Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, үстіміздегі жылдың алғашқы жыртыжылдығында Қытайда темір жолмен жүк тасымалдауда тұрақты өсім байқалған. Ал оның өзі осы елдегі экономикалық қызметтің қаншалықты белсенді екендігін аңғартады. Мәселен, 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында темір жол көлігімен тасымалданған жүк көлемі жылдық есептеуде 15,3 пайызға артып, 1,82 миллиард тоннаны құрады, деп хабарлады сол елдің мемлекеттік даму және реформалар ісі жөніндегі комитеті. Тек маусым айында ғана өсім 16,3
пайызды көрсеткен. Осылайша, аспан асты елінің ішкі жалпы өнімі бірінші жартыжылдықта 6,9 пайызға ұлғайып отыр.
Осы ретте мынадай бір назар аударарлық деректі келтіре кетпекпіз. Соңғы уақыттары қытайлық ұялы телефондар ішкі рынокта ғана емес, сонымен бірге сыртқы рынокта да кең тарала бастаған. Жаһандық ғылыми-техникалық рынок саласындағы Canalys сараптамалық компаниясының 25 шілдеде жарияланған есебіне сәйкес Apple ұялы телефондарының Қытай рыногындағы құлдырауы одан әрі жалғасып, соның салдарынан «алма» телефондар бесінші орынға дейін төмендеген. Сонымен бірге, қытайлық ұялы телефондар пропорциясы 87 пайызға дейін жеткен.
Apple компаниясы телефондарының беделі мен ықпалының құлаған үстіне құлай беруіне баға мен сапа арақатынасының онша жоғары болмауы және табыстарды бөлу базасында туындайтын даулар себепкер болып отырғанға ұқсайды. Телефондардың қауіпсіздік проблемасына және компанияның өз клиенттерімен қарым-қатынасына байланысты Samsung өнімдерінің қытайлықтар арасында әлдеқашан-ақ өз беделін жойғаны мәлім болып отыр. Екінші жағынан келгенде Huawei, OPPO, Vivo және Xiaomi сияқты қытайлық брендтердің өздерінің дистрибьютерлік желілерін кеңейтудің және өнімді тез арада жаңартып тұрудың арқасында Apple мен Samsung-ті көш бастаушы позициялардан алыстата отырып, алғашқы төрт орынды берік иеленіп алуы да көп жайттан хабар беретін болса керек.
2017 жылы смартфондар сату бойынша рынокта көш бастаушы компаниялардың дүниежүзілік тізімінде Huawei, OPPO, Vivo Apple мен Samsung-тен кейінгі орындарда тұр. Осылайша, қытайлық ұялы телефон шығарушылар алғашқы бестікке берік еніп отыр. Сонымен бірге, қытайлық алты бренд топ-10-ға енген. Осыдан дәл бес жыл бұрын алғашқы бестікте бірде-бір қытайлық компанияның болмағанын ескерсек, мұның өзін өте үлкен жетістік деп бағалауға әбден болады.
2016 жылдың қарашасына дейін Үндістан рыногына қытайлық брендтерді жеткізу көлемі жалпы рыноктың 51 пайызын құраған болатын. 2016 жылдың қазан айында Ресей рыногындағы ZTE смартфондарының үлесі алғаш рет айфондарды басып озып, екінші орынға шықты. Тек Samsung қана бірінші орынды сақтап қала алды. Еуропада Huawei қазірдің өзінде рынок үлесінде неғұрлым шапшаң өсіп келе жатқан брендке айналып үлгерді. Соның арқасында өткен жылдың бірінші жартысында ұялы телефондар жеткізу көлемі екі есеге дейін ұлғайған. Қытай рыногында онша белгілі емес TECNO, Itel және Infinix сияқты ұялы телефондар Африка рыногында кең танымалдылыққа ие болып отыр. Соның нәтижесінде олардың осынау «қара құрлық» рыногындағы үлесі 40 пайыздан асып түскен.
Қытайлық брендтер неғұрлым жоғары сапалы өнім шығаруға күш-жігер жұмсап, анағұрлым маңызды технологияларды әзірлеу арқылы, сонымен бірге шетелдік рыноктардағы тұтыну мәдениетін барынша ескере отырып арзан бағалы және төмен сапалы деген атақтардан біртіндеп бас тартуда.
Үндістанның Livemint деп аталатын сайтында жарияланған түсініктемеге сенетін болсақ, қытайлық брендтердің табысқа жетуіне баға мен сапаның жоғары арақатынасы, үздік тұтынушылық тәжірибе, 4G технологиясын қолданысқа барынша тезірек енгізу, сондай-ақ, қытайлық компаниялардың фотокамераларды адамдардың күнделікті өмірде пайдалануына айрықша рөл беруі басты себеп болып отыр. Ұялы телефондардың қытайлық брендтері қазірдің өзінде америкалық рынокқа енудің жоспарын белгілеп қойған, сонымен қатар АҚШ-та көш бастаушылар болып табылатын Apple және Samsung телефондарына қарсы «майдан» ашуға да дайындық жасауда екен.
Бүгінгі таңда қытайлық ұялы телефондар «жасанды» немесе төмен сапалы тауар ретінде саналмайды. Олар техникалық тұрғыда өнеркәсіптік дизайнмен толық жарақтанған өнімдер болып табылады. Шындығында, тек ұялы телефондар ғана емес, сонымен бірге жоғары шапшаңдықтағы темір жолдар, ғарыштық құрал-саймандар мен ядролық жабдықтар да Қытай үшін халықаралық дамуда елеулі серпіліс әкелді. Сондықтан таяу болашақтың өзінде-ақ «Қытай өндірісінің» әлемді талай тамашалармен таңғалдыруы әбден мүмкін.
Біздің бұл айтқандарымызды төмендегі мына бір цифрлар да растай түсетін сыңайлы.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары тұрақты өсімге қол жеткізген. Елдің қаржы министрлігінің хабарлауынша, қаңтар-маусым айларында мемлекеттік кәсіпорындар табыстарының жалпы сомасы шамамен 1,41 триллион юаньды (208,9 миллиард АҚШ доллары) құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштен 24,3 пайызға асып түскен. Осындайда мына қытайларыңыз тек жекеменшік компания ғана бәсекелестіктің арқасында жетістікке жете алады деген қасаң түсініктің қабырғасын қақыратып жібергелі жатқан жоқ па өзі деген де ой келеді екен көкейге. Мысал үшін айтсақ, елде көмір, мұнай, мұнай-химия және көлік салаларында айтарлықтай өсім тіркелсе, тек электр энергиясы саласында ғана аздаған төмендеушілікке жол берілген.
Тағы да сол жоғарыда өзіміз атап өткен даму және реформалар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің мәліметтеріне жүгінер болсақ, ҚХР-да табиғи газды пайдалану көлемі 114,6 миллиард текше метрге жетіп, алдындағы жылдың сондай кезеңімен салыстырғанда 15,2 пайыз өсім көрсеткен.
Сарапшылар мұндай өсімді ұлттық экономиканың тұрақты дауымен, энергия тұтыну құрылымдарының жақсаруымен, сол сияқты жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты ақпараттануының арта түсуімен байланыстырып отыр.
Сөз соңында Шаньдун провинциясының (Шығыс Қытай) «Бір белдеу – бір жол» бойындағы елдермен сауда айналымы 2017 жылдың бірінші жартысының қорытындысында 245,45 миллиард юаньды (1 АҚШ доллары – 6,7 юань) құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіне қара-
ғанда 29,8 пайызға өскенін де айта кету қажет. Экспорт пен импорт көлемі тиісінше 131,03 және 114,42 миллиард юаньды құраған.
Міне, осы келтірілген деректерге қарап-ақ алып көршіміздің қазіргі аяқ алысын аңғаруға болады.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыстағы алып көршіміз Қытай елінің тыныс-тіршілігі кім-кімді де қызықтырары анық. Соңғы бірнеше онжылдықтар бойына экономикасы қарыштап дамып келе жатқан елдің Қазақстан үшін де маңызы ерекше. Олай болса, ол елдегі жағдай қандай деген сауалға аз-мұз жауап іздеп көрудің де еш артықтығы жоқ.
Жамбыл облысында туысын тонаған жігіт ұсталды
Аймақтар • Бүгін, 18:35
Ұлытау облысының жолдарын жөндеуге екі жылда 30 млрд теңге жұмсалған
Құрылыс • Бүгін, 17:28
15 адамның 200 миллион теңгесін сыпырып алған шымкенттік әйелге қатысты сот үкімі шықты
Шымкент • Бүгін, 16:55
Аида Балаева қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады
Жұмыс • Бүгін, 16:21
Алматы облысында бірнеше ай бұрын жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды
Алматы • Бүгін, 15:53