Қазақстан • 07 Тамыз, 2017

Бахрейнде жоғалып кеткен қазақстандық елге оралды

111 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Бахрейнде жоғалып кеткен қазақстандық Тагина Хайтметованың тағдыры туралы баяндап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Бахрейнде жоғалып кеткен қазақстандық елге оралды

Оның айтуынша, бойжеткен табылған және туыстарына оралды.

«Ол Қазақстанға өз бетімен келді және қазіргі уақытта өз туыстарының жанында жүр. Оның ата-анасы бізге хабарласты және қыздың жағдайы жақсы екенін, тек жақындарының қолдауына мұқтаж екенін хабарлады. Тагина айтарлықтай психологиялық соққы алған және өзге адамдармен тілдесуге дайын емес. Сондықтан, әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», деді Ә.Жайнақов.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің әрі қарайғы іс-әрекеті жөнінде Жайнақов барлығы зардап шеккен қыздың шешіміне байланысты екенін баса айтты. 

«Егер ол өзін Бахрейнде күштеп ұстады деп арыз жазар болса, біз қаскөйлерлерді жауапқа тартуда қол ұшын созатын боламыз. ҚР Елшілігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі қыз жоғалған сәттен бергі жағдайды бақылауда ұстап келеді. Өз кезегінде Бахрейн полициясы жылдам жұмыс істеп, бірқатар іздестіру шараларын жүргізді», деп атап өтті Жайнақов.

Еске сала кетсек, тамыз айының басында қыздарының жоғалып кеткенін айтқан Тагина Хайтметованың ата-анасы Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. 27 шілде күні Тагина Астанадан Дубайға ұшқан және сол жақтан Бахрейнге аттанған. Екі күн өткен соң, туыстары қызбен байланысты жоғалтқан.