Үкімет • 09 Тамыз, 2017

Үкімет өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту ісін талқылады

192 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ресми деректерге сүйенсек, ел азаматтарының 25 пайызында тек орта мектептік білім бар, ал өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендердің 49 пайызында орта арнаулы немесе кәсіптік білім жоқ екен. Сондықтан мемлекет осындай азаматтарды еңбек нарығына қажетті мамандарға оқыту арқылы жұмыссыздықты азайтуды көздеп отыр. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту» тақырыбында өткен Үкімет отырысында талқыланды. Сондай-ақ, күн тәртібінде «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамыту бірыңғай бағдарламасының жүзеге асырылу жайы қаралды.

Үкімет өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту ісін талқылады

Жұмыспен қамту – басты бағыт


Алдымен сөз кезегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұ­рым­бетовке беріліп, ол өнімді жұмыспен қамту және кәсіп­кер­лікті жаппай дамыту бағ­дар­ламасының биылғы жеті айдағы көрсеткіштеріне тоқталды.
Оның мәліметінше, өт­кен жылдың осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда жалпы жұмыссыздық деңгейі елімізде 5,1 пайыздан 4,9 пайызға азайған. Соның нәти­жесінде жұ­мыс­пен қамтыл­ған­дардың саны – 0,8 пайызға, жалдамалы жұмыс­кер­лердің саны 1,5 пайызға өскені байқалған.
Жергілікті атқарушы ор­ган­­­дар­дың ресми мәліметі­не қа­рағанда, бірінші жарты­жыл­дықта 170 206 мың жаңа жұмыс орны пай­да болған. Бұл жоспардағы бол­жамның 62 пайызы. Бірақ соған қарамастан еліміздің кейбір өңірінде жұмыс орындарын құру қарқыны әлі де төмен, дейді вице-министр. Айталық, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының 69,5 пайызы немесе 118 мыңы тұрақты жұмыс болса, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды облыс­тар­ында тұрақты жұмыс орын­дары­ның үлесі 50 пайызға да жетпейді.

Бұдан кейін бағдарламаның орындалу барысына ойысқан вице-министр аталған құжатты дайындау барысында Үкімет негізгі үш бағытты айқындағанын атап өтті. Оның біріншісі – жұ­мыс­сыз және қолына іліккен жұмысты істеп жүрген азаматтарды жаппай оқыту және оларды қысқа мерзім ішінде оқытып, кәсіптік мамандыққа баулу. Жалпы, бағдарламаның бұл бағыты еліміздегі еңбек ресурстарының сапасы төмендеп кетуінен туындаған екен. Қазақ­стан­дықтардың 25 пайызы мектептік біліммен қалып қойса, өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың тең жартысына жуығында арнаулы орта білім де жоқ. Оларды оқытып, белгілі бір мамандыққа үйрету арқылы Үкі­мет еңбек нарығындағы жағ­дайды сауықтыра түспек. Оқыту шараларымен бірінші кезекте Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей, оқуға түсе алмай қалған 21 мыңдай жас қамтылмақ. Мұндай азаматтарды 1 қыркүйектен бас­тап оқуға қабылдауға еліміздің 321 техникалық және кәсіптік білім орындары дайын тұр. 

Оқытудың екінші түрі – қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен биылғы сәуір айынан бастап, 28 мың жұмыссыз азамат қамтылған. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, министрлік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпорындардың жанынан оқу орталықтарын құруды бастаған. Бұл бастама оқу сапасын арттырып қана қоймай, бітірген түлектердің сол кәсіпорында жұмысқа орна­ласуына мүмкіндік бермек. Әзірше осындай 39 орталықтың тізімі анықталыпты. Жыл соңына дейін қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 70 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. 
Бағдарламаның екінші бағы­ты – ел азаматтарын кәсіп­кер­лік негіздеріне оқыту және жеңілдетілген шағын несие беру арқылы олардың бизнес бастамаларын қолдау. Бұл «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы жүзеге асырылып жатыр, дейді вице-министр. Бүгінге дейін бизнес негіздері жөнінде 7 834 адам білім алып, оның 5 707-сі кәсіп­кер­лер палатасының сертификатын алыпты.

Ал бағдарлама аясындағы шағын несиелерді беру жұ­мыс­тары енді ғана жандана бастаған. Несиелеу үшін 37 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде ауыл және шағын қалалар үшін – 27 млрд теңге, қалаларға – 10 млрд теңге жоспарланған. «Өкінішке қарай, тиісті министрліктердің индикативті жоспарлары бо­йынша кәсіпкерлікті қолдауды жаппай іске асыру мәселесі діттеген мақсатына жетпей тұр. Сондықтан шағын несиелеумен барынша көп азаматты қамту үшін кәсіпкерлер палатасымен және «Қазагро» холдингімен бірлесіп, бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгіздік. Осылайша, бұрынғы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қайтарылған қаражат есебінен қосымша несие бере бастадық. 1 тамыздағы жағдай бойынша, ауылдық жерде 12 млрд теңгені құрайтын 3 102 несие берілді, соның ішінде 1 216-сы сол жұмыспен қамту жол картасы бойынша қайтарылған қаражат есебінен берілген несие», дейді Б.Нұрымбетов.

Вице-министрдің айтуынша, қалаларда несие беру әлі бас­талмапты. Бірақ әлеуетті несие алушылардың тізбесі толық дайын. Дегенмен жаңа бағдарлама бойынша қазіргі қарқынға ілесе алмай келе жатқан өңірлер де бар екен. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 32 адам ғана, яғни жоспардағы болжамның 6 пайы­зы ғана, Оңтүстік Қазақстанда – 21 пайыз, Қызылорда облысында 23 пайызы ғана несиеге ілігіп отыр. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, несиелеуге қосымша шараларды қарастыру жөнінде ұсыныстар әзірленуде.
Бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмысқа орналастыру тетіктерін жетілдіру және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Бүгінде бюджеттен субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және қоғамдық жұмыстарға барлығы 94 мың адам жіберілген екен. Әрине, мұның бәрі уақытша жұмыстар. Ал еліміздегі жұмыспен қамту орталықтары бағдарлама аясында 120 мың адамды тұрақты жұмысқа орналастырған. Бұған жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған 193 мыңнан астам вакансия септігін тигізген көрінеді.
Ал еңбек ұтқырлығын арттыру шаралары аясында Үкімет ішкі қоныс аударушыларды қабылдайтын 4 облысты айқындаған. Ондай облыстардың қатарында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Бұл өңірлерге бес облыстың, атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының тұрғындарын қоныстандыру арқылы еңбек нарығындағы жағдайды жақсарту мақсаты тұр. Биыл Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыс­тарында солтүстік өңірлердегі жұмыс берушілердің қатысуымен өңіраралық жұмыс жәрмеңкелері өткізіліпті. Соның нәтижесінде 2 388 отбасы солтүстік өңірлерде ұсынылған жұмысқа орналаса отырып, ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген. Бүгінде бағдарлама шеңберінде оңтүстіктен солтүстікке әзірше 172 отбасы көшіп барған, енді тағы 1 279 отбасы қоныс аударуға дайын отыр. Вице-министрдің айтуынша, осы облыстарға көшемін деушілердің жол шығындарын өтеу, тұрғын үй жалдауға субсидияны сақтау шаралары қарастырылмақ. Сондай-ақ, көшіп келушілердің барлық орналасу мәселелерін шешіп, тұрақты жұмысқа қабылдаймын деген жұмыс берушілерге субсидия да берілу жоспарлануда. Тіпті қоныс аударушыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғын үй несиесімен субсиядиялар берудің жеңілдетілген жүйесі, ауыл шаурашылығымен айналысу үшін өтеусіз пайдалану құқымен жер телімдерін конкурссыз беру, жаңа бизнес идеялары бар, «Бастау-Биз­нес» жобасы бойынша білім алып, кәсіпкерлер палатасының оң қо­ры­тындысына ие болған­дарға гранттар беру және «Серпін» жобасына қатысушы түлектерді олардың шыққан өңірлеріне қарамай, бағдарлама қатысушылары қатарына енгізу секілді ынталандыру шаралары қарастырылмақ. Бұл шараларға қажетті қосымша қаражат, оның ішінде 2018 жылы 7,3 млрд теңге толықтай есептеліп, бүгінде Қаржы министрлігінің қарауында жатыр. 

Кәсіпкерге қолдау көп
Үкіметте қаралған мәселелер бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баян­дама жасады. Бұл министрлікке кәсіпкерлік қызметті микрокредиттеуді бас­қару, қалалардағы кәсіпкерлерді несиелеуге кепілдік беру және жұмыссыздар мен өзін өзі жұ­мыс­пен қамтыған халықты оқытуды көздейтін «Бастау-Бизнес» жобасын жүзеге асыру жүктелген. Т.Сүлейменов 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 49,1 млрд теңге бөлінгенін, олар­дың 30 млрд теңгесі жалпы сипат­тағы трансферттер арқылы кел­генін баяндады. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша бірыңғай бағдарламаға қатысу­шылар 182,8 млрд теңге сомаға салық төлесе, бірлескен өнім шығару 2,6 трлн теңгені құраған.

Биылғы 1 шілдедегі жағ­дай бойынша сыйақы мөлшер­лемесін субсидиялау есебінен 1 024 кәсіпкер жобаларын қаржы­лан­дыру жағдайын жақсартып алыпты. Берілген субсидиялардың жалпы көлемі 17,5 млрд теңгені құраса, 505 кәсіпкер 17,1 млрд теңге сомаға несиелер бойынша кепілдік алған. Кепілдіктердің жалпы мөлшері 6,8 млрд теңгені құраған.

