Рухани мәселе адамның санасын күрт өзгерту, сайып келгенде, қоғам жаңғыруының ең күрделі, ең қиын саласы. Осыған Президент басқаша, жаңа өлшеммен келіп, мүлдем жаңа, тіпті күрт сапалық бұрылыс жасаған. Мәселенің бұрынғыдан мүлдем жаңа шығармашылдық секіріспен, күрт бұрылыспен қойылуы осында жатыр. Бұл – тың қорытынды, ашығын айтқанда, өзекті идеологиялық мақала. Біздің пайымдауымызша, мақаланың бүкіл мазмұны, онда қойылған міндеттер, ең алдымен интеллигенцияға, орта, кәсіптік-техникалық, жоғары оқу орындарының ұстаздарына, мемлекеттік басқару саласындағы барлық кадрларға, әсіресе, идеологиялық салаға жауап беретін кадрлар корпусына, ғалымдарға, журналистерге арналған.
Президенттің стратегиялық ойлау, құбылыстарды, қоғамдық қатынастарды прагматикалық тұрғыдан бағалау және елдегі осы тарихи кезеңдегі шынайы ахуалмен, қоғам мүдделерімен тығыз байланыста қараудағы тереңдігі мен жаңашылдығына тағы тәнті болдық. Оның ең алдымен Қазақ мемлекетінің түбегейлі мүддесіне қызмет ету, соны өркениеттің алдыңғы легіне шығаруды көздейтін түпкі нысанасы екендігіне көзіміз жетті. Бізде стратегиялық құжаттар, бағдарламалар баршылық: «Қазақстан-2050», Бес институттық реформа және т.б. Ал осыларды жүзеге асыратын адамның жан дүниесі, санасы қай деңгейде? Осы бағдарламаларда адам қандай орын алады?
Модернизация туралы қазіргі заманғы теория мен практиканы, негізгі сипатты белгілері мен талаптары, тәжірибелері туралы талдағанда (С.Хантингтон, Г.Алмонд, Ш.Айзенштадт, Д.Эпте және т. б.) оның күрделі табиғатын, жаһандық, кешенді, жүйелі, көп сатылы және толастамас құбылыс екендігін баса көрсетеді. Яғни Президент күн тәртібіне қойып отырған рухани жаңғыру осы біртұтас, кешенді жаңғырудың, ажырамас бөлігі, маңызды құрамдасы. Оның біртұтас құбылыс ретіндегі даму логикасы мен ішкі өзара байланыстылығы, сабақтастығы заңдылықтарынан туады. Онсыз қоғамның жаңғыруы табиғатынан жартыкеш, аяқталмаған болар еді. Өйткені, атақты грек ойшылы Петагор «Барлық дүниенің өлшемі – адам» деп бекер айтпаған. Ойшылдың осы ойының маңызы мен астарын философтар жүздеген жылдар бойы талдап, адам құпиясын түсінуге және адамның қоғамдағы құбылыстарды қалай қабылдап немесе неге қабылдамауының ішкі себептерін іздеуде. Міне, осындай күрделі диллеманың алдында бүгінгі Қазақ қоғамы да тұр. Адамның саналы, ойлы әрекетінсіз қандай да тартымды жоспарлардың өзі аяқсыз қалады. Себебі, адамзат қоғамында әртүрлі идеялар, тамаша жоспарлардың жүзеге асуы немесе құр, бос идея, ниет қана болып қалуы оны жеке тұлғаның қабылдауына немесе теріске шығаруына байланысты болғаны белгілі.
