Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Шетелде кадрлар даярлау жөнінде комиссия отырысы өтті

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалық етуімен шетелде кадрлар даярлау жөнінде республикалық комиссияның кезекті отырысы болды.

Шетелде кадрлар даярлау жөнінде комиссия отырысы өтті

Мемлекеттік хатшының айтуынша, «Болашақ» президенттік стипендиясы Қазақстанның үшінші жаңғыруы басымдықтарының бірі болып табылатын адами капитал сапасын жақсартудағы рөлі айрықша. Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова кадрларды сапалы даярлау және білім жүйесіндегі озық буын ретінде «Болашақ» түлектерінің әлеуетін пайдалану жөніндегі жұмысты күшейту қажеттілігіне тоқталды.

Отырыс барысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің шетелде кадрлар даярлауға қатысты республикалық комиссиясының хаттамалық шешімдерінің орындалу барысы туралы есебі тыңдалды. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасын іске асыруға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Комиссия шешімімен магистратура және докторантура бойынша және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге лайық үміткерлерге стипендия тағайындалды.

Отырысты қорытындылай келе Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру және тиімділігі арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Болашақ» стипендиясы 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бұйрығымен тағайындалған болатын. Содан бері аталған бағдарлама арқасында алыс және жақын шетелде 12 мыңнан астам шәкірт «инемен құдық қазып», білім жинап қайтты. Бүгінге дейін әлемнің 35 еліндегі 170 үздік жоғарғы оқу ордасы Алаш өрендерін білім нәрімен сусындатты. 2015 жылдан бастап ағылшын тілін Қазақстанда оқытуды көздейтін «6+6» тілдік даярлаудың жаңа моделі іске қосылды. Магистратура және докторантура бағыты аясы кеңейді.

Фото: el.kz