Қазақстан • 27 Шілде, 2017

Тіл ұшындағы тіркестер

289 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Зер салсаңыз, адамдардың түр-келбеті, болмыс-бітімі түрлі аңдарға ұқсастығын байқайсың. Тіпті, іс-әрекетімен ара мен жыланнан аумайтын адамдар да жетіп артылады. Олай дейтінім, адамдардың бірі жақсылық жасауға ынтық болса, енді бірі айналасына зәрін шашып, жұрттың көңілін лайлап жүреді.

Тіл ұшындағы тіркестер

Кезінде Жауғаштыдағы әйелдер түрмесіне Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері бір-екі рет барып қайтқанбыз. 

Сол сапар барысында өзімді бір жайт ерекше таң қалдырған. Бәрімізге белгілі, Алматы маңы жайқалған жасыл желек қой. Ал сол қаланың іргесіндегі Жауғашты түрмесінің айналасы да сыңсыған тоғай екен. Мені қайран қалдырған жайт та дәп осы жерден басталды. Түрме ауласындағы ағаштардың басына қонақтаған қарғалардың көптігінен көз сүрінгендей. Е, қанатты құс болған соң қайда қонса да өз еркі ғой дейін десең, жол бойғы жасыл желек арасынан бүйтіп үймелескен құстарды көрмеппіз. Ал аула ішіндегі ағаш арасына ұя салған құста есеп жоқ сияқты. Бір ғажабы, сол мекеме айналасындағы ағаштардың бітімі де өзгеше, жан-жаққа шашырап тарбиған бұтақтардың кейпі жан шошырлық. Олар  кенет сойдиған тырнаққа айналып, төбеңнен төніп келе жатқандай әсер береді. Ал оған құлақ тұндырар қарғаның қарқылын қоссаңыз, тіпті, қорқынышты.

Біз осы сапар барысында сандаған тағдыр иелерімен де кездестік. Бірі кісі өлтірген, енді бірі тонаумен айналысқан. Араларында құлдыққа адам сатып, бала ұрлағандар да бар. Айта берсең, әрқайсысының тірлігі жан шошырлық. Бұған қоса, жақындары түгелдей теріс айналып, мына жарық дүниеден түңілген, жандары қатыгезденіп, қандары қарайып жүргендері қаншама десеңізші. Олардың өзекті өртер өкініші мен өз өміріне деген өкпесін тыңдай отырып, мен сол маңдағы ағаш екеш ағаштың да адам шошырлық кейіпке енуінің, тіпті, қарғалардың  да басқа жер таппағандай тек сол маңға  ығы-жығы ұя салып алуының сырын ұққандай болдым. Енді қайтсін, таза ой, тұнық сезім, адал ниеттен ада жерде басқаша болуы да мүмкін емес қой.

* * *

Ауладағы ойнап жүрген бүлдір­шіндер маған үйір-ақ. Мен де олардың тілін қызықтап, ара-тұра олармен сөйлесуді ұнатамын. Бірде сол әдетім­мен оларға Аяз би туралы ертегіні айтып бер­генім бар. Сол ертегідегі бас ке­йіпкерге ханның «Саған қырық қаз жіберемін. Солардың терісін теспей сойып, жүнін бүлдірмей жұлып әкел» деп тапсырма берген тұсына келгенде балалардың бірінің «Апа, сонда Аяз би банктің бастығы болған ба?» деп сұрағаны есімде. Бастапқыда оның бұл сөзіне мән бермеген екенмін. Соңынан ойға түсірсем, бала аузымен ойланбай айтылған осы бір ауыз сөздің астарында ащы шындық жатқандай. Расында да, жоғары пайызбен несие беріп, оны әлденеше еселеп қайырып алу, төлеуге шамаң келмеген жағдайда баспанаңды тартып алып, далада қалдыру теріңді теспей сойып, жүніңді бүлдірмей жұлудың нақ өзі емес пе?

* * *

Мұхит айдынында жүзіп бара жат­қан кеме суға батпайды. Өйткені, су кеменің сыртында. Ал ішіне су толған кеме сөз жоқ, су түбіне кетеді. Қоғам да сол сияқты, қауіп-қатер іш­тен шықса, оның соңы қайда апарып соғарын бәріміз де білеміз. Сондықтан, ішкі әлемді таза ұстаған, оған мұқият болған абзал.

* * *

Бала  кезімізде далаға шығып, әлденені айғайлап айтсаң, бірер сәттен кейін өз дауысымыз өзімізге қайта естілетін. Біз мұны қызық көріп, қайта-қайта айғайлайтын едік.

– Мұны жаңғырық дейді. Бұл өмірде осы дауыс сияқты бар істеген ісің, бі­реу­ге жасаған қиянатың, бәрі-бәрі жаң­ғырығып, өзіңе қайтады. Сондықтан, ба­лам, ешкімге қысастық ойламай, таза жүр, адал бол, – дейтін әкем. Сол сөз са­на­мызға жатталып қалғаны сондай, өмір­лік шамшырағымызға айналды десек те болады. Ал бүгінгі күнгі жастарға осындай әңгіме айтатын ата-ана бар ма екен өзі?  Әй, қайдам...

* * *

«Адамды заман билейді» деген сөз рас шығар. Осы күні той-томалаққа барсаң, ондағы тілек айтушылардан еститінің бір ғана сөз. Ақшаң көп болсын дейді. Әрине, мұның еш әбестігі жоқ. Ақша билеген заман ғой. Әйтсе де, бұдан басқа да жақсы тілек аз ба?

Мысалы, менің анам ас қайырған кез­де, «Е, Алла, дәрігер мен сотқа ісім­ді тү­сіре көрме» дейтін. Әрине, жас ке­зімізде ол сөзінің мәніне бойлай бер­мейтінбіз. Сөйтсек, тілектің көкесі де сол сөз екен. Дәрігерге ісіңді түсірме де­гені – ауру-сырқаудан, ал сотқа ісімді тү­сір­ме дегені – пәле-жаладан аман бо­лайық дегені емес пе?!  Расында да, денсаулығың жақсы болып, дүниеде кездесіп жататын келеңсіз жайттардан аулақ болғанға не жетсін.

* * *

Осы күні аз ғана қазақ іштен іріп, жас­тарымыздың әртүрлі діни топ­тардың жетегіне кетуі жиілеп барады. Соның кесірі қайда апарып соға­тынын да көріп жүрміз. Сырттағы жаудың да көздегені осы. Өйткені, олар сексеуілді тек сексеуілмен ұрып қана сындыратыны сияқты, қазақты қазаққа қарсы қойып қана, араға іріткі салуға болатынын жақсы біледі. Шіркін, осы ащы ақиқатты әркім өз баласының санасына сіңірсе ғой.

* * *

Өз алдына ел болудан қалған  кез келген ұлт үш түрлі сатыдан өтетінін өмірдің өзі көрсетіп берді. Ең алдымен, ол өзінің ұлттық киімінен, одан кейін салт-дәстүрінен жерінсе, ең соңында ұлт ретіндегі ең аяулысы – ана тілін ұмыт­са керек. Қазақ осы сатылардың бәрінен өтіп, соңғы сатының ең ақырғы тепкішегіне аяқ артып тұрғанда, Жаратқан ием қолымыздағы бұғауды шешіп, ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, ұлт ретінде ұйысуға бізге зор мүмкіндік сыйлады.

Тарих үшін қас-қағым сәт бол­ғанымен, жиырма бес жыл аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде біз әлемге қазақ сынды халық барын дәлелдей білдік. Әрине, бұл үлкен жетістік. Алайда, біздің ана тіліміз әлі де босағада қалды. Оны төрге шығара алмай отырмыз. Оның әртүрлі себебі бар. Әйтсе де, ең басты себеп – қазақтың өзінде. Ұлттық намыстың оянбай жатқанында. Жарайды, қатып қалған ағаш қайта көктей қоймас. Бар үміт – келешек ұрпақта дейін десең, сол жастарымыздың  дені осы дертпен уланып өсіп келеді. Яғни, олар да өз ана тілін білмейді, білсе де оны екінші сұрып сияқты көреді. Осыдан қорқасың.    

* * *

Зия деген сөз нұр, нұрлы деген мағына береді. Демек, зиялы деп біз парасат-пайымы толысқан, білім-білігі  мен ұлағаты мол адамды айтуға тиіспіз. Алайда, біздің қоғам осы ұғымды бас­қаша ұғатын сияқты. Олай дейтінім, осы күні қалтасы қалың іскер адамдарды да, қызметі жоғары шенеуніктерді де  ұлтымыздың арқасүйері, ар-ұяты деп те мақтау белең алып бара жатқандай. Сол мақтау-мадаққа лайық болса мейлі ғой, бірақ әлгі сырт келбеті де жұтынып тұрған, айтар әңгімесінің де лебі ыстық «ақылды» адамның кім екенін бірер сәттен кейін-ақ аңғарып қоясың.Сенбесеңіз, тыңдаңыз.

Бірде маған ел көзінде жүрген белгілі шенеуніктің бірі телефон шалды. Бұл Оралхан Бөкеев оқуларының енді-енді қолға алынып, оны республикалық деңгейде өрістету қолға алына бастаған шағы еді. Менің республикалық «Лениншіл жас» газетінде Оралханмен бірге көп жылдар қызмет істегенім бар. Шенеунік те сол жылдардағы жазушының болмыс-бітіміне қатысты біраз жайтты білгісі келген екен. Әрине, мен білгенімді айтып, тіпті, өз тарапымнан ұсынысымды да білдірдім. Бір кезде әлгі шенеунік «Сізге көп рахмет. Енді қалғанын Орекеңнің өзінен сұрап алармын» деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Өз құлағыма сенер сенбесімді білмей, мен қалдым...
Міне, ел тірлігінде жүрміз дейтін қайсыбір «зиялы» адамдардың сиқы шамамен осындай.

* * *

Түнде аспанға қарасаң, жарқыраған жұлдыздардың арасы қол созым жерде, бір-біріне сәулесін төгіп тұрғандай көрінеді. Алайда, олай емес екенін  біз ғалымдардың зерттеулері арқылы жақсы білеміз.

Адамдар да сырт көзге солай көрі­неді. Олардың бір-біріне айтқан тілегіне,  ықыласына қарасаңыз, мына дүние сізге кеңіп сала бергендей, риза болып қаласыз. Алайда, ішкі әлеміне тереңірек үңілсеңіз, әлгі адамдардың арасында өткел бермес шыңырау жатқанын көреріңіз хақ. Бұл орайда, Тұмағаң (Тұманбай Молдағалиев) айтқан бір әңгіме еріксіз еске түседі. Бірде ол талантты бір ақын інісінің үлкен бір бәйгеден (ұмытпасам, Мемлекеттік сыйлыққа) тауы шағылғанына мұңайып отыр екен. 

– Е, бұл дүние бір ұтыс, бір жеңі­лістен тұрады ғой. Алда өмірі бар... – дедік біз.

– Әрине, оны білемін ғой. Бірақ мәселе мынада. Ақырғы дауыс беру аяқталған соң әлгі ақынға мен сізге дауыс бердім деп комиссия мүшелері  бірінен кейін бірі түгелдей телефон шалыпты. Ал ақынға дауыс берген адам біреу ғана. Және оны берген мен едім. Сонда басқасы қайда? Олар неге өтірік айтты? Әшейінде әлгі ақынның талантына тәнті боп жүрген топ, дәл сол сын сағатта қойнына неге тас салып алды? Соған қайранмын деген еді ол.

* * *

Егер біреу нағыз бейшара адам кім деп сұраса, онда мен екіараға өсек тасып, біреуді жазықсыз қаралап жүретін, айналасындағы адамдарды қара басының пайдасы үшін сатып кететіндер дер едім. Өкінішке орай, арамызда мұндайлардың қатары аз емес. Бәлкім, ондай адамдар көздеген оғын нысанаға дөп тигізіп, түрлі айла-шарғысының арқасында сол  ісінің пайдасын да көріп жүрген шығар. Алайда, ұттым деп ұтылып жүргеннің нақ өзі. Өйткені, ізін қанша жасырса да, оның қандай адам екенін жұрт айтқызбай-ақ танып жүреді. Осы қызылкөз пәлеге жоламайық, қара күйесін жақпасын деп іргесін аулақ салады. Білген адамға бұдан асқан қорлық бар ма?!

* * *

Ата сақалы аузына біткен бір азамат жастар арасында отырып, бүгінгі қоғам жайында біраз әңгіме айтқан. Сөзіне қарасақ, мына дүние күйреп бара жатыр. Айналада жасалып жатқанның бәрі көзбояу. Ел тозды, біз шаршадық деген сарындағы әңгіме. Байқаймын, оны естіп отырған жастардың да басы салбырап кетіпті. Енді қайтсін, ел жүгін арқалап жүрген ағаларының сөзі әлгіндей болса, нарықтың парқына бойлай алмай жүрген олардың еңсесі қалай түспесін.

Дәл сол сәтте менің ойыма ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов оралған. Ол кісі тура әлгі азаматтың жасында айдауда жүріп, Беломор-Балтық каналының қара жұмысына жегілген екен. Сонда да ел ертеңінен күдер үзбепті, жарықтық. Иә, күндіз тоң боп қатқан қара жерді қазып, сілесі қатса, түн баласы ұйықтамай, түркі жұрты үшін ортақ грамматика жазумен айналысыпты. Тіпті, сол жерде жүріп, кездейсоқ ұшырасқан жерлесінің «Елге не сәлем айтасыз?» дегеніне де «Басынан ер жігіттің нелер кетпес, қажыма, қайратты бол, ештеңе етпес, Ызғарлы Ақ теңіздің күні тұман, Бар екен де ағада үлкен шыдам, Бел байлап тәуекелге жүріп жатыр, Басқа сөз айтқаны жоқ дерсің бұдан» деп басталатын сәлемін жырмен жолдаған екен. Қайран ердің  өзі азап пен қорлықта жүрсе де рухын жасытпай, қалың елі қазағын да қайратқа шақырып, жігерін жанығанын қарашы.

Ойлап отырсаңыз, ол кез бен бұл кездің арасы жер мен көктей емес пе? Рас, тәуелсіз елімізде кем-кетік те жетерлік. Тындыратын іс те шаш-етектен. Алайда, қазақ бірте-бірте ілгерілеп келе жатқан жоқ па? Оны неге көрмейміз?

* * *

Зер салсаңыз, адамдардың түр-келбеті, болмыс-бітімі түрлі аңдарға ұқсастығын байқайсың. Тіпті, іс-әрекетімен ара мен жыланнан аумайтын адамдар да жетіп артылады. Олай дейтінім, адамдардың бірі жақсылық жасауға ынтық болса, енді бірі айналасына зәрін шашып, жұрттың көңілін лайлап жүреді.

* * *

Бұл дүниеде барлық нәрсенің, тіпті, алтынның да өзіндік сыбаға-салмағы бар. Сол сыбаға-салмақты таразыға тартып өлшеуге болады. Ал адамның ар-ожданын өлшейтін ондай құрал жоқ. Оны тек көңіл таразысына салып, бағамдауға болады.

