Әлем • 31 Шілде, 2017

Баспасөзге шолу: КХДР баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді

462 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда Солтүстік Корея республикасы құрлық аралық баллистикалық ракетасын екінші мәрте сынақтан өткізді. Алыс қашықтыққа ұшатын зымыранды көкке самғатқан КХДР кезекті рет ядролық қаруымен доқ көрсетіп, әлем тыныштығын бұзатын әрекетке барып отыр.

Баспасөзге шолу: КХДР баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді

Солтүстік Кореяның құйтұрқы әрекеті туралы ақпаратты ең әуелі Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсихидэ Суга хабарлаған болатын. «Бұл ұшақтар мен кемелердің қауіпсіздігін қатер төндіретін өте зиянды әрекет және БҰҰ қауіпсіздік резолюциясын өрескел бұзу. Біз Солтүстік Корея тарапынан жасалған мұндай бассыздыққа жол бере алмаймыз» – деді Ёсихидэ Суга өз мәлімдемесінде.

РИА Новости сайтының деректеріне сүйенсек, Ресей Қорғаныс министрлігі Корей түбегінен ұшырылған зымыранның бағытын бақылаған. Бұл жолғы баллистикалық ракета 681 метр биікке көтеріліп, 732 километр ұшып өтіп, Жапония теңізіне құлады. КХДР-дің бұл қадамы көрші мемлекеттерді ғана емес, бүкіл әлемді аяғынан тік тұрғызды. Енді ше, құрлық аралық баллистикалық зымыранды сәтті сынақтан өткізу – дөңгеленген дүниенің кез келген нүктесін бомбалауға Солтүстік Корея оқтұмсықтарының қабілеті бар деген сөз.

Зымыранның құлаған жері

Құрлық аралық баллистикалық зымыранның құлаған жері

CNN таратқан ақпарат бойынша, Солтүстік Корея басшысы бүкіл АҚШ территориясы нысанада тұрғанын айтып дөң айбат көрсеткен. «Қару-жарақ маманының айтуынша баллистикалық зымыран көлбеу траекторияда ұшырылса, АҚШ-тың маңызды әрі үлкен қалаларына қауіп төндіреді. Лос-Анджелес, Денвер және Чикаго нысанаға іліккен, тіпті оқтұмсықтар Нью-Йорк пен Бостонға да жетуі мүмкін екенін айтады Ғылымдар ұйымы маманы Дэвид Райт. Оның пікірінше, баллистикалық зымыран қаншалықты ауыр оқтұмсықты көтере алатынын нақты айту әзірге қиын. Оқтұмсық ауырлаған сайын ұшу қашықтығы азаяды. Егер Солтүстік Кореяның мәлімдегені рас болса, Пхеньянның баллистикалық бағдарламасының қарымы ойлағаннан асып түседі», – деп хабарлайды CNN арнасы.

Көп ұзамай әлем басшылары Солтүстік Кореяның әрекетін айыптап, оған қарсы әрекет етуге шақырды. Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Корея түбегіндегі ядролық мәселені шешу мақсатында АҚШ-пен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. «Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бірлесе, әріптестік танытып шешім табатынымызға сенімдімін. Біз осыған қатысты Вашингтонмен екіжақты байланысымызды жалғастыра береміз. Себебі бұл өте маңызды әрі қауіпті мәселе», – деді Сергей Рябков ABC арнасына берген сұхбатында.

АҚШ Президенті Дональд Трамп өз кезегінде Солтүстік Кореяға қатысты мәселеде Қытайдың қол қусырып отырғанын тағы көтерген. BBC агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Ақ үй басшысы твиттердегі парақшасына Қытайдан көңілі қалғанын жазыпты. «Қытай үкіметі кеңесшісі Виктор Гаоның айтуынша, Трамптың пікірінің пайдасы жоқ, сондай-ақ АҚШ «ерке бала» секілді әрекет етіп отыр. Солтүстік Кореямен шектесіп жатқан әрі сол елдің ең үлкен экономикалық әріптесі Қытай бұған дейін де зымыран сынақтан өткізуге қатысты айыпталып, КХДР-мен байланысын үзуге шақырылған болатын», – дейді BBC. АҚШ-тың БҰҰ-ындағы елшісі Никки Халей де Қытайды белсенді әрекет етуге шақырды.

