Медицина • 04 Тамыз, 2017

Ұлт жоспары – азаматтық қоғамды ілгерілету жолы

449 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемге төнген қатерлердің ең бастысы халықаралық терроризм болып отыр. Заманауи терроризм «тек менікі ғана дұрыс» деген бүгінгі әлсіздің ең күшті қаруы іспеттес. Әлсіздердің қозғаушы күшін түсінбеу терроризмге қарсы іс-қимылды қиындата түспек. Қозғаушы күштердің себеп-салдарын түсінген жағдайда ғана ұлт қауіпсіздігіне төнген қатерлерді жеңудің жолдары айқындалады. Олардың негізгісі – азаматтық қоғам бүтіндігін қалыптастыру.

Ұлт жоспары – азаматтық  қоғамды ілгерілету жолы

Азаматтық қоғам бір мезетте өздігінен қалыптасатын қоғам емес. Батыс елдерінің тарихына үңілер болсақ, азаматтық қоғам екі жолмен қалыптасқан: мемлекеттің қа­ты­суымен және қатысуынсыз. Мемле­кеттің қатысуымен заңдар жарияланып, демократиялық жүйе дамиды. Мемлекеттің қатысуынсыз қоғамдық-саяси қозғалыстар мен бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғам қалыптастыру ісіне жұмыла кіріседі. Азаматтық қоғамда жеке тұлғалар өзін-өзі таныту мүмкіндігіне ие болып, «адам – қоғам – мемлекет» үштігінің пропорционалды түрде даму үрдісін жылдамдата түседі.

Мұндай үрдіс елдің экономикалық-саяси дамуы мен халықтың әл-ауқатының, мәдениеті мен сана-сезім деңгейінің артуымен бірге орнайтын құбылыс. «Адам – қоғам – мемлекет» үштігінің дамуы азаматтардың өз жүріс-тұрысын жеке мүдделеріне негіздеп, әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау санасын кемелдендіре түседі. Азаматтық қоғамның қалыптасып дамуының алғышарттарына жеке тұлғалардың меншік иесіне айналуы, аза­маттардың тең құқықтылығының орнауы, жеке тұлғалардың құқықтары мен бос­тан­­дықтарының қамтамасыз етілуі жатады.

Ал азаматтық қоғамның дамуы барысында экономика саласындағы мемлекеттік емес кәсіпорындар мен бірлестіктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен ұжымдық шаруашылықтар ерікті түрде бірігу мен бәсекелестік жолына аяқ басып, еркін нарықтық қатынастарға кіреді, сондай-ақ, әлеуметтік салада отбасылар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, мемлекеттік емес БАҚ-тар мен өзін-өзі басқару органдары қоғам мүддесін өркениетті жолмен ашық түрде білдіре бастайды. Сонымен қатар, саяси салада партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар демократиялық қағидаттар мен ұлт дәстүрі үшін күреске кіріседі, ал рухани салада шығармашылық топ өкілдері мен басқа да азаматтық бірлестіктер мемлекеттен және өзге де саяси құрылымдардан тәуелсіз түрде ой еркіндігін, ар-ождан мен сөз бостандығын пайдалана бастайды.

Азаматтық қоғамды қалыптастыратын да, сақтап, қорғайтын да ұлт болып табылады. Ұлт қана ұлттық дәстүрдің сақталуын талап ету еркіне ие күш. Сондықтан «ұлт» ұғымын дұрыс түсінгеніміз жөн.

Ғылыми әдебиеттерге сүйенер болсақ, заманауи «ұлт» сөзін түрлі мағынада қол­данатын ғалымдардың екі тобы кездеседі. Ғалымдардың бірінші тобы бір мемлекет азаматтарының жиынтығын «ұлт» деп атайды. Мұндай көзқарасқа негізделген сая­си бағыт «мемлекеттік немесе азаматтық ұлтжандылық» деп аталады. Ғалымдардың екінші тобы болса, «ұлт» ұғымын шығу-тегі, мекенжайы, діні, шекарасы мен құндылықтары ортақ адамдардың саяси және мәдени қауымдастығы ретінде қарастырады. Тарихта мұндай саяси идеология «этникалық немесе этностық ұлт­шыл­дық» деп аталады. 

Қазақ халқының этностық ұлтшылдығы 1991 жылы Қазақстан Республикасын құрды. Қазақстан халқының азаматтық ұлт­шыл­дығы көпвекторлы саясат аясында көп­эт­ностық және көпконфессиялы Орталық Азия аймағын келісім мен бейбітшілік алаңына айналдырды. 
Бүгінде әлем көз тіккен Қазақстан жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты дамы­туда өзіндік орны бар мемлекет. Қазақ­стан­дықтардың азаматтық ұлтшылдығы бодандық пен сепаратизмнің кез келген түріне, оның ішінде ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіруді көздейтін деструктивті ағымдарға үзілді-кесілді қарсы. 

Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алда тұрған мақсаттарға жету үшін 2015 жылы мемлекеттің болашағына негізделген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялады. Ұлт жоспарының негізгі мақсаты қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалап, жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап бере отырып, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруін қамтамасыз ету деп белгіленді.
Ұлт жоспары отандық және шетелдік сарапшылардан тұратын, бес жұмыс тобынан жасақталған Ұлттық комиссия тарапынан кезең-кезеңімен орындалып келеді. Онда көрсетілген нақты қадамдардың жүзеге асырылуы қазақстандықтардың біртектілігін нығайтып, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызатынына сенім білдірілуде.

Бүгінгі таңда Ұлт жоспары аясында қа­зақстандықтар «кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «индустрияландыру жəне экономикалық өсім», «біртектілік пен бірлікті қамтамасыз ету», «есеп беретін мемлекет қалыптастыру» жо­лында табанды еңбек етіп келеді. Қазіргі буын өкілдерінің қолына Ұлт жос­парын жүзеге асыруға атсалысумен қатар, айтарлықтай дамыған Қазақстанды қалыптастырып, жаңарған елімізді жаңа буын өкілдеріне табыстау мүмкіндігі тиіп отыр. Аталған үрдіске қоғамның барлық мүшелері «адам – қоғам – мемлекет» пішімі шеңберінде жұмылдырылған жағдайда Ұлт жоспары өз мақсатына жетіп, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру жолы кеңейе түспек.