Аймақтар • 07 Тамыз, 2017

Петропавлда қоғам, мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовке ескерткіш орнатылды

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы мәдениет және демалыс саябағында мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Бәйкен Әшімовтің 100 жасқа толуына орай ескерткіш-мүсінінің ашылу рәсімі өтті.

Петропавлда қоғам, мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовке ескерткіш орнатылды

Аталмыш шараға шығармашыл зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мерейтой иесінің туысқандары, сол сияқты жергілікті университет пен колледждердің студенттері қатысты. Жиналғандарды  аймақ басшысы Құмар Ақсақалов құттықтады. Өңір басшысы ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау, тарихи-мәдени нысандар ашу, ескерткіштер орнату – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі екендігін атап  көрсетті.

«Бағдарламаны жүзеге асыру біздің мемлекетіміздің, халқымыздың тарихын тануға,  ел тарихында ешкімге ұқсамайтын Бәйкен Әшімов сияқты кемел тұлғалардың ғаламат рөлін сезінуге жол ашады. Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен, Польшаны азат еткені үшін орденмен марапатталды. Партиялық кеңес жұмысында ол өзін дана ұйымдастырушы және саясаткер ретінде көрсете білді.  Министрлер кабинетінің төрағасы  лауазымында  Қазақстанның  дамуына  баға жетпес үлес қосты. Мемлекет басшысы Бәйкен Әшімовті «Отан» орденімен  марапаттай отырып, Бәйкен Әшімұлының өмірі Ұлы Отанымызға қалтқысыз қызмет етудің және қажырлылықтың жарқын үлгісі екендігін атап айтқан болатын», деді Құмар Ақсақалов.

Салтанатты шарада марқұмның ұлы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов, Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Анатолий Башмаков, бірге қызмет атқарған әріптестері Жақсылық Ысқақов, Алик Дядин жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»