Біз бір үзім нан үшін босқынға айналған халықтардың өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден артық байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі. Бүгінде әлем экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа да ұшырауда. Діни дүрдараздықтар мен ұлтаралық жанжалдар дөңгеленген дүниені жағадан алып тұр. Сондықтан елімізде төзімділік пен өзара сенімді одан әрі нығайтып, қоғамда ізгілікті кеңінен насихаттау аса маңызды.
Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл еліміздің ар-ождан және діни сенім бостандығын мойындайтындығын және оның қорғалуын қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.
Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай тәсілі елімізде мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмнің орнығуына жағдай жасап отырған көп этносты және көп конфессиялы Қазақстанның үйлесімді даму мақсатына толыққанды сәйкес келеді.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаевтың халыққа есеп беру жиынында келтірген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі күнде елімізде 18 конфессия тіркелген. Қазақстандықтардың 15 пайызы діндар адамдар болса, 75 пайызы Құдайға сенеді, дегенмен олар діни жоралғыларды тұрақты орындамайды және діни бірлестіктер қызметіне тартылмаған. Ал өздерін атеист немесе агностик санаушылар саны шамамен 10 пайызды құрайды.
Бүгінде қоғамды алаңдатып, мәселе туындатып отырған жат ағымдардың әрекеті кез келген азаматты ойландырмай қоймайды. Осы бағыттағы кейбір келеңсіз істер қоғамдық мәселелерді өршітіп отыр. Мәселен, қазіргі кезде халық ішінде үрей тудырып, сананы тұмшалауға күш салып жатқан салафизм идеологиясының кері ықпалы байқалуда. Бұл топ өздерін алғашқылардың жолын жалғаушы «салафилер» деп атағанымен, шын мәнінде олардың уахабилік көзқарасты ұстанушылар екенін анық аңғаруға болады. Осындай парықсыз көріністердің салдарынан еліміздегі мешіттерде салафизммен санасы уланғандардың тарапынан кейбір келіспеушіліктер де орын алуда. Қазіргі таңда бұл ағым ел ішін жаппай жаулап, өзіндік теріс әсерін тигізуде. Сондықтан, олардың соңынан ерген жастарымызбен кешенді түрде үздіксіз жұмыс жүргізу керек. Жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір жастарымыздың дені ақиқаттан шеттегендер.
Осы орайда дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы уәкілетті орган – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын жалпы профилактика және мақсатты реабилитация бағыттарында жүргізуде.
Жалпы, профилактикалық шаралар қоғамда діни-экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді көздейді. Ал мақсатты реабилитация жұмыстары экстремистік ағымдар идеологиясының ықпалына түскен адамдарды теологиялық тұрғыдан дәстүрлі сенімге қайтару мақсатында жеке жұмыстар жүргізуге арналып отыр. Мұндай шаралардың азаматтарға психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуде маңызы зор.
Халық ішінде кейбір діни мәселелердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ажырату барысында шиеленісіп бара жатқан жайттар бар. Мәселен, кейбір жастарымыздың «Әке-шешеңе Құран бағыштама, олар намаз оқымаса – кәпір болғаны», деген мазмұндағы пікірі дәстүрлі дінімізді ұстанушы жамағатты алаңдатуда.
Ащы да болса шындығы сол, кейбір жастардың ислам шариғатында жоқ нәрселерді саналарына тез сіңіріп алуда. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге бірге болу – міндет», деп дүниеден өтерінде үмметін бөлінуден барынша сақтандырған екен. Сондықтан бүгінгі таңда радикалдардың шырғалаңына түскен қаракөздеріміз рухани әрі психологиялық көмекке мұқтаж болғандықтан, алдымен олардың діни сауаттылығын, зайырлы кәсіби білімін жетілдіріп, патриоттық әрі ұлттық санасын жандандыруға көңіл бөлген жөн.
Ел ішінде жат ағым болып табылатын салафизм идеясы бойын меңдеген адамның психологиясының өте күрделі екенін білуіміз қажет. Олардың санасы уланғандығы соншалықты, ақты – ақ, қараны қара деп өз еркімен ажырата алмайтын жағдайға жеткен, тіпті айналасындағы адамдарды мұсылман деп қабылдай тұра, ата-анасын, туыстарын адасқан, тозақы деп таниды. Тұла бойындағы тұмшаланған көзқарас оны адами болмысынан айырып, мейірім мен жанашырлықтан жұрдай еткендей.
Қазіргі таңда қоғамымызды жаман, жат іс-әрекеттерден арашалау үшін мемлекет тарапынан барынша күш жұмсалып жатқандығын көріп отырмыз. Мұның барлығы жастарымыздың жат ағымдардың тұзағына түспесін, жігерлері мұқалмасын, туралықта болсын деген ниетпен жасалып жатыр.
Негізінде, жат ағымдағылардың аңдығаны – тату елдің бірлігіне, тірлігіне іріткі салып, бүлік тудыру. Себебі, олар елдің бірлігі мен тірлігін тоздырып барып, көксеген мақсаттарына жету үшін әрекет етуде. Елді арандатуға, ауызбірлік пен тыныштықты бұзуға ниеттенгендердің қадамына тұсау салатын құзырлы органдар бар. Десек те, біздікі мақсатымыз жүкті жұмыла көтерген әлдеқайда жеңіл болатынын еске салу. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөздің мәніне терең бойлай отырып, азаматтарымызды жат ағымдардың шырмауынан қорғап, оларды дәстүрлі ортаға қайтару – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Тұрар ӘБУОВ,
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Дін мәселелерін ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ-ның бөлім басшысы