Адам санасы, жан дүниесі – аса күрделі құбылыс. Оны өзгерту әкімшілік әдістермен, күштеумен, басқадай бір төтенше амалдармен жүзеге аспайды. Адамзаттың ақылманы К.Маркс «Барлық қамалдардың ішіндегі ең алынбайтыны – адамның бас сүйегі» − деген ойы мәселенің тым күрделілігі мен көпқырлылығын меңзесе керек. Сондықтан жаңғыру қай бағытта жүрсе де оның бел ортасында адам, оның санасы, мінезі, ойы, білімі, еңбегі, іс-әрекеті тұрады. Елбасы мақаласы осындай әртүрлі мәселелер төңірегінде байыппен ойлануды, саралауды қажет етеді. Әңгіме бұл жерде адам, адам факторы, оның санасы, дүниетанымы, арманы, тағлымы, тәрбиесі, білімі, мінез қылықтары мен кемшіліктері, тәрбиесіндегі, өмірдегі практикалық ісіндегі, еңбегіндегі кінәраттар туралы болып отыр. Демек, рухани жаңғырудың мәйегі, өзегі – қоғамдық сананы түбегейлі жаңғырту.
Рухани жаңғыруға байланысты қоғамдық ғылым өкілдерінің өзегін өртеп, еңсесін түсіріп, алаңдатып отырған жайт бар. Ол − Қазақстанның жоғары оқу орындарының алдағы оқу жылын, өкінішке қарай, тәуелсіз елде қоғамдық пәндерді алғаш рет қысқартылған оқу жоспарларымен бастағалы отырғандығы! Дәлірек айтқанда, биыл Білім және ғылым министрлігі саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану және т.б. бірнеше пәндерді мамандықтардың типтік оқу жоспарларынан шығарып тастаған, яғни алдағы оқу жылынан бастап оларды оқу-оқымау білім алушылардың өз таңдауында болмақ. Білім мен ұрпақ тәрбиесі саласындағы ұлттық мүдде мен саясатқа қайшы келетін қадам. Елдің болашақ мамандарының ұлттық санасын қалыптастырудың тағдырын шешуді 1-2 курс студенттерінің таңдауына беру – ел, ұрпақ болашағын ойламаудан туған шешім. Үстіміздегі жылдың 31 мамыр күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның жұртшылықпен өткен есепті кездесуінде біз жоғарыдағы шешімнің неге қабылданғанын, негіздемесін сұраған едік. Сала басшысы: «Бізде ректорлар бар, олардың кеңесі бар. Солардың талабымен болды», деп жауап берді. Ал шынтуайтқа келгенде, Президент, Үкімет алдында, саладағы мәселе үшін әр министр тікелей жауап береді емес пе? Ендеше жауапкершілікті кеңесші ұйым құзыретіне мінгестіру – Конституциялық заңның талабына қарсы. Бұл, біріншіден. Екіншіден, тіпті елдегі 130-дан астам ректор мүше болып табылатын Ректорлардың республикалық кеңесі консультативтік қоғамдық ұйым болып табылады. Ал ашық, табанды да сындарлы шешім, ұстаным болса – оған ректорлардың ешқашан қарсы келмейтіні әлімсақтан белгілі. Оның үстіне, еліміздегі ректорлар корпусының жартысынан астамы қоғамдық, гуманитарлық ғылымдар өкілдері – тарихшылар, заңгерлер, филологтар, экономистер емес пе? Олар өздері отырған бұтақты өздері шаба ма?
Сондықтан да Президент мақаласы бойынша құрылған Ұлттық комиссияның құрамындағы осы салаға жауап беретін арнайы Жұмыс тобының жетекшісі ретінде Ерлан Сағадиев шешімдерді қайта зерделеп, ой талқысына салса жөн болар еді. Уақыт, Президенттің рухани жаңғыру стратегиясынан туындайтын күрделі де тағдырлы шаралар осыны талап етеді. Бұл – Үкімет мүшесінің Мемлекет басшысы қойған міндеттерге ең алғашқы нақты, шешімді жауабы болар еді. Алдағы кезеңде Елбасы мақаласында атап көрсетілген әр пән бойынша – тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология пәндері бойынша жеке-жеке кешенді шешімдер қабылдануы керек.
Алдымен айтарымыз, саясаттану пәнін жеке мамандықтар бойынша міндетті пән ретінде республикалық ЖОО жүйесінен шығару, жоғарыда қабылданған шешімдердің ішіндегі ең өзектісі деп қабылдануы тиіс. Неге? Әр болашақ маманға – инженерге, құрылысшыға, дәрігерге және т. б. ең алдымен қазіргі күрделенген заманда тармақталған, әр қырлы, құбылмалы саясатты жан-жақты түсіндіру қажет. Жаһандану, ақпараттану үрдістері белең алып, қайшылықтар, әлеуметтік теңсіздік айрықша асқынып тұрғанда болашақ маман өз мемлекетінің саясатын, өзі қызмет істейтін саланың әлеуметтік-рухани миссиясын, елдегі саяси институттар: Президент, Парламент, Үкімет және басқа мемлекеттік басқару органдарының функциясы мен өкілдіктерінен, мемлекеттік қызмет пен басқарудың нақтылы салаларынан сындарлы білім алуы керек емес пе? Ал оның іргетасын ең алдымен саясаттану пәні қалайды ғой. Келешекте мемлекеттің саясатын оқытпаған ЖОО-ның беделі қандай болады? Болашақ маман мемлекеттің саясатын білмесе, оны қалай жоғары білімді маман немесе магистрант деп диплом береміз?
Саясаттану пәніне байланысты ең бірінші өзекті мәселе – арнайы саясаттану мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлерінде мамандар дайындауды Мемлекет басшысы қойған талаптарға жауап беретін жаңа үрдістерге шығару. Әсіресе, болашақта мемлекет қызметшілерін, сарапшыларды дайындаудың алғашқы кадрлық әрі білімдік негізі бакалавриатқа, магистратураға бөлінетін мемлекеттік гранттар санын бірнеше есе көбейтудің қажеттігі. Бүгінде республика бойынша бөлінетін бар болғаны 25-30 грант бұл мәселені шешпейтіні айдан анық. Ал елімізге ауылдық әкімдіктен бастап, Президент Әкімшілігіне дейінгі аралықтағы барлық мемлекеттік құрылымдарда, ақпараттық талдау орталықтарында, БАҚ-та білікті, ойлау жүйесі кең, қазіргі уақыт тынысы мен барысын білетін саясаттанушылар қызмет істеп жүр. Оларға қажеттілік пен сұраныстың басты қайнар көзі – саясаттану ілімінің қазіргі заманның табиғатын, ондағы сан-салалы саяси-демократиялық үрдістердің табиғаты мен ерекшеліктерін ашатын, түсіндіретін ауқымды, кең өрісті категориялары мен заңдылықтарында, елдегі саяси процестерден теориялық сындарлы даярлығында жатыр.
Екіншіден, Қазақ қоғамы мен мемлекетінің бүгінгі өскелең міндетіне сәйкес екі-үш тілді меңгерген, ішкі және сыртқы саяси процестерге, этносаясатқа, саяси террологияға, саяси жаһандану, ақпараттық қоғам проблемалары бойынша талдаушы, сарапшы мамандықтарына жіктей, саралай дайындау әдістері мен жоспарларына көшу де мемлекеттің осы саладағы кадр саясатының өзекті мәселесі. Келешекте жоғарыда аталған бағыттарда саясаттанушыларды мақсатты мамандандырып, білімдерін тереңдетіп, сапасын көтеру үшін саясаттану мамандарын дайындаудың басты базалық, тірек оқу орындары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия және әл-Фараби атындағы ұлттық университтерінде көп созбай, алдағы оқу жылынан, жеке, маманданған бейінді Қазақстан саясаты кафедрасын ашуды мейлінше қажетті шара деп есептейміз. Бұл шара саясаттану мамандарын дайындауды елдің ұзақ мерзімдік саяси және рухани жаңғырумен байаланыстырудың пәрменді тетігі болуы керек.