Қалалардағы кәсіпкерлер үшін мемлекет атынан кепіл болатын «Даму» қорының мәліметіне сәйкес, бұл бағ­дар­ламаға қатысуға банктер де қызығушылық білдіріп отыр екен. Министрдің айтуынша, 10 млрд теңге көлеміндегі қаржы лимиті бағдарлама талабына сай келетін екінші деңгейлі 6 банкке үлестірілген. Атап айтқанда, қаржы «Халық банкі», «Нұрбанк», «Банк ЦентрКредит», «Еуразия банкі», «АТФ Банк» және «Сбербанк» АҚ-тар арасында бөлінген. Сондықтан бағдарламаға қатысқысы келетін кәсіпкерлер жоба түзіп, тиісті қаржыны алу үшін осы аты аталған банктерге баруы қажет.

Т.Сүлейменов іскерлігін енді бастаған ауыл кәсіпкерлері «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бизнесті жүргізу негіздерін оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныға алатынын жеткізді. Нәсібін кәсіптен тапқысы келгендер бір ай бойы бизнесті жүргізу дағдыларына бейімделіп, болашақ кәсібіне қатысты көптеген мәлімет ала алады. Оларға оқу кезінде 16 мың теңге көлемінде бір реттік шәкіртақы тағайындалады. Бүгінде бизнес тағылымдамадан 5 700 адам өткен. Олардың 4 200-і бизнес жоспарын ұсынған. Облыстық комиссия 3 900 жобаны мақұлдап, оқудан өткендерге 67,8 млн теңге сомасында шәкіртақы беріліпті.

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың өнікті жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы есебі тыңдалды. Оның айтуынша, биыл бағдар­ламаны іске асыруға арнайы қаражаттар қарастырылып отыр. Атап айтқанда, 27,1 млрд теңге – шағын несиелендіруге бюджеттік несиеге, 2,8 млрд теңге – шағын несиелерді кепілдендіруге, 418 млн теңге ХҚҰ операциялық шығындарын субсидиялауға бөлінбек.
2017 жылғы 1 тамыздағы жағ­дай бойынша бағдарлама ая­сында қарастырылған 27,1 млрд теңгенің 11,7 млрд теңгесі (43%) иге­ріліп, 2 602 шағын несие беріл­ген. 
Қолға алынған шаралардың арқасында 6 384 жұмыс орны ашылып, 4 083 жаңа жеке кәсіп­кер­лік тіркеліпті. Бұған қоса, 4 254 стартап жоба қаржыланды­рылған.

Еңбек нарығы ескеріледі
"Өнікті жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдар­ламасының бірінші бағыты – техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша білім алғысы келетін 12 мың 500 үміткерден өтініш келіп түсіпті. Бұл жобаға қосымша 3,4 млрд теңге бөлініп, жергілікті бюджеттерге жіберілген. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, министрлік бағдарлама аясында еңбек на­рығының талаптарын ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауға үнемі мониторинг жүргізіп отырады. 2017 жыл мен 2021 жыл аралығында аталған бағыт бойынша 320,5 мың адам тартылмақ. 


Бағдарлама бойынша биылғы 9-10 сыныптарды және былтыр мектеп бітірген түлектерге ар­нал­ған 1 жылдан 3 жылға дейін­гі оқыту бағдарламалары бар. Олар­ды колледждерде оқыту қарас­тырылған. Қазіргі таңда өңір­лерде 1 850 мобильдік топ құры­лыпты. Олар кадрларды даяр­лап, адамдардың тізімін жасайды. Жастарға білім беретін колледж­дер анықталып, ендігі кезекте ма­мандықтарды бекіту үшін өңірлік комиссиялар жұмыс істеп жатыр. 
Үкімет отырысын түйіндеген Премьер-Министр Бақытжан Са­ғын­таев өнікті жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламаларын орын­дау бойынша ағымдағы жағ­дайға баға бере келе, бұл бағ­дар­ламаларды әлі де жетілдіре түсу үшін бірқатар тапсырма жүк­теді. Сондай-ақ, оларды жақ­сарту және одан әрі іске асыру бойынша бірқатар тап­сырма берді. Үкімет басшы­сы жергі­лікті әкімдерге жұмыс­ты жал­ғастыруды және бағ­дарламадағы мақсат-мін­дет­терді жүзеге асыру барысындағы ұсы­ныстарды ескеруді тапсырды. 

Жиыннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов және Ұлттық экономика министр­лігі Кәсіпкерлікті дамыту депар­таментінің директоры Ғалия Жол­дыбаева Үкіметтің баспасөз орталығында өнікті жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы туралы брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»