Жалпы SsangYong Nomad машинасын шығару жобасының жүзеге асырылуы отандық автоөндірісті дамытуда, Қазақстан өндірісіне инновациялық жаңалықтар әкелуде, сөйтіп автомашиналардың әмбебап жоғары төзімді желілерін шығаруда, осы автоиндустрия саласындағы мамандар біліктілігін арттыруда ерекше маңызы болды. Брендтерді жасаған бастапқы зауыттағы тәсілдерді үйренген біздің мамандар қазір біліктілігі жағынан шетелдік әріптестерінен қалмайтын дәрежеге жетіп келеді. Ал зауыттағы өндірістік алаңның кеңдігі, заманауи технологияларды жасауға мүмкіндігінің жетімділігі, жабдықталуы дүние жүзіндегі қандай зауытпен де таласа алады. Енді осы жоба айналасында «SsangYong Nomad бренд машинаның шығарылуы неге тоқтап қалды, зауыт одан бас тартты ма?» деген әңгіме бар. Мұндай қаңқу сөздің бары рас, өйткені дәл қазір ешкім зауыттан сапта тұрған машинаны көріп отырған жоқ. Ал оның көңіл қуантар себебі бар.
Сол үшін SsangYong Motor Co аталған машинаның моделін, оның ішінде қорабын, құрамдас басқа да бөліктерін жаңарту-жаңғырту жұмыстарын жүргізетін болады.
– Зауытта SsangYong Nomad бренд машинасын шығару жобасы тоқтаған жоқ, ол мүмкін емес. Рас, машинаның құрастырылуы уақытша тоқтап тұр. Ол брендтің моделін жаңғырту ісіне байланысты болып отыр, бастаманы брендті жасаушы кореялық әріптестеріміз көтер-
ді. Негізі машина құрастырудағы жұмыстың басы дәнекерлеу болып табылады. Осы автомобильді өндіретін кореялық әріптестер дәнекерлеудің техникалық сипатын өзгертуге шешім жасады, соған орай дәнекерлеу желісіндегі жабдықтарға, технологияға да ішінара өзгерістер енгізіледі. Ал сырлау ісі, құрастыру бұрынғы күйінше қалады. Ұзақ уақыт текке тұрмас үшін біз оған қабаттастыра JAC машинасының дәнекерлеу, құрастыру жабдықтарын орнатып жатырмыз. Мысалы, кореялықтар конструкциялық мәселелерді 2018 жылдың бірінші тоқсанына дейін шешіп болғанша, біз үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында JAC машинасының дәнекерлеу, сырлау, құрастыру жұмыстарын бастап, ал 2018 жылдың басынан Peugeot-31 моделін осы өндірістік алаңда толыққанды құрастыратын боламыз,–дейді «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық дамыту жөніндегі директоры Сергей Могилатов.
Қазір AllurGroup пен оның әріптестері арасында машинаның құрамдас бөлшектерінің сатып алу бағасы жөнінде келісімдер жүргізілуде. Қазақстан нарығында SsangYong машинасының рестайлингілік нұсқасының пайда болуы, оның бәсекеде бәсі басым болуы-
мен қатар, бөлшек сауда бағасының төмендеуіне де ықпал етеді. Келісімшарт жасау үдерісі шеңберінде осы модельдің өндірістік желісін жаңғыртуға қатысты техникалық мәселелер де шешімін табады. Машина конструкциясындағы өзгерістерден кейін барлық пайдаланған дәнекер кондукторларда да өзгертулер жасау талап етіледі. Сонымен қатар, желідегі дәнекерлеу жұмыстарын реттеуді жаңарту қолға алынады. Ең бір айта кететіні, ішінара технологиялық үдерістерді түзетуге байланысты жұмыстар кәдімгі өндірістік тәртіппен жүргізілгендіктен, ол компания үшін ешқандай материалдық, қаржылай, тағы басқадай шығын әкелмейді.
Nomad моделі дәнекер, сырлау жұмыстарын қосқанда толыққанды тәсілмен өндіріледі, ол өндіріске Қазақстан даму банкінің қаржылай инвестициясы арқылы енгізілген болатын. Инвестиция Nomad жобасы бойынша жабдықтар сатып алуға, мамандар мен қызметкерлерге заманауи технологиялық үрдістерді оқытуға жұмсалды. Зауыт машина құрастыру желісіне толыққанды тәсілді енгізу арқасында, өндіріске инвестиция салатын шетелдік инвесторларды, жаңа брендтерді тартты. Бұл машина жасау өндірісі кәсіпорындарын кеңейтуге, тағы да шетелдік ірі инвесторлар назарын аударуға мүмкіндік берді.
Қостанай машина жасау алаңында өндіріс үдерісінде кібіртіктеу болған емес, үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында автомобильдер шығару 284 пайызға, яғни 4 есеге өсті. Мұны сандар тілімен сөйлетсек, екінші жартыжылдықта 33,8 миллиард теңгенің 2373 дана техникасы сапқа қойылды. «СарыарқаАвтоПром» зауытында жасалған автомобильдерді ішкі нарықта сату осы маусым айында еліміздегі отандық өндіріс шығарған автомобильдер сегментінде 26,7 пайызды құрады. Бұл компанияның нарықтағы шебін нығайта түседі деген сөз. Жалпы, AllurGroup компаниясы құрамына кіретін машина жасау өндірістік алаңдары конвейерлерінен жылдың алғашқы үш айында 490 автомобиль сапқа қойылса, келесі үш айда шығарылған техникалар бірлігінің саны 1883 болды. Соның ішінде «СарыарқаАвтоПром» зауытының бәсі басым екенін көрсеткіштер айғақтайды. Нарықтың бұлжымайтын өз заңы бар. Нарықта түпкі нәтиже өнімнің өндірілгеніне емес, оның өтуіне тәуелді. Үстіміздегі жылы зауыт өнімін алған жеке және корпоративтік клиенттер саны 82 пайызды құрады, машинаның 18 пайызы тендер арқылы мемлекеттік мекемелерге берілді. Компания жұмысқа кіріскелі Қостанай зауытынан 28,5 мың дана жеңіл және коммерциялық техника шығарылды. Соның барлығы да иесін тапты.
Бүгінде Қостанай зауытының өндіріс желісінен жеңіл автомобильдің 58 моделі және арасында атақты Peugeot, SsangYong, Iveco, JAC, Hyundai секілді әлемдік брендтер бар 8 коммерциялық техника шығарылады. Мұның сыртында биыл өндіріс желісінен Chevrolet Niva и Ravon Nexia R3 модельдері өндіріле бастады. Зауыттың өндіріс алаңында брендті автомобильдер шығаруды жолға қоюдың арқасында олардың бағасын бөлшек сауда нарығында 200 000 теңгеден 500 000 теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік туды.
AllurGroup компаниясы бүгінде сыртқы сауда айналымының нығаюы жолындағы жұмысты күшейте түскен. Биылғы жылдың сәуір айында Қостанайда өндірілген JAC жеңіл көлігінің бір мың данасын экспортқа шығару жөнінде Тәжікстанмен келісім жасалды. Ол бойынша көліктің алғашқы партиясы сырттағы иелерінің қолына тиіп те үлгерді. Ал бұл жалпы Қазақстандағы автомобиль экспортына оң әсер етті. Қостанайда шығарылған автомобильдің экспорттық сатылымының бір партиясының өзі тұтас мамыр айында сыртқа сатылған көлік саны көлемінен асып түсті.
Моделі жаңартылып, жаңғыртылған SsangYong Nomad бренді елімізде өндірілген автомобильдердің ішкі, сырт-
қы саудасын өрге сүйрейтіні аян. Бұл «СарыарқаАвтоПром» зауытындағы өндіріс желісінің кеңеюіне, жұмыс орындарының көбеюіне де ықпалы етері кәміл.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