Үшіншіден, қоғамдық ғылымдардың, оның ішінде саясаттануды оқу-игерудің кәсіптік деңгейін Н.Назарбаев мақаласында қойылған жаңа деңгейге көтеру – бүтіндей бір ауқымды ұйымдық, ғылыми-әдістемелік шешім-шараларды, кешенді, кезең-кезеңімен жүргізуді талап етеді. Елбасы мақалада «Жаңа гуманитарлық білім» туралы мәселе қозғап, талапты нақты қойып отыр. Жаңа гуманитарлық білім қандай болуы керек? Оған жетудің, оны қамтамасыз етудің жаңа тетіктері қандай? Білім және ғылым министрінен бастап әр ректордың, факультет деканының, кафедра меңгерушілерінің, елге, ұлтқа, ұрпаққа жаны ашитын профессор-оқытушылар қауымының жан тыныштығынан айырылып, ойланар, пайымдап, зерделейтін мәселесі осы болуға тиіс. Министрлік аппараты құрамында тікелей министрге бағынатын кең де нақтылы құзыреттері мен өкілдіктері бар, функциялары егжей-тегжейлі анықталған, әлеуетті қоғамдық ғылымдарды оқытуды басқарудың арнайы департаменті немесе басқармасы құрылып, ол қоғамдық ғылымдарды оқытуды жоспарлау, бағдарламаларды саралау, бекіту, оқу сапасы және кадр мәселелерімен арнайы шұғылдануы керек. Басқарма басшылығына кезінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы, университет басшылығы тәрізді сатылардан өтіп, ЖОО-ның оқу процесінде піскен, кемелденген маманды қою – мәселенің шешілуін, қойылысын, істің барысын да тездетер еді.
Мемлекет басшысы қазіргі дүниедегі әлемдік тұрақсыздық, оның ішінде әлеуметтік тұрақсыздық, демографиялық теңгерімсіздік, тарихи уақыттың жылдамдығы тәрізді сын-қатерлер туралы әлденеше рет ескертіп, жадымызға құйып, Қазақстан ХХІ ғасырдың жаһандық тегеуріні мен ақпараттық қысымы мен тасқындар жағдайында осыларға төтеп беруге дайын болуын күн тәртібінен, өз назарынан бір түсірген емес. Сондықтан, саясаттану мамандарын оқытуда бүгінгі күннің күн тәртібінен туатын аса маңызды талап саясаттану мамандығы шеңберінде конфликтолог, яғни ішкі қақтығыстар мен шиеленістердің табиғатын біліп, оның алдын алатын, оның туу табиғатын, болдырмау амалдары мен әдістерін меңгерген мамандар дайындау да аса қат мәселе. Конфликтолог – шиеленістердің, қақтығыстардың алдын алатын, оларды реттеудің және шешу жолдарын, стратегиясы мен тактикасын, әртүрлі арнайы технологияларды ұсынатын әмбебап дейтіндей маман. Бір сөзбен айтқанда, элиталы, интеллектуалды арнайы күш, ерекше ұтқыр топ. Елдегі саяси процестерді мазмұны, саяси ахуалды терең пайымдау, кейбір әлеуметтік жіктер мен топтардың мінез-құлқы, елдің ішкі тыныштығы елімізге бүгінде дәл осындай мамандардың аса қажеттігіне көз жеткізіп отыр. Саясаттану мамандарын дайындауды жетілдіру, оны Мемлекет басшысы қойған өскелең талаптар деңгейіне көтеру, елдегі сая-си, рухани, мемлекеттік басқарудың, демократиялық процестер және әлемдегі күрт өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер талабынан шығу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еруразия ұлттық университеті құрамында дербес Саясаттану факультетін ашу мәселесін күн тәртібіне нақты қою қажеттілігі әбден пісіп жетілді. Мақаладан туындайтын тағы бір ұйымдық шара – келешекте бүкіл қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар пәндерінің профессор-оқытушылар корпусының білімін тұрақты жетілдіруді қамтамасыз ету үшін Астана қаласында Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар пәндерінің білімін жетілдіру институтын ұйымдастыру да күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі. Бұл төңірегінде де нақты іске кірісу – уақыт қажеттілігі. Осы саладағы барлық мәселерді ұжымыдық талқы мен ой елегінен өткізу үшін алдағы оқу жылының басында Қоғамдық ғылымдар кафедралары меңгерушілерінің республикалық кеңесін шақырып, осы саладағы бүкіл проблемалардың кең спектрін талқылау да игілікті іс болар еді.
Нәубат ҚАЛИЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы