Қазақстан • 27 Шілде, 2017

Зейнеткер аштық құрбандарына белгі орнатты

220 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының іргесінен ағатын Тобылдың жағасында Қостанай ауданына қарасты Алтын дала деген ауылдың шетінде үлкен зират бар. Бұрын осы зираттың орнында биік үйілген топырақ болады екен.

Зейнеткер аштық құрбандарына белгі орнатты

Қазір ол шөге-шөге аласа төмпешікке айналып, бейіттердің ортасында қалған. Жақында Қостанай қаласында тұратын Бақыт Нұрмұхамбетова әжейдің бастамасы және демеушілігімен осы төмпешік темір шынжырмен  қоршалып, оған белгі қойылды.Бұл сауапты істің жұмысын Алтын дала ауылының тұрғындары Әділхан Едіресов, Сағындық Есментаев атқарды. Онда мәрмәр плитаға «1932 жылғы аштық құрбандарына Бақыт Салыққызының демеушілігімен қойылған ескерткіш, анасы Сараның өсиетімен. 2017 ж.06.17» деп жазылған. 

– Мен осы ауылда туып өстім. Бала кезіміз ғой, мал қайтаруға шы­ға­мыз, кейде анам қайтқан әке­міздің  аруағына құран бағыштау үшін оның бей­ітіне ертіп барады. Сон­да тау­ға шығамыз деп, биік үйіл­ген топырақтың басына өрмелеп ке­те­­міз.  Анам байғұс шыр-пыр бо­лып ша­қырып алады. «Үйілген топы­рақ­тың  үстіне шықпаңдар, оның ас­тын­да аштан қырылған өздеріңдей бала­лар, үйдегі апаларыңдай, атала­рыңдай адамдар жатыр, бұл бейіт, оны бассаңдар  аяқтарың сынып қала­ды» деп қор­қытады. Сол алапат оқиға­ның куәсі болған анам қашан көзі жұмыл­ғанша аштан қырылған адамдар туралы көп айтатын еді. Немерелеріне нан­ның қиқымын тастатпайтын, «осы нан бол­мағандықтан қазақ аштан қы­рыл­ды, кебін бұйырмағандар жатыр әне, ауылдың сыртындағы бір шұңқырда» деп отыратын. Сол кезде 6-7 жасар бала болған біз де міне, 76-ға келдік, көпір ауызына жақындадық.  Анамның өсиетін орындағандай болайын әрі кейінгі балалар осы ауылда аштан қырылғандардың бейіті бар екенін біліп жүрсін деген ой еді менікі, – дейді Бақыт әжей.  

Бейітті қоршау жұмыстарын ат­қар­ған ауыл тұрғындары Әділхан Еді­ре­сов пен Сағындық Есментаев ес­керт­кіш белгіге шаңырақ пен бесікті бей­нелепті. 

– Қасақана ұйымдастырылған аш­­­­тық­­­тан та­­­лай қазақтың шаңырағы орта­­­сына түс­ті, талай бесік бос қалды де­ген ойды айтқымыз келді, – дейді  Әділхан. 

Бейіт басына ескерткіш-белгі ор­на­­­тыл­­ған соң, Бақыт әжей қой со­йып, аш­тан қырылғандар аруағына құран бағыштатты. 

– Осы ауылда аштан өлген адам­дар­ды көм­ген бейіттің бар екенін үлкен  кісі­лердің барлығы да білетін.  Менің әкем Темірғали, мына Бақыт­тың әкесі Салық  аш адамдарға тамақ үлестіргеннің бірі болыпты. 1932 жылы  Қостанайға барса аман қалады дегенді естіп, 420 шақырым болатын Батпаққарадан (қазіргі Амангелді ауданы) жаяу-жалпылап шұбырған аш адамдардың қарасы өте көп болыпты. Осы ауылға жеткен соң әбден ашыққан балалар да, үлкендер де әйтеуір тірі қалу үшін қолдарына түс­кенін же­ген, шөп, асқабақ, капус­та жеп, іші ке­тіп, кейбірі уланып, ауылдың ше­тіне келіп өле берген. Мәйіттер  бұзы­лып,  сасып бара жатқан соң, сол кез­дегі басшылар  ор қаздырып, әлгі қол­ға ұстауға жарамаған мәйіттерді жер­гілікті адамдарға күрекпен, айырмен жинатып, ор-шұңқырға тастатқан. Осыны көзкөргендер айтып отыратын. Аш адамдарды арбамен ауылдан 18 шақырым болатын Жер өңдеу серік­тестігі орналасқан  жерге апарып, үл­кен қазанға көже қайнатып, бір-бір ожаудан беріп, аман алып қал­ған, өлгендерін сол жерге де көмген, – дейді  ауылдың құймақұлақ қарияларының бірі Жамал Оташева әжей.

Ауылдың үлкен қарияларының айтуынша, аштықтан әупірімдеп аман қал­ған адамдардың біразы 40-шы жылдардың аяқ кезінде есін жинап, туған жеріне қайта оралыпты. Ал Алтын дала ауылында қалған­дары  кейін еңбекке араласып, үйлі-баран­ды болып кеткен. Қазір олардың ұр­пақ­­тары да осы ауылда тұрып жатыр. Ба­қыт әжейдің бастамасымен қойылған ескерткіш-белгі қазақтың басына енді ондай заман болмасын дегенді кейінгінің есіне салып тұратындай.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы