Аймақтар • 03 Тамыз, 2017

Петропавлда аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Достық үйінде Дін істері және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы  мен «Гуонлен» жастар орталығы «Қоғамдық келісім және ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» деген тақырыпта аймақтық ғылыми- тәжірибелік конференция ұйымдастырып, ұлтаралық қарым-қатынастарды жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Петропавлда аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Басқосуды Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Наиль Салимов ашып, Достық үйінде-23, жергілікті жерлерде 100-ден астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейтінін, олардың  этносаралық, конфессияаралық  бірлігімізге  жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Жастар және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз бірлікте жұмыс істейміз, деді ол.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Гүлбақша Мұсабаева жергілікті  тәжірибеге сүйене отырып   «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін  дамытудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» деген тақырыпта баяндама жасады. «Барбанг»  күрдтер ассоциациясы облыстық фииалының төрағасы Рашид  Надиров жас буын бойына тарихымызды, құндылықтарымызды ұлықтау, отанды сүю қасиеттерін ұялатудың маңыздылығын жеткізді. «Коперник» облыстық поляк мәдени орталығының төрайымы Валентина Корнева  өз ойын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған қазақстандық патриотизм мәселесімен сабақтастырды. 

Конференцияда сөйлеген өзге шешендердің ой-пікірлері кез келген халықтың қуаты–оның бірлігінде. Қазақстан – этносаралық келісім саласында тәжірибесі мол, бірегейлік пен біртектіліктің қайталанбас моделін қалыптастырушы ел. Біздің артықшылығымыз да, күшіміз де  – біртұтастығымызда. Сондықтан, осы бір азаматтық қағидаттарды одан әрі нығайту «Мәңгілік Ел» идеясына негізделуі тиіс, деген  пайымдарға негізделді.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы.