Аймақтар • 03 Тамыз, 2017

Берік Әбдіғалиұлы: Берелдегі жәдігер «Алтын адам» ба, жоқ па реставрациядан соң белгілі болады

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Берел қорғанынан табылған тарихи жәдігерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»

Берік Әбдіғалиұлы: Берелдегі жәдігер «Алтын адам» ба, жоқ па реставрациядан соң белгілі болады

«Ең бастысы, ол жәдігерге реконструкция жасау керек. Берел қорғанынан табылған жәдігерді сақталған фрагменттері арқылы толық қалпына келтірсе ғана, ол «Алтын адам» ба, жоқ па белгілі болады», - дейді орталықтың басшысы.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Берелден табылған жәдігерді бұған дейін табылған ауқымды тарихи мұралармен салыстыруға келмейді. Қорғандағы тарихи жәдігер табылған орнында толық зерттеліп болғаннан кейін реставраторлар бас киімнің фрагменттері арқылы оның үлгісін толық келтіре алады. Сондықтан, бұл жұмыстарды аяқталды деуге әлі ерте.

«Қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Әлі де күрделі жұмыстар бар. Әдетте, киім-кешегі алтынмен апталған адамды «Алтын адам» деп айтады. Біз алтын адам деп толықтай алтыннан құйылған адамды айтамыз ба, әлде алтынмен апталған киіммен табылған адамды атаймыз ба - анықтап алуымыз керек. Белбеуінен де, бас киімінен де қалған алтын фрагменттер жатыр. Басты мәселе - оның тоналғанында. Көмілгеннен кейін көп уақыт өтпей тоналып, сүйекті қазған да аяғынан тартып алған. Суырып алып, қолға түскен алтындарын алып кеткен. Қалған фрагменттері сол жерде жатыр», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Орталық басшысы реконструкция жасалғаннан кейін жәдігер музейлердің бірінде өз орнын табатынына сенімді. Толыққанды киімін қалпына келтіруге әлі де 1-2 жылдың жұмысы керек. «Табылған бас киімнің Алматы жақтағы Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киіміне ұқсайтыны айтылды. Не десек те, зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін белгілі болады», - деп түйді Берік Әбдіғалиұлы. Еске сала кетсек, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали Берел қорғанынан Алтын адамның табылғанын фейсбук парақшасында жария еткен болатын. Ізінше сол жақта қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан экспедициялық топтың басшысы Зейнолла Самашев табылған жәдігерге байланысты түсінік берген болатын.