Қазақстан • 27 Шілде, 2017

Бүгін қазақтың қос ғарышкерінің туған күні

878 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін қазақтың қос ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің туған күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қазақтың қос ғарышкерінің туған күні

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылдың 27 шілдесі күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы (1995), Техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры - Тоқтар Әубәкіров Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1969), Авиация институтын бітірген (1979).

Ол еңбек жолын 1962 - 1965 жылдары Теміртау құйма-механика зауытында токарь болып бастаған. Оның есімі Қарағанды облысының «Құрмет» кітабына алтын әріппен жазылған. 1969 - 1975 жылы Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болып қызмет етті. 1975 - 1976 жылы Мәскеу ұшқыштар-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген (1979). 1976 - 1992 жылы Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндеттерін атқарды. 1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы 1-болып, авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Зерттеу нәтижесінде, Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды. Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық даярлығын зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.

1992 - 1993 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-орынбасары, 1993 - 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры - Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, 1994 - 95 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты - Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.

1996 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2001 жылы №44 Қызылорда сайлау округі бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутат болып сайланды. Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылым депутаты, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13 шақырым депутаты, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің 3-ші шақырылым депутаты болып сайланған.

Сонымен қатар, бүгін қазақтың тағы бір ғарышкері, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ғарышкері Айдын Ақанұлы Айымбетовтің туған күні. Ол 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтенай ауылында дүниеге келген. Қазақстан ғарышкері, Халық қаһарманы.

Мектепті алтын медальмен бітірген Айдын Айымбетов 1993 жылы Армавирдегі жоғарғы әскери авиациялық училищені «ұшқыш-истребитель» мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылдың мамырынан Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарында қызмет атқарды. Ұшқыш-истребитель. Ғарышкерлер отрядына таңдау алдында Талдықорған қаласы маңындағы авиабазада авиациялық бөлімшенің командирі болып қызмет атқарды. 2009 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттiгi төрағасының кеңесшісі, агенттік департментінің директоры. 2011 жылдың наурызынан Сұлтанғазиев атындағы ғарыштық зерттеулер институтында ғарыштық технологияларды ақпараттық-біліммен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы. 2012 жылдың көктемінен Астана қаласындағы Оқушылар сарайындағы жас ғарышкерлер мектебінде ұстаздық етеді. Айдын Айымбетов Қазақстан Республикасы Әскери-әуе қызметінің полковнигі. 1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берді. Екінші мәрте 2001 жылдың 5 мамырында қайта берді.

2002 жылы Ресей-Қазақстан мемлекетаралық бірлескен ғарышқа ұшу келісімі аясында Мәскеу қаласында медициналық комиссиядан өтті. 2002 жылдың 9 қарашасында Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия мәжілісінде Қазақстан Республикасы ғарышкерлері отрядына кіргізу туралы ұсыныс жасалынды. 2012 жылдың 12 қазан күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1304 қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді.

Ол 2015 жылы 2 қыркүйекте 2-бортинженер ретінде «Союз ТМА-18М» кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта он күн болып, маңызды зерттеулер жүргізген болатын. Халықаралық ғарыш станциясынан оралған Айымбетовті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алды. Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Ақанұлы Айымбетовке 2015 жылдың 14 қазанында «Халық қаһарманы» атағы, сол жылы «Алтын Жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі, «Отан» ордені берілді.