Аймақтар • 01 Тамыз, 2017

Ақсуаттағы айтыс

754 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

29 шілдеде Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында дүркіреген айтыс өтті. «Туған жерге туыңды тік» тақырыбындағы жыр додасына Ринат Зайытов, Жансая Мусина, Рүстем Қайыртайұлы, Қуаныш Шарманов, Қалижан Білдәшов, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Әсем Ереже, Мақсат Ақанов, Шұғайып Сезімхан, Төлеген Жаманов сынды еліміздің ақындарынан бөлек Ерлан Дәулетұлы (Моңғолия) мен Жарқынбек Бердібекұлы (Қытай) сынды айтыскерлер қатысты.

Ақсуаттағы айтыс

Осымен екінші мәрте Барқытбелдің баурайында шымылдығы түріліп отыр­ған халықаралық айтыстың ашылу сал­танатында сөз алған Тарбаға­тай ауда­ны­ның әкімі Ділдәбек Оразбаев дүл­дүл ақындардың басын қосқан сөз сайысының Елбасының «Руха­ни жаңғыру: болашаққа бағ­дар» мақа­­ласында көрсетілген міндет­терді жүзеге асыру аясында ұйым­дас­­тырыл­ғанын, бұл шараны осы өңір­дің тумалары Тастекеевтер әулетінің қаржы­лан­дыр­ғанын атап өтті. Әдет­тегідей Жүр­сін Ерман тізгінін ұстаған, белгілі қалам­гер Еркін Жаппасұлы, ғалым Нәдірбек Әпсәлемұлы, айтыскерлер Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, теле­жүр­гі­зу­ші Берік Уәли қазылық еткен жыр додасында айтыскерлер туған жер, өскен ел, ұлттық дәстүрлерімізді ұлық­тау, өткенімізді ұмытпау сынды өзекті тақы­рыптарды жан-жақты қау­зап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Аламан айтысты шырайлы Шым­кенттен келген Қалижан Білдәшев пен алматылық Шұғайып Сезімхан бастады. Екінші жұп болып сахнаға Жайықтың қызы Жансая Мусина мен Өкпетінің өрені Рүстем Қайыртайұлы шыққанда бес мың көрермен орнынан тұрып қол соқты. Қос ақын да жанкүйер күткен сенім үдесінен шығып, қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көр­сете білді. Түс ауа сахна төріне Алаш­тың азулы ақыны Ринат Зайытов пен соңғы жылдары айтыста жүлде бермей, жүйріктігімен танылып жүрген Керекудің дүлдүлі Аспанбек Шұғатаев шығып, бүгінгі қоғам, заман жайын­дағы ойларын ортаға салды. Ұзын саны 12 ақын қатысқан өнер бәсекесінде Ақ­суат­тың тумасы Рүстем Қайыртайұлы бабын­да екенін байқатып, бас жүлдені (2 млн теңге) қанжығаға байлады. Бірінші орынды Ринат Зайытов (1 млн теңге), екінші орынды Жансая Мусина (750 000 теңге), үшінші орынды Қытайдан келген қандасымыз Жарқынбек Бердібекұлы (500 000 теңге) еншіледі. Мұхтар Ниязов және Аспанбек Шұғатаев 300 000 теңге­нің арнайы сыйлығына ие болды.

Шара соңында төл өнеріміздің жан­а­­­шыры Жүрсін Ерманмен тілдес­кені­­мізде, соңғы жылдары айтысты Алматы мен Астанада ғана емес, шал­ғай ауыл­дарда жиі өткізіп жүрген­дік­терін, бұл Елбасының тапсырмасы екен­дігін айтты. «Биылғы Ақсуаттағы айтыс былтыр­ғыдан өзгеше болды. Айтыс­тың демеу­шісі Дулат Тастекеев бауыры­мыз­дың айтуынша, бұл айтыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл шеттен екі ақын қосылды және жыл сайын қиыр­да жүрген талантты ақындарды осын­дай дода­ларға шақыратын боламыз. Ерек­ше­лік деп отырғаным, демеушіміз жыл сайын «Көрермен көзайымы» деген арнайы стипендия тағайындап және сол ақын келер жылға дейін ай сайын 200 мың теңге тұрақты стипендия алып отыратын болады. Бұл, ең алдымен, төл өнерімізге деген үлкен құрмет болса, өзге өңірлерге үлгі боларлық жайт», дейді Ж.Ерман.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы