Медицина • 05 Тамыз, 2017

Медиация институтын дамытудың маңызы зор

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде медиация институтын дамыту Қазақстан халқы Ассамблеясының басым бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан да Ассамблея жұмысын жүргізуде, сондай-ақ оны алға қарай дамытуда кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың ықпалы зор.

Медиация институтын дамытудың маңызы зор

онымен қатар, қоғамдағы түрлі даулы жағдайлардың алдын алу үшін медиаторлық технологияларды пайдаланудың да маңызы орасан. Осыған орай, Ассамблеяда жалпыреспубликалық инклюзивті медиаторлар желісі құрылған. Жамбыл облысында оған Қоғамдық келісім кеңесі мен медиация кабинеті кіреді.

Тараз қаласындағы «Достық үйінде» «Медиация институтының қазіргі жағдайы мен даму перспективасы» атты Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы медиаторларының форумы өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі медиация секторының меңгерушісі Жанар Үсіпбекова, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі медиация кабинетінің маманы Валентина Досыбиева, облыстық сот координаторы Динара Нұрлыбаева, Тараз қалалық Әділет басқармасының басшысы Гүлнәр Кушекова, әлеуметтік-экономикалық саласының заңдылығын қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Ғани Абдрахманов, Қазақстан Халқы Ассамблеясының медиаторы Гүлмира Жолдасова, Байзақ ауданының Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторы Ғалия Көшекбаевалар қатысып, медиация саласына қатысты түрлі тақырыптарда баяндама жасады.

  Бүгінде Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанынан 2016 жылдың 4 ақпанынан бастап қоғамдық қабылдау жүргізетін, тұрғындар кез-келген мәселелерімен жүгіне алатын медиация кабинеті жұмыс істеп келеді. Бұдан өзге сотта, облыс, қала және аудан әкімдерінің аппаратында 48 медиатор қызмет ететін 12 медиация кабинеті, сонымен қатар тұрғындарға медиациялық кеңес беретін кезекшілік мүше кеңесі ұйымдастырылған. Ал ағымдағы жылы 1 тамыз күні медиация кабинетіне 362 азамат өз өтініштерімен қайырылған. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы медиаторларының қызметі нәтижесінде үш жүз дау мен қақтығысты жағдайлар оң шешілген. Ал азаматтардың берген өтініштерінің ішінде  этносаралық келіспеушілік пен шиеленіс бойынша мәселе болмағанын айта кету керек. Сонымен қатар, форум барысында медиация институтының жағдайы мен даму мәселелері сөз болып, Қазақстан Халқы Ассамблеясы медиация құрылымының мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институтымен өзара іс-қимылының негізгі тетіктері талқыланды.

  Форум қатысушылары тарапынан 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Жамбыл  облысы  Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығына «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі кұрылымында өнірлік медиация институтын тиімді дамыту мақсатында  медиация бөлімін ашу мәселесін қарастыру, тұрақты түрде өңірдің барлық аудандарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп,  бұқаралық ақпарат құралдарында  ақпарат беріліп, ашық есік күндерін өткізу, ел азаматтарына  арналған медиация бойынша семинар-тренингтер мен шеберлік сыныптарын жүргізу сияқты бірқатар ұсыныстар айтылды. Енді айтылған ұсыныстар қабылданып, жоспарлар жүзеге асқан жағдайда, медиация қызметінің мәртебесі бұдан да арта түсетіндігі сөзсіз.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы