Кеше Мемлекет хатшысы Қанат Саудабаев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында елордамызда өтіп жатқан Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесін және Маңғыстау облысы күндері аясында ұйымдастырылған өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері көрмесін аралап көрді.
Мемлекеттік хатшы алдымен Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңда қоныс тепкен Қарағанды облысының жәрмеңкесіне атбасын тіреді. Қарағанды облысы Астана қаласында осы күндері өтіп жатқан облыс мәдениеті күндерінің шеңберінде шығармашылық ұжымдарының ең көп санын алып келген аймақ ретінде ерекшеленді. Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов атап көрсеткендей, орталық алаңда өңірдің ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері жүзге тарта сауда орнын құрды. Әрине, ешбір жәрмеңке мәдени бағдарламасыз өтпейтіні белгілі. Қарағанды облысынан осы мәдени шара аясында 500-ден астам кәсіби өнер шеберлері келіп, астаналықтар мен қала қонақтарын ән әуезімен сусындатты.
Одан кейін Қанат Саудабаев пен Иманғали Тасмағамбетов «Думан» ойын-сауық орталығының қасындағы алаңда орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесін аралады. Облыс әкімі Серік Біләлов Мемлекеттік хатшы мен Астана қаласының әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктері туралы баяндап, Қызылжар жерінен жеткен жәрмеңкедегі ауылшаруашылық еңбеккерлерінің өнімдерімен таныстырды.
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев елордада өңірлердің мәдени күндері аясындағы өтіп жатқан жәрмеңке мен мәдени-рухани шаралардың әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.