Дегенмен, КХДР-дың қадамын Қытай да құптаған жоқ. Сенбі күні таратқан мәлімдемеде олар Пхеньян үкіметін Корея түбегіндегі жағдайды ушықтырмауға шақырды. «Солтүстік Кореяның баллистикалық технология қолданып зымыран ұшыруына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің нақты ережелері бар. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі резолюциясын бұзатын және халықаралық қауымдастыққа бағынбайтын Солтүстік Кореяның әрекетін Қытай тарапы құптамайды», – деп хабарлады Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілі Гэн Шуан.

Солтүстік Корея құрлық аралық баллистикалық ракетасын сынақтан өткізгеннен кейін іле-шала Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлесе баллистикалық оқу-жаттығу жиындарын өткізді. РИА Новости таратқан мәліметке сүйенсек, аталған шара КХДР-дың әрекетіне жауап ретінде жасалған. Оқу-жаттығу жиынында Оңтүстік Корея қарулы күштерінің «Хенму-2» зымыраны мен АҚШ армиясының «жерден жерге» баллистикалық ракетасы қолданылған. Сонымен қатар, АҚШ әкімшілігі де Солтүстік Кореяға өздерінің қаражаяу еместігін көрсетіп, екі В-1 бомбалағыш ұшағын Корея түбегіне жіберді. Бұдан бөлек АҚШ тарапы баллистикалық зымыранға қарсы қорғаныс сынағын жасағанын хабарлады. CNN арнасының хабарлауынша, THAAD деп аталатын қорғаныс жүйесі әзірге құрлық аралық баллистикалық зымыранды жойып жіберуге қабілетсіз. Алайда аталған қорғаныс жүйесі орта қашықтағы баллистикалық зымырандарға қарсы тиімді қолданылады.

Корея

Солтүстік Корея баллистикалық зымырандарының ұшу қашықтығы

The Guardian газеті КХДР-дың кезекті мәрте баллистикалық ракета ұшыруы Ақ үй басшысы Дональд Трамптың сынға түсетін кезі келгенін көрсетеді деп есептейді. Аталған басылым таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқтұмсықтар Нью-Йоркке дейін жетуі ықтимал:

«Солтүстік Корея ақпарат агенттігі баллистикалық ракетаның ұшырылуы АҚШ-қа «қатаң ескерту» деп жазады. Онда құрлық аралық баллистикалық ракета 47 минут 12 секунд бойы ұшып, 998 километрді басып өтіп, 3724,9 метр биіктікке көтерілген делінген. Ақпарат агенттігінің айтуынша, Ким Чен Ын осы әрекеті арқылы соғыс қаупі мен күшейтілген санкцияны желеулетіп «барабанын ұрғылап байбалам салған» АҚШ-қа жасалған «қатаң ескерту» екенін білдіреді».

Ал Солтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары баллистикалық ракетаны сәтті сынақтан өткізу елдің әлеуетін көрсететін жазады. «Хвасон-14» құрлық аралық баллистикалық зымыранды екінші мәрте сәтті сынақтан өткізу біздің пария мен халықтың революциялық сенімінің ерекше көрсетілімі болды. Сондай-ақ, америкалық империалисттер тізерлеп келіп кешірім сұрап, халқымыздың зиян шегуіне себеп болған Кореяға қатысты жаулық әрекеті мен саясатын тоқтатпайынша соққы беруге әзір», – делінген «Нодон синмун» газеті таратқан ақпаратта.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кореяның құрлық аралық баллистикалық ракетасын сынақтан өткізуін Қазақстан тарапы да қатаң айыптайтынын мәлімдеді. «Мұндай әрекеттер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясын өрескел бұзып, әлемге қауіп төндіріп, шығыс Азия мен ғаламдық деңгейдегі жағдайды күрделендіреді. КХДР-дың жауапсыз саясаты ядролық қаруды таратпауға арналған жаһандық үрдіске кері әсерін тигізеді. КХДР-ді өз халқы мен бүкіл адамзат игілігі үшін ядролық қарудан бас тартуға шақырамыз», – делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Шетелдік баспасөзге шолу жасаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»