ЭКСПО-2017 • 07 Тамыз, 2017

ЭКСПО көркін құнды жәдігерлер ашады

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық мамандан­дырыл­ған көрме аясында 29 тамыз мен 3 қыркүйек аралығында Астана қаласында Оңтүс­тік Қазақстан облысының мәдени күндері өтеді.  Елорда төріндегі айтулы шараға өңірдің тарихи құндылығы мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін ең көрнекті жәдігерлер орналастырылмақ. 

ЭКСПО көркін құнды жәдігерлер ашады

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов дайындық жұмыстарымен былай таныстырды: «Халықаралық көрмеге ерекше болмысымен қазақ спортының дарабозы атанған Қажымұқан Мұңайтпасовтың өміріне, балуандығы мен  патриоттығына куә болар фотосуреттер мен тарихи қысқа метражды деректі фильмдер, өзі тұтынған тұрмыстық заттар мен киген киімдер жеткізіледі. Сондай-ақ, әлемдік сайыстардан ұтып алған 48 алтын-күміс медальдары және спорттық бұйымдары, 74 жасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына киіп барған көйлегі мен шалбары, жаттығу кезінде пайдаланған кіртастары халықаралық көрме жұртшылығы назарына ұсынылады. 
Сонымен қатар, жүз мыңнан аса құнды жәдігері бар Оңтүстік музейлері қазынасында өзіндік орны мен тарихы өзгеше дүние саналатын Кенесары Қасымұлының қылышы да Астана төрінен табылады. Бұл темір қылыштың сабы – сүйектен, қынабы былғарыдан жасалған. Оның ұзындығы – 70, сабы – 15, жүзінің ені – 3-4 сантиметр». 
Шымкент қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған  Кенесары Қасымұлының құнды жәдігері де көрме көркін ашпақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында жасалған жұмыстар да облыстың ЭКСПО-2017 көрмесінде көрініс табады. Мәсе­лен, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени аста­насы» жылы аясында өткен халықаралық фото­су­ретшілер кездесуінде Оңтүстіктің киелі жерлеріне қатысты түсірілген фото туындылардан арнайы көрме ұйымдастырылып, өңірдің тарихи, киелі жерлерінен мағлұматтар беріледі.