Аймақтар • 31 Шілде, 2017

Астанада Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері басталды

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері басталды

4 тамызға дейін жалғасатын БҚО күндері аясында Қабанбай батыр даңғылы бойындағы этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейі келушілерді өз экспонаттарымен таныстырса, облыстық халық шығармашылығы орталығы «ЭКСПО-2017 - әлем көрмесіне саяхат» атты сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері мен Ақ Жайық өңірі суретшілерінің көрмесін ұйымдастырды. 

Батысқазақстандық журналист Нұртай Текебаев мәлім еткеніндей, музей жәдігерлері қойылған киіз үйлердің ішінде «Алтын ханшайым» экспозициясы, Құрманғазы домбырасының көшірмесі, Ә. Қастеевтің 1941 жылы салған «Төлеген мен Қыз Жібектің кездесуі» атты картинасы, Жәңгір хан мундирінің, оның жары Фатима ханымның салтанатты кеште киетін көйлегінің көшірмелері, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің үлгісін көруге болады. Сонымен қатар музей қорынан алынған облыс аумағындағы Лебедевка, Қырықоба қорғандарынан табылған археологиялық қазба материалдары, алтын жапсырмалар, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдардың мол жиынтығы, өңір тарихына қатысты құнды құжаттар бар.  400-ге жуық музей жәдігері келушілердің назарына ұсынылды.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Батырхан Қайыровтың сөзіне қарағанда, этноауылдағы көрмеге Батыс Қазақстан облысынан келген 21 қолөнер шебері қатысуда. Көрме барысында Нұрбол Әміржанов керамикадан ыдыс жасаудан шеберлік сағатын көрсетті. Шыңғырлау ауданындағы «Марфуға» тігін цехының иесі Әсел Сұлтанғалиева қыз жасауына қатысты өнімдерді ала келіпті. Ақжайық ауданының тұрғыны Ерлан Бектеновтің зергерлік бұйымдары республика көлеміне кеңінен танымал. Орал қаласындағы «Women Art Дизайн» компаниясы ұлттық бұйымдар галереясын жабдықтаған. Шығармашылық топтың құрамында Қазақстан Дизайнерлері одағының мүшелері Раиса Алексеева, Марина Ермекқалиева, Наталья Брикс бар. 2012 жылы Сеул қаласында өткен халықаралық саммитте  Елбасымыз «Women Art Дизайн» дайындаған тұмарды сол кездегі АҚШ президенті Барак Обамаға сыйға тартқан. Оралдық «Текемет» жеке серіктестесігі де аталған компания секілді шетелдерде көрмелер ұйымдастырып үлгерген. Бір айта кететін жайт, көрмеге қатысып жатқан кәсіпкерлер өз бұйымдарын саттыққа қоя алады.

Этноауылда Қостанай облысының қолөнер шеберлері де бар. Олар  батысқазақстандық топпен шығармашылық байланыс жасауда.

Айта кетейік, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Астанада БҚО-ның мәдениет күндерін өткізуге 111,8 млн теңге бөлінген. Облыстың мәдениет және өнер ұжымдары Елордада 10 концерттік бағдарлама мен 8 спектакльді көрермендер назарына ұсынады. Сонымен қатар «Қазанат» ипподромында 3-4 тамыз күндері көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және қыз қуудан ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылмақ. БҚО күндері 4 тамыз күні «ЭКСПО-2017» алаңындағы амфитеатрда өнер ұжымдарының гала-концертімен тәмамдалмақ.