Аймақтар • 08 Тамыз, 2017

«Петропавл-Есілкөл» бағытындағы электр пойызы қалпына келтірілді

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұған дейін Петропавл мен Ресейдің Омбы облысындағы Есілкөл стансасына екі электр пойыз қатынайтын.

«Петропавл-Есілкөл» бағытындағы электр пойызы қалпына келтірілді

Алайда, «Оңтүстік Орал теміржолы» ААҚ-дағы қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты олардың бірі жүруін тоқтатып, жолаушылар үшін қиындықтар туындаған болатын. Енді, міне, тұрғындардың өтініш-тілектері толығымен қанағаттандырылды. «Қазақстан теміржол» АҚ-ы электр пойызды жалға алып, бағытты қайтадан қалпына келтірді. Жұртшылық бұрынғыдай  автобуспен болмаса таксимен сабылмайтын болды.  

«Биыл Есілкөл, Петухово бағыттарына жүретін электрлі пойыздардың күтіміне жергілікті бюджеттен 280 миллион теңге бағытталған. Екі аралықта айына шамамен алғанда 17 мыңдай адам қатынайды. Жаңа оқу жылы басталғанда бұл көрсеткіштің арта түсері сөзсіз», дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім жетекшісі Мирхат Әбілмәжінов.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»