Олай демейік десек хат танып, кітап тіміскілеп қалған жайымыз бар – Лениннен басқа фамилияның барлығы неге «ов» пен «ев»-ке, «ова» мен «ева»-ға бітеді деп миымыз және «ашиды»?! Үлкендер «орысша солай» деп қысқа қайырса, «онда неге Ленин орысша емес, Момышұлы ше...» деген сауалды қоя алмай тағы кібіртіктейміз. Иә, біздер – «Қайрат» пен қазақ киносына жүрегіміз қалай ауырса, «ов» пен «ев»-ке жүрегіміз солай ауырып өскен ұрпақтың өкіліміз!
Тәуелсіздік таңы атқан тұста «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның бір күнде «ев»-тен айырылуы мұң екен, Қазақстанның төрт бұрышындағы барлық – аудандық, облыстық, республикалық газеттердің беттерінде авторлар мен журналистер жаппай «ов» пен «ев»-сіз шыға бастады. Сондағы «Егеменің» құдіреті-ай, шіркін! Сондағы қазақтың рухани мүддедегі ұйымшылдығы-ай, шіркін! Мұндай құбылысқа куә болу да – бақыт! Сол кезеңнің бір оқиғасы есімде... Корбюрода кезекшілік өткізіп, газет беттерін сүзіп, көзге түскен қатесін түзеп, күзеп жатқанмын. «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі мақаласына «Сәуле Досжанова» деп қол қойыпты. Бұлайша өз газетіміздің бастамасына өзіміз қарсы шығу жарамас деген асығыс, аптыққан көңілде Досжанованың «ова»-сын қидым да тастадым. Кезекші – газеттің сол күнгі нөміріне жауапты адам, редакцияның сол күнгі «жарты патшасы»!
Ертеңгісін кезекшіліктен кейін салтымызға сай жарты күн тынығып жұмысқа келсем, әріптесім «...Сәуле іздеп жүр!» деп зәремді ұшырды. «Егеменнің» бастамасына қанша жерден жанашыр болсам да, жеке тұлғаның ішкі шаруасына – «ова»-сына түндегі қол сұққаным есіме түсіп, «тың басым» дыңылдап, отыра кеттім. Қандай жауап қатам, қатты састым? Екіарада Сәуле жеңешеміз де кеп қалды. «Ә, ә... «ова»-ны алып тастаған сен бе? Газетті көрген Дүкең: «Сәуле, саған сауап болды. Ел газетінде жүріп, фамилияңды түземеген өзіңнен көр. Кезекші дұрыс жасаған... деп сөкті!..»
Қазақтың даңғайыр жазушысының жұбайы жарқылдай сөйлеп, жадырай күліп, «рахметін» айтып жатыр. Дүниеде Дүкенбайдай аяулы ағамыздың барлығына, мені бұлай құтқарғанына мұндай қатты қуанбаспын!
Содан кейін мұндай мәселеде аса сақ жүрсем де, арада көп жыл өткенде, кезекті қызметте «Ксандра Силанти» деген бір қызық аты-жөнмен ұшырастым. Неміс жерінен келген, бірақ, орыс тілінде ағып тұрған қыз балаға көкейді жеген сауалымды ақыры қойдым. «Несіне таңданасыз?», деді, әріптесім жымиып, «Менің аты-жөнім қазақша, «ева»-ны алып тастағам». Германияда туған, бұрынғы кеңес офицерінің қызы Александра Силантьеваның «Егеменнен», Шерағамнан басталған үрдісті неше жылдан соң есіме салғанына қуандым!
Шіркін, «Егемен», шіркін Шерағаң сол жылы ешбір министрліксіз, ономастикалық комитетсіз-ақ, ешқандай да басқарманың шешімінсіз болашақ қазақ аты-жөнінің эталонын жасап берген екен де! Осы арада «Егеменнен» басталған үрдістің баспасөздегі сондағы «жарылыс-дүмпуі» туралы да айтқан ләзім. Бір топ – аты-жөнінің «и» харпімен, бір топ – «ұлы» я «қызы»-мен аяқталғанын қалады. «Тегі» мен «ата», «апа», «немересі» дегендер де жарысып кетті. Түптеп келгенде онысы грузиннің «швили» мен «идзе»-сі, армянның «ян»-ына кеңесше еліктеу еді. Оқымыстыларымыз да «солқылдап» тұрды. Еркетей есімді досымның академиялық білімі жоқ болса да, «оу, біздің «хан», «құл», «бек», «бай», «қызы», «әлі»-леріміз сол «швили-мвили» емес пе, неге бас ауыртамыз, а?», деп мұңаятын сонда! Біз «мүдделер ұйымшылдығын» бұл жолы көрсете алмадық, бәрін бір жүйеге түсірейік те деген сөзі өтімді тұлға, құзырлы ведомство табылмады! Аты-жөндегі бірізділік жеңісі көпке дейін орнамай қойды...
Біз ол кезде 4-сыныпта оқимыз... Зәумен сыртқа шығып кететін мұғаліміміз «Тәртіп бұзған балалардың аты-жөнін маған жазып бер», деп Ниязбекке тапсырса, «Ағай жоқта шулаған оқушылар: Артеліп, Әлімбекіп, Қансейтіп, Мырзабайып...» дей келіп, ақ жүрек белсендіміз «Оспанып» деп өзін де тіркеп қояр еді. Аты-жөнді қазақшалағаныңда қайта сол Ниязбекте бірізділік болған екен-ау! Десе де ертеңдер «Егемен Қазақстанда» жарияланатын биылғы оқуға түскен талапкерлер тізіміне зер салыңызшы, көңіліңіз марқаяды. Қазақша «ов»-ы мен «ев»-і, «ова»-сы мен «ева»-сы жоқ аты-жөн деген солар! Бұлар – жаңа дәуірдің қазақтары. Бәрі де «Егеменнен», Шерағаңнан басталған...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»