02 Тамыз, 2017

Қарақожа мешіті және Жұпан ана

797 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдени мұра

Қарақожа мешіті және Жұпан ана

Ел ішінде ескілікті әңгімелер көп. Есте тұтып, естелік ретінде пайдалануға да болады, әрине. Ұлы даламыздағы әрбір белгінің, ескерткіштің де өзінің тарихы мен тағдыры бар. Тарихи Талас жерінде, Талас өзенінің оң жағалауында тұрған Қарақожа мешіті көптің таңданысын тудырған көрнекті кешен. Мешіт тарихи деректер бойынша ХХ ғасырдың бас кезінде ортағасырлық Бұхара және Самарқан мешіттеріндегі сәулет өнері үлгісінде салынған екен. Сондай-ақ, кезінде Ремпель бастаған атақты ғалымдар мұнда зерттеу жұмыстарын да жүргізіп, аталған мешіт бүгінде республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген.

Ал Қарақожа мешітінің тарихы қандай, не себепті бұлай аталды деген сауалымызға Сейілбек ауылының тумасы Шүкірғали Ахымұлы жауап берді. Әңгімені әріден тарқатқан азамат Қарақожа мешітіне қатысты жайттарды мазмұндады. 
Заманында Қарақожа мешітін Жұпан ана салуға ықпал еткен екен. Енді ол кісі мұндай сауапты іске қалай бел байлады десек, қазақтың «Батамен ел көгерер» деген аталы сөзінің текке айтылмағанын түсінуге болады. Малдыбайдың баласы Күдері жүз жастан аса жасайды. Сол қария ұлы Райдың әйелі Жұпан келініне бата берген. Жұбайынан жастай жесір қалса да қайсарлық үлгісін танытып, осы тарихи нысанды салдыруға басшылық жасайды. Әуелі қайнысы Сәмбетбайды ертіп, Тәшкен барады. Сол жерден ұста-шеберлер әкеліп, осы мешітті салдырады. Мешіт құрылысы аяқталған соң, он төрт жасар Қарақожаны сол жерге имам етіп тағайындайды. Әрине, сол мешітті салдыру үшін жұрттан жылу да жинаған. 

Қарақожа мешіті қазақ даласындағы жаппай тәркілеу, ашаршылық, қызыл қырғын кезеңдеріне дейін елге қызмет еткен, иман дәрістерін үйреткен орын. Ал одан кейін бұл тарихи нысанның тағдыры да тар жол, тайғақ кешуге түскен. Бүгінде Қарақожа мешітінің маңы қалың қорым. Сол жерден Жұпан ана да мәңгілік тыныс тапқан. Алайда кімнің қабірі қай жерде екені белгісіз. Уақыттың табынан зираттар тегістеліп кеткен. Ал Қарақожа мешіті сағымды далада өткен ғасырлардан сыр шертіп тұр. Енді ұлттық жәдігерлерімізге үлес болып қосылған Қарақожа мешітінің тарихы ұрпаққа мұра болып қалуға тиіс. Әрі Жұпан ана бейнесі де ұмытылмасы үшін бұл жерге бір белгі қажет-ақ. Осы ойды айтқанымызда, Шүкірғали Ахымұлы бұл жұмысты жуырда ғана қолға алғанын жеткізді. «Мен Қарақожа мешітінің тарихы туралы бала күнімде әкемнен естідім. Әкем Ахым Далбайұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып келіп, кейіннен тоқсан жастан асып қайтыс болды. Ол кісі елдің, жердің тарихы туралы, әсіресе Жұпан ана туралы көп айтатын. Мұндай әңгімелерді естігенімде, көз алдыма халық қамын жеген Домалақ ене, Ұлпан, Айғаным сияқты кісілердің бейнелері келетін. Сондықтан да Жұпан ана сынды кісілердің аты атаусыз қалмасын әрі кейінгі ұрпақтары ата-бабаларының мәңгілік мекенін біле жүрсін деген ниетпен баршасына ортақ белгі – мәрмәр тақтатас орнатуды мақсат етіп, сол мақсатты қасиетті Рамазан айында қолға алдық», дейді Шүкірғали Ахымұлы.
Қарақожа мешіті Әулиеата өңіріне ғана емес, бүкіл елімізге белгілі тарихи орын. Талас аңғарынан орын тепкен нысанның нақты тарихы осындай. Бұл да ұлт құндылығын құрмет тұтатын ұрпаққа қажет.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы