау да­ла­сы­ның тари­хи-мәдени мұрасы» атты кітап-альбом басылды.

Жалпы, облыс бойынша 921 тарихи-мәдени мұра ны­са­ны бар. Соңғы жылдары облыс аумағынан жаңадан та­ри­хи-мә­дени мұра нысандарын анықтау ісін инспекция ма­ман­­дары өз күш­терімен жүр­гізуде. Кеңестік кезең­де жә­не одан кейінгі тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында жер­гі­лікті мамандардың жоқты­ғы­нан облыс көлеміндегі ескерт­кіш­­терді анықтау ісі мәс­кеулік және алматылық зерттеушілер ат­қарған болатын. 

Инспекция жұмысында қолға алынған келесі бір жаңа бас­тама ескерткіштердің тари­хына қатысты деректерді іздестіру мен зерттеу бағытында жүзеге асуда. 2014-2015 жылдары Атырау өңірінің тарихы, архе­ологиясы мен этнография­сына қатысты деректерді іздестіру және жи­нақ­­тау мақ­са­тында Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань қа­­лаларына ар­хео­графиялық ісса­­парлар ұйым­дас­тырылды. Ісса­­пар барысында Ресейдегі ең ірі орталық архивтер мен кітап­ха­наларының қорларында жұмыс істеуге мүм­кіндік туды. Аталған ғылыми ұйым­дардың қорларынан отан­дық тарихшылардың назарына ілікпеген Атырау мен Қазақ­стан­ның батыс өңірінің тарихы мен мәдениетіне қатысты  жа­ңа­дан бірнеше құнды фото және иллюстрациялық дерек­тер­ді анықтадық. Олардың ішінде қазіргі ескерткіштер тізі­мін­дегі Ескі Гурьев қаласының, Сарай­шық қалашығының, Жы­лы­-ойдағы Қызылқала қала­шы­ғының ХІХ ғасырдағы жоспарлары, Құл­шан ата мен Ақмешіттегі Бекет ата жерасты мешіттерінің сыз­балары, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезін­дегі Қарашүңгіл, Ұшқан ата қо­рым­дарының және өзге де ескерт­кіштердің фотосуреттері бар.  Сондай-ақ, мекеме биылғы жыл­дан бастап  ескерткіштер бетіндегі ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде араб әрпімен жазыл­ған мәтіндердің аудармасынан тұра­тын «Атырау қазақтарының эпи­гра­фикалық ескерткіштері» атты се­риялы кітап-альбомды шы­ғару­ды жоспарға енгізді.  Се­бебі, ма­зар мен құлпытас бетіндегі жа­зу­лар біздің ата-бабаларымыз ту­ралы бірден-бір мә­лімет беретін «далалық» архивтік дерек­көз. Ұлы даламыздың та­ри­­хи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтау жұмыстарының алға қа­рай жалғасуына Елбасы ма­қаласы серпін беріп отыр. 

Елбасы мақаласында аталған «Қазақстанның қасиетті рухани құн­дылықтары» немесе «Қа­зақ­­стан­ның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасы біздің қы­зығушылығымызды тудыр­ды. Бұл жобаның бұрын-соң­ды қолға алынбағанын мемлекет басшысының өзі де атап айтты. Шыны керек, Атырауда да ­көркем, рухани, қастерлі жер­­леріміздің біртұтас желісі бұ­рын-соңды жасалған емес. Осы тұс­та екшеп айтар бір жайт, Атыраудағы  киелі жерлердің не­гізгі бөлігі облыстағы тарихи-мә­дени ескерткіштерінің тізіміне енген. Мысалы,Жылыойдағы Ақмешіт, Құлшан ата, Шерліғұл, Қарашүңгіл, Ұшқан ата, Мақат­тағы Оңай ата, Байбақты ата, Қызылқоғадаға Мәтен қожа жә­не тағы басқалары. Сондықтан да, алдағы уақытта осындай киелі жер­лердің тізімін анықтау мақ­са­тында зерттеу жұмысын жүр­гі­зу жоспарланып отыр. Мұның өзі  мәдени туризмді дамытумен қа­тар, өскелең ұрпақ жадында ұлт­тық сана-сезімнің одан әрі оянуына жол ашатыны ақиқат. 

Мұхамбетқали  КИПИЕВ,
Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік  инспекциясының 
басшысы