Руханият • 07 Тамыз, 2017

Руханият туралы келелі әңгіме

728 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы М.О. Әуезов мұражай-үйінің мәжіліс залында әдебиетші ғалымдардың қатысуымен «Рухани жаңғыру және қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында жиналған қаламгерлер, ақын-жазушылар, әдебиет зерттеушілері қазақ әдебиетінің бүгіні мен өткені жайлы сүбелі ой қозғады.

 Қазіргі қазақ әдебиетінің даму барысын жан-жақты зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғы­ру­ға байланысты көтерген маңыз­ды мәселелерінің қазіргі әдебиеттегі көрінісі мен осы тақырыптың баспа­сөзде қалай қолдау тауып отыр­ған­дығын кеңінен талқылады. Шы­ғар­машылық иелерінің тәуелсіздік кезеңіндегі туған жер, отан, елдік мәсе­ле­лерін көтерген туындылары, ел мен жер тарихынан сыр шертетін кей­бір үздік шығармалары аталып, олар­дың көркемдік-тарихи маңызы жай­лы кейінгі зерттеулер барысы туралы баяндамалар тыңдалды.
 Қазіргі әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүрген қаламгерлер сөз алып, өз қатарластарының кейінгі жылдардағы оқырманға ұсынған көркем шығармаларының рухани құндылықтары туралы сөз етті. Осы қатардағы жазушылардың тәуелсіздік кезеңіндегі рухани өзге­рістерді көркем шығармада си­пат­­тау ерекшеліктері бүгінгі күн оқи­ға­­ларымен тығыз байланысып оты­ратындығы айтылды.
 – Әр уақытта халқымыздың өткен уақыттағы тарихы мен салт-дәстүрінің дамып жаңғыруы оның әдебиеті мен мәдениетінің, тұрмыстағы әл-ауқатының жаңғыруына ұласады. Бүгінгі экономиканың тетігі болатын ертеңгі жас ұрпаққа лайықты көркем шығармалар ұсынып, олар­ға бұрынғы құндылықтарды сіңі­ріп отырудың Елбасы айтқан ұлт жоспарын жүзеге асыруда маңызы зор екені сөзсіз. Еліміздегі рухани жаңғырудың әдебиеттегі көрінісі тұрғысынан бүгінгі басқосу барысында біраз ой-пікірлер ортаға тасталды. Ақын-жазушыларымыз, қолы­на қалам ұстаған азаматтарымыз қа­шан­да ұлт руханиятының дамуы­на қомақты үлес қосып, елдік пен ер­лікті, татулық пен бірлікті дәріптеп мем­лекет мәртебесін асқақтатып жүр деп айта аламыз, – дейді М. Әуезов мұра­­жай-үйінің қызметкері Ермек Ханкей.
Сондай-ақ, аталған шара жазушы, ғалым Келіс Рахымжановтың 60 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келді. «Оралу», «Қалғұты», «Қанатты жылдар», «Шилі өзен» сияқты жинақ­тары оқырман қауымның сүйіс­пен­шілігіне бөленген қарымды қалам­герді әріптес тұстастары мерейлі күні­мен құттықтады. Ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етіп жүрген жазушының ғылым жолындағы терең ізденістері жиналғандар тарапынан жоғары бағаланды. 

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