Футбол • 04 Тамыз, 2017

Неймар ресми түрде ПСЖ ойыншысы атанды

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Барселона» командасында төрт жыл өнер көрсеткен бразилиялық шабуылшы Неймар келер маусымды Францияның «Пари Сен Жермен» ұжымында жалғастыратын болды.

Неймар ресми түрде ПСЖ ойыншысы атанды

25 жастағы форвард париждік клубпен бес жылдық, яғни 2022 жылдың 30 маусымына дейінгі келісімшартқа қол қойды. Бұл трансфердің жалпы құны 222 млн еуроны құрайды.

Қаржылық фэйр плей ережесін сақтау мақсатында «Барселонаға» франциялық ұжымнан ешқандай қаржы түспеді. Ал аталған соманы Неймар өз қалтасынан шығарды. Ол 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының елшісі болғаны үшін берілген 300 млн еуроны төлеп, «Барселонамен» келісімшартын үзді. Енді оның жаңа командадағы бір апталық жалақысы 550 мың еуроны құрайтын болады.

«Футболшының өмірі жаңа белестерді бағындырудан тұрады. Мұндай жайттардың кейбірі күтпеген жерден пайда болса, келесі бірі біздің шешімімізден болады. «Барселона» мен бағындырған үлкен белестердің бірі. Мұндағы ойыншылармен бала күнімнен тек видеоойындар арқылы ойнайтынмын. 21 жасымда Каталонияға арман қуып келдім. Барселонадағы ең алғашқы күнімді ешқашан ұмытпаспын. Месси, Вальдес, Хави, Иньеста, Пуйоль, Пике, Бускетс секілді әлемдік деңгейдегі футболшылармен бірге дайындалдым. Ең алғашқы дебютімді де асыға күткенім есімде.

«Барселонада» футбол тарихындағы ең ұлы футболшымен бірге өнер көрсеткенімді мақтан тұтамын. Лионель Мессиге ұқсайтын ойыншыны енді қайтып көрмейтініме сенімдімін. Лео менің футболда да, одан тысқары жердегі де досым болып қалады. Онымен бірге доп тепкен күндерімді мақтан тұтамын.

Месси, Суареспен футбол тарихындағы үздік үштікті құрдық. Футболшылар жеңіп алуы мүмкін жүлделердің бәріне қол жеткіздік. Есімнен кетпес бақытты күндерімді өткіздім. Мен өмір сүрген қала қарапайым ғана шаһар емес, бұл мекенді туған жерім деп айтсам қателеспеген болар едім. Мен Барселона мен Каталонияны жақсы көремін.

Бірақ кез келген футболшыға (маған да) жаңа белестерді бағындыруы керек. Осымен екінші мәрте әкемнің шешіміне қарсы келіп отырмын. Әке, сенің пікіріңді түсінемін әрі қатты сыйлаймын. Бірақ мен өз таңдауымды жасап қойдым, бұл жолы да мені қолдауыңды сұраймын.

«Барса» мен Каталония жүрегімде мәңгіге қалады. Бірақ енді алға қарауым керек. Сол үшін ПСЖ-ның ұсынысын қабыл алдым. Олардың жанкүйерлері күтіп жүрген жүлдені жеңуге көмектескім келеді. Өз карьерамда үлкен тәуекелге бел буып отырмын. Бұл сынаққа дайынмын деп ойлаймын.

«Барселонаның» жанкүйерлерін, бірге өнер көрсеткен әріптестерімді қатты сыйлаймын. Жүрегімді тыңдасам кетуім керек дейді. Енді ПСЖ алдағы жылдары менің үйім болады. Олардың үміттерін ақтауға тырысамын.

Маған қолдау білдірген жанкүйерлеріме, достарыма, отбасыма әрдайым қасымда болған жандардың бәріне алғыс айтамын. Бұл менің 25 жасыма дейінгі жасаған өте маңызды әрі қиын шешімім болды. Барселона, саған деген алғысым шексіз! ПСЖ, мен саған қарай бара жатырмын! Жаратқан бір өзі жар болғай!» деп жазды Неймар Instagram-дағы парақшасында.

Айта кетейік, Неймар «Барселонаға» 2013 жылдың жазында Бразилияның «Сантосынан» ауысып келген болатын. Осы уақыт аралығында ол барлығы 186 ресми ойынға қатысып, 106 голдың авторы атанды.