Өзінің туған жеріне жанашырлықпен, сүйіспеншілікпен қараған азаматтар қай кезде де болған. Туған ауылының абыройын асқақтатып, қол ұшын созып жүрген жандар қазір де бар. Сондай азаматтардың бірі – Тоқтар ауылының азаматы Қанат Әбіш. Ол Тегісшілдік ауылы әкімшілік ғимаратының алдына кішігірім субұрқақ орнатуды өз мойнына алып, шаруаны үлкен абыроймен атқарып шықты. Осы істі атқаруда Мирас Шәріп, Жанат Есжанов, Ернияз Тұрсынбек сынды ауыл азаматтары үлкен көмек көрсетті. Қанат Әбіш алдағы уақытта әкімдікпен бірлесіп, субұрқақ жанынан ауыл тұрғындары мен қонақтары демалатын аллея салмақшы. Ауыл әкімі Нұрлан Қапан да іргелі іске әкімдік тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетіндігін айтты.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дей келіп, «басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» деп айтқан болатын. Елбасының осы айтқаны туған жерді ұлықтайтын жандардың арқасында жер-жерде жүзеге аса бастады.
«Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа» дегендей, Қанат Әбіш сынды азаматтың туған жерге деген қамқорлығын Қарқаралы өңірінен түлеп ұшқан басқа жандар қолдап, ауылдарының өркендеуіне өзіндік үлес қосып жатса, патриотизм дегеніміз сол емес пе!
Нұржан КӨШКІНБАЙТЕГІ
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Тоқтар ауылы