* * *

Айдалада екі адам алып мұнара тұрғызып жатса керек. Олардың қасына бір журналист барып, не істеп жатқанын сұрайды. Сонда оның бірі «Келешек ұрпаққа бізден ескерткіш ретінде осы мұнараны салып жатырмын» десе, екіншісі, «Е, бала-шағаны асыраудың қа­мы ғой» деп жа­уап беріпті. Кім біледі, еш­кім де, ешқайда мұнара тұрғызбаған, олардан не істеп жатырсыңдар  деп ешкім сұрамаған да болар. Бұл аңыздың айтары – бір іске екі адамның екі түрлі көзқарасын көрсету ғана.

* * *

Қазақ баяғыда том-том кітап жазып, көшкен сайын оны түйеге артып жүруді қиынсынып, бір кітаптың жүгін бір ауыз сөзге сыйғызып, ауыздан-ауызға таратып жіберген-ау, шамасы. Сондай бір кітаптың жүгін арқалап тұрған сөз қазақта жетерлік. Соның бірі  «Базарда мың кісі бар. Әркім сүйгеніне сәлем береді» деген сөз. Бала кезімізде осы сөз­дің мәніне бойлай бермейтінбіз. Сөйт­сек, базар дегеніміз, мына қайнаған өмір болса,  айналаңның бәрі адам екені де рас. Алайда, солардың бәрімен әм­пей-жәмпей бола бермейсің. Көңіл жетер адамыңмен ғана сыйласады екенсің.

* * *

Сонау тоқсаныншы жылдары екі ба­­ла­сы бар жас әйел ма­ған жылап ке­ліп, жағдайын айтқан. Сөзінен ұқ­қаным, оны күйеуі ұрып-соғып, екі баласымен үйінен қуып шығыпты. Әке-шешесі, туған-туысы жоқ жетім қыз болғандықтан, барар жер, басар тауы жоқ көрінеді. Мен «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы едім. Әлгі әйелдің жағдайы сай-сүйегімді сырқыратты. Ол кезде жағдайы ауыр аналарға жәрдем беретін бүгінгідей қоғамдық ұйымдар жоқ. Не істерімді білмей, көзі жасты, көңілі қаяу жас әйелді өз үйіме әкеліп, табаны күректей жеті ай бақтым. Аяғына тұрып кетсін деп өзіне жұмыс, екі баласына балабақшадан орын да тауып бердім. Алайда, әртүрлі сылтау айтып, ол көнбеді. Өзі өзгеше нәзік әйелдің айтқан сөзі де көңілге қонымды көрінетіні  сондай, ол не айтса да сене бердім. Сенгенім соншалық, осындай бейкүнә жанға қайтіп қана қол көтеруге болады  деп қайран қалатын едім. Күйеуімен, ата-енесімен кездесіп, үйіріне қайта қоспақ болған ниетіме айтқан сырғытпа сөзіне де қалтқысыз сеніп жүрдім.

Ол күндердің күнінде екі баласын алып, біз жоқта үйден кетіп қалғанда да, оны емес, кінәні өзімнен іздегенім  де есімде. Құдай-ау, бір нәрсеге ренжіп қалды ма екен, әлде бала-шаға бірдеңе деп қойды ма деп дал боламын. Тіпті, тамаққа деген азды-көпті тиын-тебенді ала кеткеніне де қуандым. Байғұс әйел тым болмаса біраз күн талғажау етсін дегенім ғой. Сөйтсем, періште іспеттес бейкүнә әйел мен ойлағандай емес екен. Бір күні теледидар қарап отырсам, елден ірі көлемде ақша алып, қашып жүрген алаяқ әйелдің суретін көрсетті. Зер салып қарасам, әлгі өз үйімде тұрған әйел. Мұндай таңғалмаған шығармын. Оның сөзіне имандай ұйығаным соншалық, өз көзіме өзім сенбедім. Дегенмен, осы жайт маған өмірлік сабақ болды. Ең бастысы, иман мен зұлымдық адамның жүзінде емес, оның ісінде екенін ұқтым.

Жұмагүл СОЛТИЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері