Медицина • 07 Тамыз, 2017

Картаға түспеген ауылдар

679 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кезінде жүзім шаруашылы­ғымен аты шыққан Байзақ ауданының Чапаев совхозы бұл күнде Темірбек ауылдық округі болып аталады. Байзақ ауданының өзі Кеңес Одағының заманында Свердлов ауданы еді. Ал еліміз Тәуелсіздік алып, өз алдымызға шаңырақ көтерген кезде қазақ даласындағы орыстанған көптеген атаулар өзгертіліп, қазақша қалыпқа түскені белгілі. Ал бүгінгі таңда Тегістік, Сарыбарақ және Шахан елді мекендері Темірбек ауылдық округіне қарайды. Ауылдық округ бойынша 2400 тұрғын бар. Алайда жұртшылықпен жүздесу кезінде мұнда елді алаңдатқан, халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелер бар екеніне көз жеткіздік. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде бұл жерлер картаға түспеген елді мекендер сияқты күй кешіп отыр...

Картаға түспеген ауылдар

Халық ағын судың азабынан қашан арылады? 
Тегістік ауылы Байзақ ауданы­ның соңғы нүктесі болып есептеледі. Яғни, жоғарыда айтылған үш елді мекен Байзақтың Талас ауданымен шектесетін тұсында. Ал Талас өзенінің бір бөлігі ауданның Көптерек және Темірбек ауылдық округтері арқылы өтеді. Бірақ Көптерек және Темірбек ауылдық округтеріне қарасты елді мекен тұрғындарының ағын судың азабын тартқанына отыз жылға жуықтаған. Талай жылдар бойы суармалы алқаптардың тамырына нәр беріп келген Темірбек, Кеңес каналдары тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерде қараусыз қалған екен. Содан бері каналдың астыңғы деңгейі көтеріліп, жыл өткен сайын каналдың табанын қайраң, жағасын құрақ баса беріпті. Тіпті, Талас өзені тиіп тұрса да тіршілік көзін пайдалана алмай отырған ауыл тұрғындары көмек сұрап талай жерге барыпты. Бірақ ұзақ жылдан бері бұл мәселенің түйіні тарқамаған екен. Енді кезінде бау-бақша салып, жүгері егіп, қара жердің қасиетіне қанығып келген жұртшылық шаруасын шалқыта алмай қиналуда. Дегенмен, Темірбек ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қошан Сембеков бір жаңалықтың шетін шығарды. Жуырда ғана облыстық бюджеттен 17 миллион 500 мың теңге қаражат бөлініп, Темірбек су қоймасынан Шахан ауылына баратын оң жағалауда жұмыстар бас­талып кетіпті. Бүгінгі таңға дейін жұмыстың елу пайызға жуығы бітіп те қалған екен. Әкімнің сөзіне сенсек, келесі жылы жергілікті тұрғындар ағын судың азабынан құтылады. 

Ауыз судың әлегі
Ауыз су, ол да бір мәселе. Бірақ бүгінде ауыз сусыз отырған ауылдарды көп кездестіре қоймаймыз. Адамның негізгі тіршілік көзіне баланған ауыз судың қажеттігі бәрібір білініп тұрады. Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барғанымызда, ауыл тұрғындары осы мәселені көтерді. Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұлов бүгінгі таңда тұрғындар үшін ауыз судың көкейкесті мәселе екенін айтты. «Кезінде ауылда 2000 гектарға жуық суармалы жер бар еді. Оның 662 гектарын жүзім алып жататын. Сонымен қатар, халық бау-бақша салып, жүгері егетін. Қазір оның бірі де жоқ. Енді ағын су емес, ауыз суға жете алмай отырмыз. Бүгінде әркім өзінің есігінің алдынан 12-13 метр жерден су шығарып алып, күнделікті тіршілікке соны пайдаланып отыр», дейді ауыл тұрғыны. Бұл мәселе Тегістік, Сарыбарақ және Шахан ауылдарына түгелдей қатысты екен. Айта кетейік, тұрғындардың ауыз судың әлегіне тап болғанына да талай жыл өтіпті. Бірақ көпшілік үмітпен күн кешіп отыр. Әлі де болса су мәселесі шешіліп, шалқитын шақтардан үмітті.

Ауыл тұрғындары үшін көгілдір отын да өзекті мәселе. Газ құбырлары ауылдың ірге­сінен өтіп жатқанымен, халық әлі күнге дейін кө­мір жағып күнелтеді. «Қазір бір тонна көмір тасы­малымен қосқанда 20 мың теңге болады. Ал қыс бойы кем дегенде бес тонна көмір жаға­мыз. Ал мұндай қаражатты екінің бірінің қалта­сы көтере қоймайды», дейді Шахан ауылының тұр­­ғыны Сейітқазы Мәделиев. Жалпы, бүгінгі таң­­да ауданда 43 елді мекен бар болса, 21 елді ме­кен көгілдір отынның зарын тартып отыр. Егер республикалық бюджеттен қаражат көзі қа­рас­тырылатын болса, мұндағы екі мыңнан астам халық көгілдір отынмен қамтылатын еді...

Ескі мектептер елеусіз қалмаса...
Жамбыл облысының көптеген ауылдары мен елді мекендерінде мемлекеттік бағдар­лама­лар арқылы мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша салынып жатқанымен, Сарыбарақ және Шахан елді мекендеріндегі мектептің күйі жан жабырқатарлық. Мәселен, Сарыбарақ елді мекеніндегі Сарыбарақ орта мектебі өткен ғасырдың елуінші жылдары салыныпты. Содан бері бұл мектеп талай буын тәрбиеленіп шыққан құтты шаңырақ болғанымен, уақыттың сынына шыдай алмай тұр. Шыны керек, бұл күнде шағын ғана мектеп балалардың білім алуына ыңғайлы қалыпта емес. Аядай ғана бөлмелерде білім алу былай тұрсын, бір кіріп шығудың өзі мұң. Оның үстіне заманауи білім жабдықтары, спортзал деген атымен жоқ.
Ал Шахан елді мекеніндегі орта мектеп Мұхтар Әуезов атымен аталады. Жетпісінші жылдары салынған бұл мектептің де тозығы жеткені көрініп тұр. Ауыл тұрғындары енді ескі мектептер елеусіз қалмаса деген тілектерін жеткізді. Тым болмаса, ауылдан шағын ғана мектеп бой көтерсе дейді. Әрине, мектептің мұңы бір басқа. Бірақ мәселе тек мектепте болмай шықты. «Ауылда жол мәселесі де өте қиын. Көшелер тіпті жарықтандырылмаған. Клуб, спорт нысаны деген атымен жоқ. Бізді қойшы, бәрібір жастарға қиын ғой» дейді ауыл тұрғыны Қырықбай Айнақұлов.  
  Келешекте Сарыбарақ және Шахан ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға берілсе, тіпті ғажап. Себебі, бүгінде еліміз білім берудің жаңа жүйесіне көшкен кезеңде ауылдардың бұл бастамадан қалыс қалуына тағы болмайды. Сондай-ақ, жастар үшін клуб, спорт нысандарының да өзіндік артықшылығы бар. 
  
Түйін 
Жалпы, аталған елді мекендер Байзақ ауданынан қырық бес-ақ шақырым жерде орналасқан. Ал аудан орталығы Сарыкемер ауы­лының өзі Тараз қаласынан таяқ тастам жерде. Бірақ ағын су, ауызсу, мектеп, клуб, спорт нысаны, жол мәселелері шынын­да да тұрғындардың жанайқайы. Айтпақ­шы, Темірбек ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қошан Сембеков келесі жылы Те­гістік елді мекенінің ауызсумен қамтыла­тынына сендірді. Тіпті оның жобалық-сме­талық құжаттары да дайын екен. Ал Сарыбарақ және Шахан елді мекендерінің тұрғындары әзірге ауызсудың әлегімен алыса тұратын сияқты...

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы