«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 81-қадамында «әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз ететіні» айтылып, мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту қажеттігі атап көрсетілген.
Жекеменшік медицинаны дамытып, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу үшін еліміздің денсаулық сақтау саласында көптеген өзгеріс қолға алына бастады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, менеджмент саласы дұрыс жолға қойылмаған ұйымдар да бар. Кейбір бас дәрігерлер өзі басқарып отырған мекемеде қалыптасқан күрмеулі мәселелердің түйінін шешейін деп те талпынбайды. Сонымен бірге, учаскелік дәрігерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне көңіл бөліп, жұмысының нәтижесіне қарай жалақы төлеу де қарастырылмаған. Осыдан келіп, дәрігерлердің тапшылығы, белгілі бір салаға бейімделген мамандардың жетіспеушілігі туындайды. Сондықтан жұмысын жөнге келтіре алмай отырған денсаулық сақтау ұйымдары жақсы жұмыс істейтін басқа әріптесінің қарауына, яғни жақсы менеджмент қалыптасқан ұйымға беріліп, жақсы басқарушылардың қолына тапсырылады. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі дамиды. Басқарудың мұндай тәсілі бәсекелестік ортаның қалыптасуына себепкер болып, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттырмақ. Ал мемлекет үшін бұл – заманауи инфрақұрылымға және ғимараттарды ұстау шығындарын азайтуға қол жеткізудің жолы.
Жекешелендірудің кешенді жоспарының шеңберінде әзірше 9 денсаулық сақтау нысаны: екі республикалық және 7 жергілікті медициналық ұйым жекешелендірілмек. 10 медициналық ұйым, соның ішінде 8-і сатып алу құқымен, екеуі сатып алу құқынсыз сенімді басқаруға беріледі. Бүгінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында барлығы 11 жоба бойынша келісімшарт жасалыпты.
Жақында Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ базасында «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында менеджментті және корпоративтік басқаруды дамыту» тақырыбында өткен республикалық конференцияда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мемлекеттік кәсіпорындарға корпоративтік басқару тәсілдерін енгізу арқылы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанына толық көшірілетінін атап өтіп, мемлекеттік медициналық мекемелерді қайта құру жұмыстары 2019 жылдың аяғында аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ, әр өңірде адам ресурстарын басқарудың аймақтық саясаты, медициналық ұйымдар деңгейінде персонал басқарудың нәтижелі бағдарламасы енгізіледі.
Жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева корпоративтік басқару тәсілдерін енгізуге кедергі келтіріп отырған мәселелерді алға тартты. Оның айтуынша, корпоративтік басқару тәсілдерін енгізу аясында өкілетті және жергілікті атқару органдарының құзыреттерін, Қамқоршылық кеңесінің өкілеттігін кеңейту керек. Ол үшін алдымен нормативтік құқықтық базаларды жетілдіріп, жергілікті атқарушы органдардың белсенділігін арттыру қажет.
Елімізде жақсы менеджментті жолға қойып, жұмысын сәтті жүргізіп отырған медициналық ұйымдардың шоғыры да қалыптасып үлгеріпті. Көштің басында Астана қаласы мен Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Бұл өңірлерде былтырдың өзінде-ақ шаруашылық жүргізу құқындағы медициналық мекемелердің қатары 80 пайызға жеткен. Ал денсаулық сақтау ұйымдарының 70 пайызында Қамқоршылық кеңесі құрылған.
Керісінше, 8 ауданда корпоративтік басқаруды енгізу жұмыстарының төмен деңгейі немесе мүлде жоқтығы анықталып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында корпоративтік басқару тәсілдерін енгізудің төменгі көрсеткіші (15,9 пайыз) байқалады, мұнда қамқоршылық кеңестер де атымен жоқ.
Вице-министр персоналды басқарудың корпоративтік саясаты әуелі медициналық ұйымдардың 20 пайызының базасында енгізілетіндігін жеткізді. Денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын басқарудың ұлттық саясатын жүзеге асыру негізінде мынадай қағидаттар енгізілетін болады: қажетті (қолжетімді) адам ресурстарының болуы; жұмыскерлердің тиісті өкілетінің қалыптасуы және үздіксіз кәсіби даму мен адам ресурстарының өнімділігі.
Министрліктің мәліметі бойынша, корпоративтік басқару жүйесі персоналды басқару қызметінің мәртебесін көтереді, қызметкерлерінің әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
Ендігі кезекте медициналық ұйымдарға заманауи HR-технологияларды енгізу қарастырылып отыр. Бұл да медицина саласының сапасын арттырып, жұртшылыққа көрсетілетін қызмет түрлерін жетілдіруге ықпал етпек. Жалпы, денсаулық саласындағы өзгерістер барлық медицина ұйымының жұмыс өнімділігін арттырады деп күтілуде.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»