«Біз – мұнай мен газ қорының жоқтығына қарамастан, ірі ойыншылардың қатарынанбыз. Айталық, Джуронг аралын әлемдегі ең ірі мұнай химиясын өңдеу зауыттарының біріне айналдырдық. Десе де, өзекті мәселелер де жоқ емес. Оларды шешу мақсатында әрдайым жаңа идеяларды жетілдіріп, жиі сынақтан өткізіп отырамыз. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттерінің біздің елге ерекше қызығушылық танытуы да сондықтан деп ойлаймын», дейді Сингапурдың сауда және өнеркәсіп аға министрі Ко По Кун.
«Арал-мемлекет» атанып кеткен ел әлем назарына үздік жобаларын ұсынып жүр. Мәселен, дүние жүзіндегі ең үлкен жерасты салқындату жүйесі Сингапурдың «Марина Бей» қаржы орталығында орналасқан. Салқындатылған су ғимараттарға жіберіледі. Осылайша, тұтынушылар қуат көзін 40 пайызға дейін үнемдей алады. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, Сингапурда қысы-жазы күн ыстық. Ауа райы ылғалды келеді. Осы мәселені шешу үшін ғимараттың ауасын салқындату жобасын ойлап тапқан. Қазір бұл әдіске қызығушылар көп.
Асхат РАЙҚҰЛ,
Суреттерді түсірген
Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»