Аймақтар • 01 Тамыз, 2017

Петропавлда жастар арасындағы жанжалдан бірнеше адам жарақат алды

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда дәмханалардың бірінде ішімдікке масайып, көңіл көтерген жастар арасындағы дау-жанжал ушығып, оның ақыры қару қолдануға  ұласты.

Петропавлда жастар арасындағы жанжалдан бірнеше адам жарақат алды

Қос оқиға да Голливуд сериалдарындағы қанды қасапты еске түсіреді. Екі жасөспірім өздері құралыптас замандасын таяққа оңдырмай жығумен шектелсе, бір сәрі. Травматикалық пистолетпен бірнеше рет атып, 39  секундқа ғана созылған екітараптық төбелес барысында зәбір шегуші дене жарақатын алған.

Ал екінші оқиға топтық жаға жыртысуға жалғасып, шолақ мылтықтан  атылған оқтан 19 жастағы Ербол Хамитов деген колледж студенті ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

№ 1 қалалық аурухананың бас дәрігері Галина Маметованың айтуынша,  науқастың бір аяғын тізеден  кесуге тура келген. Халі нашар. Басы жарылып, тістері сынған. Жапа шегушінің әкесі Ғалымкерей Құсайыновтың сөзіне қарағанда, ұсталғандардың арасында қару қолданушылар жоқ көрінеді.  Қашып кетсе керек.  Ол нағыз қылмыскерлер жауапкершіліктен сытылып кете ме деп алаңдайды.  

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі күдіктілердің ұсталғаны, Қылмыстық Кодекстің 293-ші, 99-шы баптары бойынша «Бұзақылық» және «Кісіге қастандық жасау» қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде мәлімдеме таратты.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»